Жегендері желкелерінен шықты
Рудный қалалық сотында қалалық ІІБ әкімшілік полициясы ТЭБ бөлімінің бұрынғы басшысы Александр Панченко мен оның орынбасары Қобыланды Шамелтұровтың ісіне қатысты сот процесі басталды. Олар қаңтар айында парамен ұсталған болатын.
Облыстық сот мәліметінше, олар 2017 желтоқсаны мен осы жылдың қаңтары аралығында, өздерінің қызметтік мансаптарын пайдаланып, жеке және заңды тұлғалардан үздіксіз пара алып келген. Еш кедергісіз транспортты тіркеуге алуға, ешқандай тестілеу, тәжірибелік емтихансыз жүргізуші куәлігін алып беруге уәделесіп азаматтардан ақша талап еткен.
Күдіктілер ҚР ҚК 366-баптың 2-тармағы бойынша айыпталды және алған параларын 70 есе артық етіп қайтаруы немесе 7 жылдан 12 жылға дейін, дүние-мүліктері тәркіленіп отырып, бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Оның үстіне, бұдан былай лауазымды жұмыс істеу мүмкіндігінен өмір бойына айырылады.
Сот отырысында прокурор "тәртіп сақшыларының" жемқорлығына қатысты 26 эпизодын жайып салды. Мәлімет бойынша, олар азаматтар қалтасынан заңсыз түрде 250 мың теңгеден астам ақша суырған.
Процесс әлі жалғасуда. Өйткені барлық куәгерлерден сұрау алу қажет. Ал олардың саны – 51.