«Белорус» тракторы Қостанайда құрастырылады

Ресейлік «Композит Групп» холдингі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін жылына 3 мың «Белорус» тракторын құрастырып шығаруды көздеп отыр. БелорусОблыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысумен өткен жиында аталған холдинг директорының орынбасары Андрей Гамаюнов: «Жалпы құны 2 млрд теңге болатын инвестициялық жоба 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Мамандар жергілікті тұрғындардан іріктеліп алынады. Оларға алдын ала арнайы оқу курстары өткізіледі", – деді.  
Ресейлік инвестордың айтуынша, Қостанай облысы Ресей нарығына жақын жатқан агроөнеркәсібі дамыған өңір. Сондықтан өнім экспорттауға аса қолайлы. Мұның сыртында, астықты аймақта техника паркін жаңартуды қажет ететін шаруашылықтар да жетерлік.
«Белорус»  бөлшектері Қостанайға осы аптадан бастап жеткізіліп, бірден құрастырыла бастайды. Облыс әкімі аталған инвестициялық жобаны қолдайтынын білдірді. «Республика бойынша шамамен 8 мыңнан астам МТЗ тракторы бар. Оның жартысынан көбі жаңартуды керек етеді. Өңірде жаңа қолға алынып жатқан мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын ілгерілетуге дәл осы үлгідегі тракторлар қажет. Оның үстінде, өзгелермен салыстырғанда, бұл тракторлар анағұрлым арзан. Сондықтан өзімізде және облыстан тыс аймақтарда неше трактор бар, олардың жай-күйі қалай? Неше техника жаңалауды қажет етеді? Осы мәселелерді нақты талдап-біліп, анықтау қажет. Іргелес облыстардың өкілдерін шақырып 920 моделді тракторларды өткізу туралы меморандумға қол жеткізу керек, – деді Архимед Мұхамбетов.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓