ҚАРТ ҰСТАЗ ҚАЛАМ ҰСТАДЫ

Көкенаки Әбділдин – «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі» атағын алғашқы болып алған педагогтардың бірі. Бүгінде зейнетке шыққан қария ұстаздық міндетін тоқтатқан емес. Ол өз замандастарына латын әліпбиін үйретуді қолға алды. Дәріс сабақтарын өткен жылдың 8 желтоқсаны күні бастаған.4– Мен бұл жұмысым үшін көк тиын да алмаймын. Өмір бойы ұстаздық етіп келе жатқан соң, қоғамға бір пайдам тисін деген оймен бастадым. Алдымен, аудандық газетке «Қош келдің, латын әліпбиі!» деген мақаламды латын қарпімен жарияладым. Содан соң латын әліпбиін үйренгісі келгендер хабарласып, сабақ беруімді сұрады. Осылайша, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген басым бағытты нақты іспен көрсетуді қолға алдым, – дейді ардагер ұстаз.
 Көкенаки ақсақалдың шәкірттерінің көбі – өз замандастары. Әуелі, сабақ ауылдық мешітте өткен. Кейін, «оқушы» саны артқан соң, жергілікті мектеп директоры арнайы кабинет бөлген.
– Жармағамбет Құсайынов, Бейсен Жұрқабаев, Дүйсен Жарықбаев, Ораз Қалмағамбетов сияқты ауыл ақсақалдары бірде-бір сабақтан қалған емес. Соның арқасында, олар қазір латын әліпбиімен жаза біледі. Қазір дәрістерге 12 адам тұрақты келіп тұрады. Аптасына бір рет жиналамыз, – деді Көкенаки Әбділдин.1Сабаққа алғашқыда зейнеткерлер, ауыл жұмысшылары ғана қатысса, қазір мұғалімдер мен оқушылар да келіп жүр. Себебі, қырық жылға таяу қазақ тілінен сабақ берген қарт ұстаздың тәжірибесі жас буынға үлгі.
Көкенаки Әбділдин қажетті көрнекіліктерді өз қолымен жасайды. Мұның сыртында, ол латын әліпбиіндегі дауыссыз, дауысты дыбыстардың жіктелуін құрастырған.
Айтпақшы, қарт педагог сабақтың бірінші тоқсанын 6 ақпан күні қорытындылады. Оның айтуынша, үздік «шәкірттері» келешекте қаріп өзгергенде қатардан қалып қоямыз деп қорықпайды.
 
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓