Жерлесіміз мәртебелі атаққа ие болды
Ауыл шаруашылығы саласының білгірі, ҚР ағарту ісінің үздігі, экономика ғылымдарының кандидаты, меценат Ибраш Естаев «Қазақстанның құрметті азаматы» орденімен марапатталды. Бұл туралы "ТаймПресс" сайты жазады.
Сайттың хабарлауынша, Ибраш Естайұлына орденді Астана күні қарсаңында ҚР қоғамдық наградалар мен атақтар комитеті табыстаған. Оған бұл атақ елдің дамуына қосқан үлесі әрі саладағы кәсіби жетістіктері үшін беріліп отыр.
Ибраш Естайұлы 1947 жылы 1 сәуірде Қамысты ауданының Бестау ауылында дүниеге келген. Сол жерде түлеп, сол өңірде азамат атанды. Шалғайдағы ауылда жүріп, аймаққа аты танылды.
Ибраш Естаев 1981 жылдан 1998 жылға дейін Қостанай облысы, Қамысты ауданындағы Бестау кеңшарының директоры қызметін атқарды. Ол директор болған жылдары ауылдағы 25-27 мың гектардай ғана егістік жерінің көлемін 70 мыңға дейін көбейтті.
Айта кетейік, "Қостанай таңы" газетінде кәнігі диқанның астықты аймаққа сіңірген еңбегі, тұлғалық болмысы туралы көлемді материалдар бірнеше рет жарық көрді.