САЯСАТКЕРДІҢ САНДЫРАҒЫ

Эстониялық орыс тілді «Спутник» сайтында  Ресей Федерация кеңесінің Сыртқы істер жөніндегі комитетінің төрағасы Константин Косачевтің Қазақстанға қатысты айтқан пікірі негізге алынған мақала жарияланды. Мақала желісі аты аталған саясаткердің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында қалдырған жазбасы төңірегінде өрбіген екен. Косачев онда Ресей тарапының БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарауына жолдаған қарарын қолдамаған қазақстандықтардан мұндай әрекетті күтпегендігін ашына жазыпты:
«Өкінішке қарай, АҚШ-тың Сирияға бағыттаған соққысын «агрессиялық әрекет» есебінде қабылдауды талап еткен Ресейдің бастамасы аяқсыз қалды. Америка мен оның әскери серіктестері – Ұлыбритания мен Франция күткеніміздей қарсылықтарын білдірді. Ресей бастамасын тек, Қытай мен Боливия ғана қолдады. Ал Перу, Гвинея экваториясы, Эфиопия  мен Қазақстан дауыс беруден бас тартуды ұйғарыпты. Соңғысының әрекеті біз үшін күтпеген, жағымсыз жаңалық болды».косачев
Саясаткердің  «санасыз» жазбасы оқырмандары арасында дүрбелең туғызып отырғанын айтпасқа амал жоқ. Арандатушы мақаланың астына саясаткердің орысшыл, ұлтшыл, теріс пиғылды отандастары Қазақ елін барынша қаралаған пікірлерін армансыз қалдырыпты. Мемлекетіміздің дипломатиялық ұстанымын сатқындыққа балағандары дереу арада екі ел арасындағы қарым-қатынасты үзіп, Қазақстанды одақ елдер қатарынан аластату қажеттігін жазыпты. Енді бір оқырман төл әліпбиімізді латын графикасына ауыстыруымыздан-ақ, «қазақтардың кімнің сойылын соғарын бағамдай бер» деп сәуегейсіпті.  
Халықаралық дәрежедегі дипломаттың Қазақстанға қатысты мәлімдемесіне әріптестері «дұрыс» бағасын берер деп үміттенемін. Себебі, ресейлік саясаткердің «Қазақстан тарапы Біріккен Ұлттар Ұйымының отырысында мүлдем үнсіз қалды» деуі тіптен, қисынға келмейді. БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі Қайрат Омаровтың Сириядағы жағдайға арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында тараптарды БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқықты бұзбауға шақырғанын көз көрді, құлақ естіді.
«Қазақстан тараптарды БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқықты бұзбауға шақырады. Біз Думадағы химиялық шабуылдарға қатысты жағдай бойынша БҰҰ ҚК мүшелері арасындағы бірліктің жоқтығына алаңдаймыз. Қазақстан химиялық қаруды қолдануды айыптайды және зерттеу жүргізу қажет деп есептейді». – деген еді Қайрат Омаров. Сондай-ақ ол Сириядағы жағдайды саяси реттеу жолдарын іздестіру бойынша Астана және Женева процесстерінің міндеттерін одан әрі қолдау керектігін мәлімдеді.Сирия
Кез-келген мәселені қарумен емес, келіссөзбен шешу керек! Осы қағиданы берік ұстанған Қазақ елі Сирия мәселесінде де ұстанымынан жаңылмақ емес. Қарулы қақтығысты шешу мақсатында, БҰҰ ҚК осы жолғы отырысында да тараптарды келіссөзге шақырды. Ал, Ресейдің кейбір саясаткерлері мұны басқаша бағалап, екі ел арасындағы достыққа сызат түсірмекші.
Батыстың қос бүйірінен қысқан қаржылық бұғауынан бас көтере алмай отырған Ресейдің Кедендік одақтың күшімен, нақтылап айтқанда Беларуссия мен Қазақстанмен күшейіп, «күнелтіп» отырғаны баршаға мәлім. Бауырлас елі Украинамен қастасқан мемлекеттің құдайы көршілерінен безінсе, күнінің не боларын бұл саясаткерлер түсінеді. Түсінсе де, айтып отырған сөзі осы. Сондағы мақсаты не?! Осы жағы түсініксіз.
 
Жұматай Кәкімжанов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓