Ерлік еленді
Дүкен ұрлықшыларын ұстаған 53 жастағы Қостанай тұрғыны Жәния Смағұлованы тәртіп сақшылары марапаттады.Айта кетейік, 5 сәуір күні белгісіз 3 ер адам Қостанайдағы сүт өнімдері дүкенін тонамақ болады. Оның бірі сатушының назарын аударса, екіншісі кассадағы ақшаны сөмкеге салып тұрған. Ал үшінші ұры есікті күзеткен. Сатушы ұрылардың бұл астыртын әрекетін сезіп, дабыл белгісін басып үлгірген.
«Дүкен сатушысы Жәния Смағұлова сыртқа шығып, дүкен есігін темір трубамен жауып тастаған. Дегенмен, ұрылардың екеуі оны итеріп тастап, қашып кеткен. Алайда, ол үшінші күдіктінің кетіп қалуына жол бермеді. Сатушыға көшеде кетіп бара жатқан қыз көмекке келді. Ол ұялы телефонынан полицияға хабар берді», – делінген облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарламасында.
Осылайша, сүт өнімдері дүкеніне ұрлыққа түскендерді қолға түсіруге көмектескен Ж.Смағұлова полицейлерден алғыс хат алды. Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде.
ІІД-нің баспасөз қызметі