Қала қысқа қамдануда
Рудныйдың жылуэлектр орталығында жаңа жылу маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Қазіргі таңда бу және су жылытқыш қазандықтар, турбоагрегаттар, әкті су мен суды бұру құбырлары күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар орталықтың сорғы құбырлары мен үшінші кезектегі коллекторды ауыстыру жоспарда бар.
Қашардың халқы да қысқа қамданып, жұмыстары кестеге сай уақытылы жүргізіліп отыр. Кенттің жылуэлектр орталығында су жылытқыш қазандық күрделі жөндеу көрсе, ішкі алаң желілері жаңартылып, ілмекті арматура мен ұзындығы 180 метрді құрайтын 1020 диаметрлі құбыр ауыстырылады. Жөндеу жұмыстары жүргізілгенде жабдықтардың, жылу тарату желілерінің техникалық жағдайы ескерілмек.
Кәсіорын директоры Олег Әбілқайыровтың айтуынша, қолға алынған жұмыстардың барлығы орталықтың сенімділігін арттырып, маусымды күзгі-қысқы кезеңдегі максималды қысымға шыдас беретіндей апатсыз өткізуге мүмкіндік бермек.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ