Теңбіл доп турнирі (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Қостанай қаласында шағын футболдан белгілі журналист, ақын Тұрсынмәмет Бұқабаевты еске алуға арналған турнир ұйымдастырылды. Тар алаңдағы тілшілер тартысы осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.
Турнирдің ашылу рәсімінде белгілі ақын Ақылбек Шаяхметов және облыстық БАҚ редакторлары, марқұмның әріптес ағалары сөз сөйледі. Олар бұл игі дәстүрдің үзілмеуі керектігін айтты. Доп додасына облыстық БАҚ өкілдерінен бөлек, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының баспасөз қызметі командасы және ақынның достары мен інілері қатысты. Бас-аяғы 10 команда күш сынасты. Олар екі топқа бөлініп өнер көрсетті.
Үшінші орын үшін «Қостанай таңы» мен «Ақынның інілері» ұжымы кездесті. Тыңғылықты дайындықпен келген ақын інілері бұл жолы газет ұжымынан басым түсті. Финалда «Асабалар» командасы Қостанай академиясына қарсы ойнады. Соңғы минуттарда гол соғып кеткен болашақ полицейлер жарыс жеңімпазы атанды.
Айта кету керек, келесі жылы дәстүрлі турнир ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының базасында өтеді.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
Кім жеңімпаз болды?
ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы академия командасы жеңді