Үлгілі іс жасады
Ел арасында Президенттің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының "Туған жер" кіші бағдарламасы ерекше қолдау тапты. Туған ауылдан жырақта жүрген азаматтарды айрықша желпіндіріп, жарқын істерде басын қосуға сеп болды. Соның арқасында еңсесі түскен ауыл-аймақтың ажары кіріп, бойына қан жүгіре бастады.
Алысқа бармай-ақ қоялық, мәселен, күні кеше ғана облыстың оңтүстігінде жатқан Аманкелді ауданының азаматтары үлгілі іс жасады. Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүрген батпақаралықтар қаржы жинап, аудандық мешіттің құрылысына 7 млн 320 мың теңге аударды.Олар әуелі әлеуметтік желіде жұртқа жариялап, ауызбіршілік таныта білді. Бұл бастама Аманкелді ауданының 90 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп, алыстағы ағайындар тез біріге қойған.
Бастамашы топтың төрағасы Жомарт Түбекбаев Батпаққара өңірінен шыққан ақын-жазушы, дәрігер, композитор бір сөзбен айтқанда, өз саласының үздігі деген жерлестерін жинап, жоғардағы тақырыпқа байланысты ынталы топ құрды. Мақсат – батыр атындағы ауданының 90 жылдығына орай орталық мешіттің жөндеу жұмысына жерлестерден қаржы жинап, мешітке тапсыру еді. Ынталы топтың қасынан жұмысшы топ құрылып,оның жұмысын: Бақытбек Байтеміров, Мұханбетнұр Қойшығұлов, Ғинаят Қоқанбеков,Уәлихан Татаев, Бейбіт Оспанов, Бақытнұр Әлібай, Батырхан Қасымов,Толқын Сұлтан, Мұрат Тасжанов сияқты азаматтар осы жұмысшы топтың шаруасын тікелей жүргізіп отырды. Біреуі топқа қаржы жинау, халыққа жеткізумен, екіншісі арнайы видеороликтер түсірумен, үшіншісі тікелей қаржыға жауапты болды. 2 ай уақытта жұмысшы топ апта сайын Астанада жиын өткізіп, атқарылған істерді тиянақтап, қаржының есебін жариялы түрде халықтың алдында тізім ретінде әлеуметтік желіге салып тұрған. Осы уақыт аралығында жерлестер ұйымшылдық көрсетіп қаржаттарын аяп қалмады.Тіпті, Америкада жүрген аманкелділіктер де ақша аударған.
Міне, қасиетті Рамазан айындағы Қадыр түні қарсаңында жұмысшы топ мүшелері Біржан Мешелов пен Мұхамбетнұр Қойшығұлов жиналған 7 320 000 теңге жиналған қаражатты Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есім Дауылбаевқа ,"Сатыбалды Ишан" қорының басшысы Әскербекке Мурзинге, мешіттің бас имамы Жандарбекке Әмірхамзинге арнайы акт жасап, аудандық орталық мешіттің ішінде жамағаттың көзінше табыс етті.Бұған дейін Аманкелді ауданынан шыққан қостанайлықтар да атамлыш мешіттің жөндеу жұмыстарына қаржы жинап, тапсырған болатын.
Қаржының жұмсалуы жұмысшы топтың қадағалуында болады. Ауыл халқы атқарылған іске ризашылығын білдіріп, аудан тарапынан ынталы топқа алғыс хат табыс етілді.
Кенже ҚОНЫСБАЙ