Тас жол: Батпаққарадан Торғайға
Биылғы жылы облыс әкімі А.Мұхамбетов аудан әкімінің есеп беру жиналысына қатысып, қорытынды сөз сөйлегенінде аманкелділіктерге Арқалық қаласынан Аманкелдіге қарай тартылып жатқан тас жолдың жедел түрде аяқталып, одан әрі Торғайға қарай салынатынын қадап айтқан болатын.
Міне, облыс басшысының сол уәдесі осыдан 4-5 күн бұрын орындалды. Тас жол Аманкелді ауданының орталығына жетіп, енді Жанкелдин ауданына қарай бет алды.
Арқалық-Аманкелді – Торғай бағытындағы тас жолдың салына бастағанына оншақты жыл болып қалды. Алайда, осы он жылда жалпы көлемі 300 шақырымдық тас жолдың 150 шақырымы ғана асфальтталды. Егер жол салу бұрынғы қалыппен жайбарақат жүре бергенде Торғай мен Батпаққара арасындағы қалған 150 шақырымды салуға тағы бір он жыл өтер еді.
Арқалықтан Аманкелдіге дейінгі тас жолдың игілігін батыр ата елі тұрғындары молынан көріп отыр. Тақтайдай теп-тегіс жолдан жолаушылар шаршамайды, техникалар бұзылмайды. Барлық жағынан қолайлы. Жүргізушілер де рульмен алысып, шаршап-шалдықпайды.
Енді аудан орталығы Аманкелді селосы мен Үрпек ауылының ортасындағы 15 шақырым жолдың 8-і де жөнделетін болады. Қалғаны келесі жылы жөнделіп, пайдалануға беріледі.
Хамитбек МҰСАБАЕВ