Қайрат Сүйіндіков: «Әдеп жөніндегі уәкіл – мемлекеттің сенімді өкілі»
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2015 жылдың желтоқсан айында қабылданған Этика кодексінің талаптарын орындау үшін мемлекеттік мекемелердің жұмысын үйлестіруге жауапты құрылым қалыптастырылды. Осы қаулы бойынша орталық мемлекеттік мекемелерде және облыс әкімдерінің аппараттарында этика жөніндегі уәкілдердің тәуелсіз лауазымы енгізілді. Қалалық және аудандық деңгейлерде этика жөніндегі уәкілдің функциялары әкім аппаратының жауапты қызметкерлеріне жүктеледі.
Жақында «Қостанай облысы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің әдеп жөніндегі уәкілі Қайрат Сүйіндіков өз саласында жиі туындайтын сұрақтарды талқылап, сұхбат берді.
– Білуімізше, облыс орталығынан бастап шалғай ауыл-аймаққа шейін шығып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметкерлерінің Этикалық кодексі нормаларын түсіндіріп келесіздер. Жалпы, уәкілетті өкіл лауазымының негізгі мақсат-міндеттері қандай?
– Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі олардың жұртшылық алдындағы мемлекеттік басқару органдарының имиджін анықтайтын мінсіз әдеп мінез-құлықтарымен қатар жүруі керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспарындағы 12-қадамда жаңа этикалық ережелерді, мемлекеттік қызметтің жаңа этикалық кодексін енгізу, этика мәселелері жөніндегі уәкілетті өкіл лауазымын енгізу туралы жазылған. Халық мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді. Ендігі кезекте мемлекеттік қызметшілер тек қызметкер ғана емес, халық арасында беделді және үлгі тұтатын тұлғаларға айналуы тиіс. Осы ретте біздің негізгі қызметіміз мемлекеттік органдардың қоғамдағы рөлін күшейту және мемлекеттік қызметкерлердің имиджін көтеру екенін ерекше атап өткен дұрыс. Расын айту керек, күнделікті тұрмыста тұрғындардың мемлекеттік қызметшілерге деген сенімдерінің аздығы жайында естіп жатамыз.
Тіпті, әлдекім мемқызметке жұмысқа орналаса қалса, «көкесі көмектесті» деген сияқты әңгімелер тарап жатады. Бұл дұрыс емес! Міне, біздің лауазым бір жағынан осындай алыпқашпа сөздердің болмауы үшін де жұмыс атқарады. Басты міндет – мемлекеттік қызметшілерге, мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдер мен жүргізіп отырған саясатына деген сенімді арттыру.
Айта кету керек, Әдеп жөніндегі уәкілдін негізгі міндеті – жазалау емес. Уәкілдін қызметі ең алдымен мемлекеттік қызмет туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарының және қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алуына бағытталған.
Қандай жағдай болсын, мемлекеттік қызметкерлер халықпен сыпайы, салмақты түрде сөйлесуі тиіс. Әдеп жөніндегі уәкіл, жалпы мемлекеттік қызметкерлер – мемлекеттің сенімді өкілдері. Сондықтан да мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетіп тұрамыз. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қалпына келтіру біздің жауапкершілікке жатады. Уәкіл жұмысының маңызды бағытының бірі – жылына екі рет ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды анонимді сауалнама арқылы зерделеу.
– Жалпы Қостанай облысының атқарушы органдарында 23 уәкіл жұмыс істейді. Олардың бір жылға шақталған өзіндік қызмет жоспары бекітілген. Мәселен, жоғарыда айтылған Әдеп кодексі талаптарын орындау бойынша 3-4 тоқсанда облыстағы 26 мемлекеттік мекемеде болып қайттық. Әдеп жөніндегі уәкілдермен бірге барлығы 19 қала мен ауданға іс-сапарға шығып азаматтармен кездестік. Екінші жартыжылдық бойынша 470 мемқызметшіден анкеталық сауалнама алынды, ал облыс бойынша 2500 астамы бұл шараға қатысты. Бұл жұмыс Жанкелдин, Аманкелді сияқты алыс аудандарда да жүргізілді. Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде этикалық және коррупциялық заң бұзу оқиғаларының алдын алу жұмысын іске асыруға бағыт алдық. Қызметтік этика нормаларын орындау барысына мониторинг жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әр аудандағы мемлекеттік қызметшілерге қолайлы моральдық-психологиялық климат қалыптастыруға ықпал етуге тырыстық.
Негізі, қызметшілер құқығы бұзылған жағдайда әдеп жөніндегі уәкіл оларды қалпына келтіру шараларын жасайды, мемлекеттік орган басшылығына заң бұзуға итермелейтін себептер мен жайттарды жоюға қатысты ұсыныстарын айтады, азаматтық қоғам институттары мен өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп әрекет етеді, қызметшілер мен азаматтарды қабылдайды.
Ерекше атап өтер бір жәйт, уәкіл ретінде болашақ жас мамандарды мемлекеттік қызметтегі перспективалар туралы, кадрлар саясатындағы меритократия және «әлеуметтік лифт» қағидаттары туралы хабардар еттік. Осылайша, облыс аумағында Ұлт Жоспарында көзделген мақсаттарды жүзеге асыру барысында, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл жұмыстар жалғаса береді. Негізінен, мемлекеттік қызметке жас мамандарды көбірек қатыстырғымыз келеді.
– Қайрат Жанділдәұлы, расын айту керек, мемлекеттік қызметшілердің моральдық келбетін жетілдіру туралы қабылданған заңдарға қарамастан, елдегі жемқорлық қылмыстар азаяр емес. Осынау «ғасыр ауруының» алдын алу үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?
– Барлық әкімдіктер мен облыстық басқармаларға «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпы ұлттық қозғалысы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің ұсыныстары жіберілді. Жалпыұлттық қозғалыс Елбасының жемқорлыққа қарсы күресте жүктеген тапсырмаларын іс жүзіне асыратын нақты міндеттерді белгілеп отыр. Бұл ұсыныста сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жандандырудың кезең-кезеңі қамтылған. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметші жемқорлық фактісіне қатысты, тіпті, есімінің аталуына жол бермеуі, қол астындағыларды кемсітпеуі және қызметкерлердің барлығына құрметпен қарауы тиіс. Негізі дамыған елдерде мемлекеттік аппарат жемқорлықтан ада орган ретінде қабылданады. Әсіресе, Скандинавия елдері, Швейцария, Сингапур, Канада және Жаңа Зеландияда мемлекеттік басқарудың сапалы индексі көрсетілген. Біз де осы елдердің көрсеткіштеріне жақындай түсуіміз қажет. Президент айтпақшы, жауапты тұлғалар реформаның орындалу барысына барынша бас қатырса, мемлекеттік аппаратта тамыр-таныстық жойылып, мемлекеттік қызметшілерде айқын мансаптық келешек қалыптастыруы қажет. Әрине, айтыла-айтыла жауыр болған мемлекеттік қызметтегі тамыр-таныстық, ағайынға бұрушылық пен заңсыз қамқоршылық жағдайларын барынша жойылса, мемлекет барлық сала бойынша дамитын еді.
Тағы бір тоқтала кететін жаңалық, үстіміздегі жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің жаңа әдеп ережелері туралы ақпаратты жан-жақты тарату мақсатында, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен «Мемлекеттік қызметтегі әдеп» атты мобильді қосымша әзірленіп, іске қосылды. Аталған қосымшада Әдеп кодексі, әдеп жөніндегі уәкілеттілер туралы ақпарат, мемлекеттік қызметшілердің киім үлгісі жөніндегі ұсыныстар, әдептілікті анықтау бойынша тестілеу және сыйлықтар жөніндегі жаднама бар. Тіпті, қызмет саласындағы әдепсіз іс-қимылдар байқалса, тікелей Агенттікке хабарласуға болады. Осындай байланыс арнасы тұрғындар үшін қолайлы және қолжетімді болғандықтан қоғаммен кері тиімді байланысты орнатуға мүмкіндік береді.
– Бір сұхбатыңызда «Тұрғындардың жергілікті билікке деген сенімі артып, мемлекеттік қызметшілер халық алдындағы жауапкершілік үдесінен шыға білсе, көптеген жетістіктерге жетеміз» депсіз.
– Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет, сондықтан да кәсібилікпен бірге жоғарғы адамгершілік қасиеттерге ие болған абзал. Мемлекеттік қызметте тұруға үміткер адамдар халық алдында жауапкершілікті сезіне білуі үшін алдымен мемлекеттік қызметтің беделін көтеру керек. Оның имиджін қалыптастыру идеологиялық, саяси және мәдени аспектілерді көздейтіні хақ. Елдің сенімді өкілдері қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға тиіс. Мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан бөлек, бос уақытында да Әдеп кодексін қатаң ұстауы міндетті. Оның ішінде қызметкер сыпайы, өзінің лауазымдық артықшылығын алға тартпайтын және жеке басының пайдасы үшін қолданбайтын, адал, баршаға ортақ қабылданған іскери стильге сай өзін ресми түрде ұстап, сабырлы, салмақты, ұқыпты болу тапсырылған. Сондай-ақ, еліміздегі тілдерге, салт-дәстүрлерге сыйластықпен қарап, әділ де заңды шешімдер қабылдап, мемлекет меншігін тек қызмет бабында пайдалану нақтыланған. Біздің институт этикалық нормалардың сақталуын қадағалап, мониторинг жасайды, мемлекеттік қызметтегі азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарының сақталуына және қайта орнына келтіруіне шаралар қабылдайды.
Халық мемлекеттік қызметшілердің жұмысына қарап билікке, оның қарапайым халыққа деген көзқарасына баға береді. Бұдан мемлекеттік қызметкерлерге артылған жауапкершіліктің маңыздылығын байқаймыз. Тағы бір мысал, қазіргі кезде мемлекеттік автокөліктердің тек қызметтік мақсатта пайдаланылуы бойынша бірнеше шаралар ұйымдастырылып келеді. Көлікке мемлекеттік органның атауы, сенім телефоны және арнайы белгілері жабыстырылатын болады. Себебі, арнайы тіркеу белгісі болмаса, көпшілік мемлекеттік көліктің қандай мекемеге тиесілі екенін біле бермейді. Мұны халық сенімін арттырудың бір тетігі деп қарастыруға болады.
– Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары бекітілгені белгілі. Солардың кейбіріне тоқталып өтсеңіз.
– Кез келген мемлекеттік қызметші жұмысқа тұрғаннан кейін үш күн мерзімде Әдеп Кодексінің мәтінімен таныстуы тиіс. Әуелі, ол қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің негізгі міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға тырысуы керек. Қазіргі кезде осы айтылған мәселеге байланысты көптеген сұрақтар туындап жатыр. Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуі, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуы қатаң сақталғаны жөн. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайларын және онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделеріне, оның ішінде өзінің оларға көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, пікірсайысты сыпайы нысанда жүргізуге міндетті. Педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызмет бойынша материалдар жариялауды мемлекеттік қызметші жеке тұлға ретінде тек өз атынан жүзеге асыра алады. Айтпақшы, осы ретте атап өту керек, мемлекеттік қызметшілердің этикасы туралы бізге 4 сауалнама жолданды. Оның арасында БАҚ өкілдері де бар. Мәселен, әлеуметтік желілердегі фотосуреттерді жариялау, қызметкердің көңіл көтеру орындарына баруы, медициналық тексеруден өту сияқты сұрақтар жиі туындап жатады.
– Соңғы кездері баспасөз беттерінде меритократия саласын талқыға салушылар көбейді. Мұны қазіргі заманғы мемлекеттік қызметтің негізгі принципі десе, тағы бір тарап Қазақстанда меритократияның нақты тетіктері анықталған жоқ дейді. Бұған не дейсіз?
– Алдымен, оның анықтамасын біліп алу керек. Меритократия – әлеуметтік шығу тегіне және қаржылық ауқаттылығына тәуелсіз, басқарушы лауазымдарды ең қабілетті адамдардың иеленуін ортаға қоятын басқару қағидасы. Жаһандану жағдайында жаңа заманның талаптары үкімет қабылдайтын шешімдердің сапасын арттыру мәселелерінің өзектілігін күшейтті. Мемлекеттік қызметті реформалау – басымдылықтары саяси еркіндіктің, мемлекет рөлінің, таңдалған әлеуметтік-экономикалық модельдің, нақты талаптардың болуымен, сондай-ақ қоғамды демократияландыру дәрежесінің негізінде жүзеге асырылатын үздіксіз үдеріс. Қалай дегенмен де, меритократия – уақыт талабы. Бұл қағида қашанда мемлекеттік органдарға қызметке қабылдану негізі болып қалады және лайықты кадрларды іріктеуге мүмкіндік береді.
Бір анығы – меритократия принциптерін нығайту сыбайлас жемқорлықты тамырымен жоюға, мемлекеттік қызметке тек сауатты, білікті кадрлардың өтуіне ықпал жасайды. Жалпы біздің салада жүргізіліп отырған кадрлық саясат меритократия, кадрлық іріктеу, кадрлық резервті толықтыру, ортаға жаңа қызметкерлердің бейімделуі және тәлімгерлік, еңбекті ынталандыру жүйесі, қайта даярлау және біліктілігін арттыру қағидаттарын басым бағыттары ретінде ұстанады.
Елбасының еліміз әлемнің дамыған елдерінің қатарына енуі үшін қазақстандық қоғам алдына қойып отырған міндеттері мемлекеттік қызметшіге жүктелетін жауапкершілікті еселей түспек. Сондықтан осы саладағы жаңғыртулардың маңыздысы мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және мемлекеттік қызметшілердің қоғамға қызмет етуіне бағытталуда екені белгілі. Көрсетілген реформалардың нәтижелі іске асырылуына кәсіби білікті, өз ісін жетік меңгерген адал мемлекеттік қызметшілердің қатары көбеюі өз септігін тигізері анық. Жалпы, заманауи мемлекеттік қызметте кадрларға деген кәсіби талаптар басты қағида болуы тиіс. Оның кәсіби сапасы арқылы мемлекеттік органдардың жұмысы бағаланады. Сондықтан әрбір адам мемлекеттік қызметпен тағдырын байланыстыра отырып, халықтың алдындағы үлкен жауапкершілік екендігін түсінуі қажет. Себебі, мемлекеттің мәртебесін көтеруге, алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарынан көрінуіне мемлекеттік қызметшінің қосатын үлесі зор. Бұған қоса әдеп нормаларының сақталуына және әр мемқызметшіге үлгі көрсетерлік болатын мекеме басшыларын атап өту керек. Қостанай облысының мемлекеттік қызметшілері өз Отанына қалтқысыз, адал қызмет етеді деп сенемін.
Сұхбаттасқан Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ