120 отбасы баспаналы болды
Қостанайда тағы да қоныс тойы тойланды. №9-шы және «Әуежай» шағын ауданындағы қос тұрғын үй пайдалануға беріліп, 120 отбасы пәтер кілтіне ие болды.
Баспана құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Мұнда пәтер кезегінде тұрған мемлекеттік қызметкерлер мен «Тұрғын Үй Құрылыс Жинақ» банкі салымшылары қоныстанбақ.
Салтанатты шара шымылдығын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ашып, қуаныш иелеріне көптен күткен пәтер кілтін табыстады.-Бүгін, міне, үлкен шаттыққа кенеліп отырмыз. Мемлекет басшысы ұсынған бағдарламаның арқасында халық басыбайлы баспанаға ие болды. Осы қарқынмен әлі де бірнеше тұрғын үйдің құрлысы басталмақ. Жоспар бойынша «Әуежай» мөлтек ауданында 41 үй салынуы керек, соның 16-сы қазір қолданысқа берілді, тағы 12 үйдің құрылысы аяқталуға жақын, ал жуырда 7 үйдің құрылысы басталады. Одан бөлек, осы маңда әлеуметтік нысандар да бой көтереді. Мәселен, 900 орындық мектеп және мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша бір спорттық кешен салынады,-деді облыс әкімі.
Бүгіндері облыс бойынша 43 мың адам «Тұрғын Үй Құрылыс Жинақ» банкінің салымшысы. Олар да жақын күндері өз мақсаттарына жетеді дейді банктің Қостанай облысындағы филиалының директоры Дәурен Саудабаев:
-Біздің салымшылар көп жылғы еңбегінің жемісін көріп отыр. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында қолжетімді бағамен үй алуға болады. Мәселен, пәтердің шаршы метрі – 136 мың теңге. Бір бөлмелі баспана шамамен 5,5 млн теңге болады. Қажетті соманы жинаған соң қалғанын мемлекет 5 пайыздық несиемен береді,-дейді Д.Саудабаев.
-Мен банкке былтырдан бері салып келемін. Бұған дейін жинаған ақшам бар болатын, соны аудардым. Сонымен қатар, үй алу үшін әкімдікте кезекке тұрдым. Осылайша, 1 бөлмелі пәтер бұйырды. Алдағы 10 жылда 37 мыңнан төлейтін боламын,-дейді ол.Келешекте салымшылар бұдан да арзан бағамен үй ала алады. Шаршы метрінің құны – 128 мың теңге болмақ. Қазіргі уақытта 400 пәтерге құжаттар қабылданып жатыр.
Кенже ҚОНЫСБАЙ,
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.