Басты ерекшелік – сапа! (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Таза өнім – саулық кепілі. Соңғы жылдары елімізде сапалы әрі экологиялық жағынан таза өнімдерге сұраныс мейлінше артты. Бұл шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға едәуір ықпал етіп отырғаны сөзсіз. Бір жағынан экспорттық әлеует күшейеді.
Қостанайда өткен «Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік көрме-байқауына биыл облыстың әр түкпірінен келген отыз бір тауар өндіруші қатысты. Олар «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Жұртшылыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» сияқты үш аталым бойынша сайысқа түсті.
Байқауға қатысушылар келушілерге өз қолдарынан шыққан тауарларды – тоқыма бұйымдары, азық-түліктің түр-түрін, киім-кешек, тұрмыстық заттарды ұсынды. Сауда орталығына келген тұрғындар мен қала қонақтары дәл осы жерде өздеріне қажетті заттарды, азық-түлікті арзан бағаға сатып алып жатты. Өйткені көрмеге әкелінген тауарлардың бәрі өзіміздікі және сапасы жағынан шетелдік бұйымдардан бір кемдігі жоқ. Азық-түліктің де сапасы дес бермейді.
Осымен төртінші мәрте өтіп отырған өңірлік көрме-байқауға қатысушылардың бірі – Меңдіқара ауданынан келген «Каменск-Орал» ЖШС. Серіктестіктің бас зоотехнигі Асан Төлегеннің айтуынша, кәсіпорын жыл сайын 50-ге тарта бие байлайды. Қымызға сұраныс өте жоғары көрінеді.
-Біз биелерді жылда мамыр айынан бастап байлаймыз. Содан желтоқсан туғанға ағытпаймыз. Күніне орта есеппен 250 литрдей қымыз өндіреміз. Бағасы 500 теңге. Серіктестіктің сусындары Қостанайдағы дүкендерде, «Солнечный», «Астықжан» сияқты әрі супермаркеттерде сатылады. Оның үстіне Ресейдің Қорған, Челябі тәрізді шекаралас облыстарынан да жиі сұраныс бар. Келешекте қымыз өндірісінің көлемін ұлғайтсақ па деген жоспарымыз бар,- дейді бас зоотехник.
Серіктестік жылқының «Күршім» тұқымын өсіріп отырған облыстағы жалғыз кәсіпорын. Қазір мұндағы қамбар ата түлігінің саны алты жүзден асыпты. Жылына соның алпыстан астамын өтке өткізеді.
Ал рудныйлық кәсіпкер Алмат Нұрмаханов көрмеге түйе сүті, шұбат, құрт, түйе жүнінен тоқылған шұлық, белдік, тізеқаптарын, тіпті, түйенің шудасына дейін әкеліпті. Кәсіпкердің қолынан шыққан тауарларға қызығушылық танытып жатқандардың қарасы басым көрінді.
-Мен 2016 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы жылдық үстемақысы 4%-пен, 4 млн теңге несие алдым да, оған Торғай жақтан бес түйе сатып әкелгенмін. Қазір оның саны 13-ке жетті. Құдайға шүкір, екі жылдың ішінде кәсібім дөңгеленіп қалды. Жұрт шұбатты Қостанай, Рудный, Лисаковск, Жітіқара қалалары жиі алдырады. Ресейдің Челябі қаласына өткіземіз. Бір литрі 900 теңге. Тоқыма бұйымдарына да сұраныс көп. Шуданың емдік қасиеттерін білсе, оны да талап алып кетеріне сенімім зор, – дейді Алмат Нұрмаханов.
Соңғы жылдары өңірде шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Мәселен, облыста бүгінгі таңда елу мыңнан астам ШОК нысандары жұмыс істейді. Олар өндірген өнім көлемі өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,4%-ке жоғары. Биылғы үш айдың көлемінде біздің кәсіпорындар 153 млрд теңгенің өнімін шығарған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 25%- ке артық.
-Көрмені өткізуге облыс әкімдігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы мұрындық болғаны айта кетейін. Шараға жыл сайын қызығушылық білдіріп отырғандардың саны артып келеді. Осы байқаудан жеңімпаз атанғандар алдағы қазан айында өтетін республикалық байқауға қатысатын болады. Жалпы, мұндай көрмелерді ұйымдастырудағы мақсат – отандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін арттыру. Біздің кәсіпкерлер осындай көпшілік шараларға қатысу арқылы өз тауарларының сапасын тексереді. Сапалы, экологиялық жағынан таза өнімсіз экспортқа шығу мүмкін емес. Сондықтан, бүгінгідей көрменің берері мол,- деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Байқау қорытындысында «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша «Гермес-4» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Сондай-ақ, «МедиДез» ЖШС, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-і де жүлдегерлер санатына ілікті.
«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша «Дуамбаева» жеке кәсіпкерлігі үздік деп танылды. «Содалит» ЖШС-і де осы қатардан көрінді. Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында Меңдіқара ауданындағы «ПИК» серіктестігі ерекшеленді. Рудныйдағы «Каракулова» жеке кәсіпкерлігі, «Аква-Арасан» компаниясы да жүлдегерлер қатарын толықтырды.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ