Діни бағыттағы мұражай-көрме ашылмақ
Қостанай қаласында Ислам бағытындағы мұражай-көрме ашылады, деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметі.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Астанадағы мүфтият ғимаратында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесті. Ресми кездесуде қоғамда дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу, сауапты һәм салауатты шараларды насихаттау, жастарды деструктивті ағым идеологиясынан сақтандыру, тарихи тұлғалар туралы игі жобаларды бірлесе жүзеге асыру, қайырымдылық бағыттағы жұмыстарды көбірек ұйымдастыру сияқты мәселелер сөз болды.Архимед Мұхамбетов 2011-2013 жылдары ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы қызметін атқарған Серікбай қажы Сатыбалдыұлының жүзеге асырған ізгі жобалары мен игі бастамалары туралы оң пікірін білдірді. Кездесу соңында Қостанай қаласында Ислам бағытында мұражай-көрме ашу туралы уағдаластық жасалды.