Үздік жобалар байқауы басталды

-Мұндай жәрмеңке азаматтық сектор мен мемлекеттік қызметтің арасындағы диалог алаңына айналды. Жобаға қатысушылардың қатары да жылдан жылға көбеюде. Үздік жобаларға қаржылай демеушілік жасауға ниет білдірген әлеуметтік әріптестерімізге, бизнес өкілдеріне алғыс айтамыз. «Нұр Отан» партиясы ҚОФ «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобасы» байқауын жариялаған болатын. Партия жәрмеңкенің аясында жеңімпаздарды марапаттайды,-деді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Жұрқабаев.
Байқауға 107 жоба қатысып жатыр. Сексенге жуық ҮЕҰ өздерінің озық жобаларын ұсынып, қорғауда. Қоғамдық пікірдің көшбасшыларынан құралған қазылар алқасы үздік жобаларды анықтайтын болады. Байқаудың қорытындысында үздік шыққан 7 жобаға 200 мың теңге көлемінде шағын грант және 4 жобаға 500 теңгелік гранттар беріледі. «Нұр Отан» партиясы ҚОФ мұрындық болған «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобасы» республикалық байқауының өңірлік кезеңінде 23 жоба бақ сынады. Соның ішінен үздік бесеуі анықталмақ. Биылғы жәрмеңкенің басты ерекшелігі – қатысушылар санының көбеюінде және жобалардың көпшілігі мемлекеттік тілде ұсынылған.
-Алғаш рет облысымыздың барлық аудандары мен қалалары жәрмеңкеге қатысуда. Бұдан бөлек шалғайдағы ауылдық округтерден 7 жоба келіп түсті. Мұндай көрсеткіштерге қарап-ақ Қостанай облысындағы ҮЕҰ мен қоғамдық бірлестіктердің белсенді жұмысын аңғаруға болады. Жобаларды зерделеу барысында, қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге жастардың қызығушылығы жоғары екенін аңғардық,-деді байқау комиссиясының мүшесі Римма Бектұрғанова.
Қымбат ДОСЖАНОВА