Есірткімен тұтылды
Қостанайлық тәртіп сақшылары жедел-із кесу шаралары барысында аса көлемді есірткі затын тәркіледі, – деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қостанай облысы ІІД есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Көкнәр-2018» іс-шарасы барысында қаладағы техникалық қарау стансаларының бірінен 2 келіге жуық есірткі затын тәркілеген.
«Есірткіге қарсы күрес басқармасының мамандары қызметтік иттің көмегімен 28 жастағы облыс тұрғынын ұстады. Күдікті 1 келі 816 грамм марихуана түйіншегін техникалық қарау орталығында бұзылып тұрған «ВАЗ-21013» көлігіне жасырған. Оның аталған стансада доңғалақ монтаждаушы болып жұмыс істейтіні анықталды. Ол өз кінәсін мойындап, есірткіні сату үшін сақтағанын айтты», – деді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.
Тағы бір дерек Қостанай қаласындағы КСК шағын ауданында тіркелді. Көлік тексеру кезінде 46 жастағы ер адам қамауға алынды. Ол көлігінде 2 келі 345 грамм марихуана сақтаған. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.