Талқыланған тақырып – тұрақты жұмыс
ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова бастаған палата комитетінің мүшелері Қостанай облысына келді. Олар алдымен Қостанайдағы жаңадан салынған әлеуметтік нысандарды аралады. Сондай-ақ, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы аясында өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұрғындар қызметін қалыптастыру жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған жол картасын іске асыру мәселелерін талқылады.Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов парламентшілерге жұмыспен қамту саласының жай-күйі туралы айтып берді. Оның сөзінше, еңбек өнімділігін арттыру және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша биыл облысқа 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұған қоса биыл жұмыспен қамту мәселелерімен айналысатын арнайы штаб құрылды.
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұрғындар қызметін қалыптастыру жөнінде баяндама оқыды.– Биыл Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты рәсімдеу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Жалпы, бізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жұмыссыздар қатарына жатқызылады деген теріс түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде бұлай емес. Олардың көбі – өздерін-өздері жұмыспен қамтыған, бизнеспен, кәсіпкерлікпен айналысатын жағдайы жақсы адамдар. Бірақ, әрине, олардың ішінде де тұрақты табысы жоқ адамдар бар. Мұндай топты тиімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деуге болады, – деді Н.Әлтаев.Вице-министр мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері мемлекеттік органдардың дерек қорындағы 2,7 млн азаматтың әлеуметтік статусы анықталмаған, бүгінгі таңда 607 мың адамның тиесілі дәрежесі нақтыланды. Оның ішінде 193 мың жұмыскер еңбек шартын жасап, міндетті зейнетақы жарналарын аударды. Сондай-ақ, 12 мың кәсіпкер өздерінің қызметтерін тіркесе, 36 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тартылды.Вице-министр аймақтық штабтардың негізгі тапсырмаларының бірі Халықты жұмыспен қамту орталықтарын транформациялау екендігін ескертті. Орталықтар консультация беру, кәсіби бағыт-бағдарды айқындау, жұмыспен қамтамасыз етудің амалын ұсыну, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды төлеу сынды қызмет түрлерін «Еңбек нарығындағы ортақ бір терезе» жүйесі бойынша көрсетуі тиіс деді.
Еңбек өнімділігін арттыру және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларының 2017 жылғы қорытынды есебі де кездесу барысында әңгіме өзегі болды.Өткен жылы бағдарламаға қатысушының саны жарты миллионнан асса, оның 315 мыңы тұрақты жұмыс орнымен қамтылған және 108 мың адам арнайы оқудан өткен. 7 300 бизнес жобаны жүзеге асыру үшін 34 млрд теңгеден аса сомаға жеңілдетілген шағын несие берілген, 15 мыңнан аса жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азамат бизнестің негізі жайында білім алған.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ,
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.