Ынтымақ жүрген жерде ырыс жүреді
Жұма күні әдеттегідей Хусейін Жахар Мекке қаласында Айша мешітіне қарама-қарсы көшеде қоқыс тазалап, сыпырып жатқан болатын. Кенет әлдекімнің мұның атын атап, қайта-қайта шақырған дауысын естіді. Көше сыпырушы артына қайырылғанда бір мәртебелі қажы бұған қарай жылдам басып келе жатыр екен. Мұны көріп тұрған жүргіншілер «мына бейбақ қажыға не істеп қойды екен?» деп ойлайды. Бірақ көше сыпырушының жанына жеткен бойда қажы оны бас салып, қапсыра құшақтап, жылап көріседі. Сөйтсе, бангладештік мәртебелі қажы көше сыпырушының туған ағасы екен. Ағайындылардың ата-анасы қайтыс болған кезде ағасы Жахар Хусейінге тиесілі 17 миллион риал ақшаны қимай, өзінің атына жаздырады. Бұған ренжіген Хусейін туған жерін тастап, баз кешеді. Енді, міне, ағасы інісінің аяғына жығылып, кешірім сұрап, елге қайтуын, өз мұрасына ие болуды өтініп отыр.
Бес жыл бойы Мекке көшесін сыпырып келген Хусейіннің отбасы аса дәулетті, оның туыстары жоғары лауазымды қызметтерде істейтіндігі белгілі болып шыққанын жазады әлемдік ақпарат көздері.
Ал Хусейн тілшілерге осы бес жылдың ішінде жоқшылықты өз басынан әбден өткергенін, қандай болатынын сезінгенін айта келе: «Қолымнан келгенше кедей-кепшікке жәрдемдесіп, бірге жүремін. Мен ешкімді ешқашан жәбірлемеймін. Өйткені Алла бұған тыйым салған", – депті азамат.
Қытайдың Чунцин қаласында тұратын бизнесмен-миллионер Чжун Цунжун көше тазалап, қоқыс жинағанына үш жылдан асыпты. 51 жастағы ол жылжымайтын мүлік, өнеркәсіп, автомобиль сатумен айналысатын зор табыскер екен. Бай кәсіпкердің сөзіне қарағанда, адам өзінің қызметінің жоғары екеніне қарамастан, қоршаған ортасына пайдалы іс істеуі тиіс. Бұл бағланға 4 жылдан бері жағажайды қоқыстан тазартып жүрген Цинхуа университетінің профессоры Цунжун әсер еткен.
Сондай-ақ, Чжэнчжоу округының осы сияқты 30 миллионері күн сайын қызметінен кейін аула сыпырады әрі шынайы ықыласпен істейтінін айтыпты. Осындай-осындайды ести-оқи "біздің бай-бағландарымыз қандай күйге түседі екен?" деп ойлайсың. Айтпақшы, осындай ақпараттардың майын ішкен астаналық бір сақа әріптесім хабарласуға шамасы жеткен байшыкештерге қоңыраулатып, өзінше сауалнама жүргізген болыпты. Сонда естігені: «Бүгін құдалықтамын», «Кешке үйге қонақ келеді», «Достарыммен моншаға барамыз», «Қолым тимейді, бастығымның тойындамын», «Есің дұрыс па, аула сыпырушы не үшін айлық алады?», «Басты ауыртпа, әркім өз шаруасын істесін», «Е, ол қай сасқаным, көше сыпырып жүргенімді көрген таныстар мынау сорлап қалған ба деп, күлмей ме, ойбай, ұят қой!»… тағысын тағылар.
..Көкірек көзі ояу, қырықтағы қырма сақал зиялы көршім кездесе кетті. Көкейдегіні айтып жеткізген болдым. Сонда ол:
– Қазір жұрт бәрін де түсінеді, ағасы. Қандай жұмыс, қандай қызмет болса да ешкім ұялмайды, қысылмайды, несіне намыстанады. Істей береді. Тек ақысын төлесін. Өз басым да сондаймын!
– Ендеше, бүгін кешке өз ауламызды көршілер жиналып, тазартсақ қайтеді?
Ол екпіні басылып,тұрып қалды. Ұялы телефонын алып бірдеңелерді қарай бастады.
– Жалпы… дұрыс. Бірақ менің қолым тимейді екен. Бүгін де, ертең де. Кешірерсіз, – деді де, бұрылып жүре берді.
Жүре берсін, әйтеуір ниеті түзу екен. Өзгені үлгі етсек те, өзімізді сынасақ та, "бай мен кедей қатар жүрсе" дегендік те – бәрі, айналып келгенде, тату өмір сүрудің амалы. Ал ондай тірліктің күші – бірлікте. Ынтымақ жүрген жерде ырыс жүреді. Алдағы халық бірлігі мерекесі құтты болсын, ағайын!