Жұмыс жемісті, жоспар ауқымды
Бүгін Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы басшысы Ерлан Қалмақов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте өңірдің мәдени тыныс-тіршілігінен мәлімет берді.
Былтыр мәдениет саласында Тобыл-Торғайдың тарихына таңбаланатын айтулы шаралардың өткені баршаға мәлім. Кейкі батырдың бассүйегінің елге әкелініп, туған жер қойнауына табысталуы, Ы.Алтынсарин кесенесінің күрделі жөндеуден өтуі, тұңғыш рет Сағын Жалмышев атындағы республикалық күйшілер сайысының ұйымдастырылуы және осы іспетті оқиғалар тізбегі көп болды. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында да көптеген шаруа атқарылған. Үстіміздегі жылдың жоспарына алынған мәдени-көпшілік, рухани шаралар жетерлік.
– 11-21 мамыр аралығына жоспарланған іс-шаралар легі басталып кетті. Мәдени мекемелерде ашық есік күндері өтеді. Тұрғындарға дәстүрлі "Музей түні" тарту етіледі. Қазіргі таңда дирижерлер форумы өтіп жатыр. Елге белгілі оркестр тізгіншілері жергілікті ұжымдармен жұмыс істеп, тәжірибе алмасу барысында. Форум соңы 18 мамырдағы гала-концертпен түйінделмек, – деп ақпарат берді Е.Қалмақов. – Сондай-ақ, 21-22 мамырда Астана қаласында, 24 мамырда Қостанайда облыс басшылығының қатысуымен ауқымды форум болады. Ал 6 маусымда М.Әуезов атындағы мемлекеттік драма театры Аманкелді, Арқалық қаласына келеді. Бұл ұжым Әнуар Боранбаевтің 70 жылдығына орай ұлы әртістің жерлестерін "Қожанасыр тірі екен…", "Қыз Жібек" сынды қойылымдармен қуантпақ. 18-20 маусым аралығында облыс орталығында Астана қаласының мәдениет күндері өтеді.
Басқарма басшысы"Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру аясында, Жанкелдин ауданының Ақкөл ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы туған үй, Сарыкөл ауданындағы Барақ батыр кесенесі, Ұзынкөлдегі Святой Николь шіркеуі жөнделетінін мәлімдеді. Республикалық зерттеу институттарымен бірлесе отырып, Торғай геоглифтарын, Қамысты археологиялық ескерткіштерін зерттеу осы жылы қолға алынғалы отыр. "Цифрландыру саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстар да жемісті. Мәдени мекемелердің сандық жүйеге ауысуы жөнінен біздің аймақ алдыңғы қатардан көрінді", – деп толықтыра өтті Е.Болатұлы.
Сондай-ақ, "Мен қазақпын!" телевизиялық мегажобасының аймақтық іріктеу кезеңінің басталғаны туралы ақпарат та осы брифингте айтылды. Онымен "Қостанай" облыстық телеарнасының аға редакторы Дәуренбек Әбдібек таныстырды. Оның сөзінше, биыл барлық облыс пен көршілес елдерден 2 күйші, 2 термеші және 2 әнші қатысады.
Сурет мұрағаттан алынды
Жарайсың