“Тың-Целина 2018” спартакиадасы Лисаковта өтеді
Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев өңірлік дәрежедегі спорттық шараларға қатыспайтын аудандардың ұпайларын шегертуді ұсынды. Оның айтуынша, облыстағы бұқаралық спорттың дамуына немқұрайлық кедергі келтіріп отыр.
Өткен жылы өңір бойынша спорттық шараларды ұйымдастыруға 9 млрд 300 млн теңге жұмсалыпты. Осының нәтижесінде халықты дене шынықтырумен қамтудың үлесі 29,7 пайызға жеткен.
Сондай-ақ, облыста жалпы 302 ғимараттың апатты күйде екені анықталған. Науырзым, Таран, Қарабалық, Денисов аудандары және Қостанай қаласындағы спорт кешендері күрделі жөндеуге мұқтаж.

Биылдан бастап балаларды спортқа тарту мақсатында арнайы клубтар ашылмақ. Өйткені, аудан, қалалардың ресми деңгейдегі спорттық бәсекелерге қатысу белсенділігі төмен.
-Облыста түрлі спорт түрлерінен ұлттық құрама команданың 200-ге жуық мүшесі бар. Олардың қатарын арттыру керек. Қажет болса, сыйақы беріп отырамыз. Мемлекеттік жеке-меншік әріптестік бағыты бойынша дене шынықтыру саласында бірталай іс тындыруға болады. Қостанай қаласында биыл футбол манежы мен академиясы және тағы бір Мұз сарайы бой көтереді. Алдағы уақытта бокс мектебі де ашылады. Құрылыс жұмыстарын шетел инвесторлары қаржыландыратын болады,-деді өңір басшысының орынбасары.
Биылғы "Тың-Целина 2018" спартакиадасының алауы Лисаков қаласында тұтанбақ. Бұл 34-ші спартакиада болмақ және ол Лисаков қаласының туған күні қарсаңында өтетін болады. Спорттық құрал-жабдықтарды сатып алу үшін облыс бюджетінен 27 млн теңге бөлінген.


-Спорттық бәсекеге орай қаладағы барлық нысандар тексерістен өтті. Сонымен қатар, ішкі жолдар жөнделіп, қала көркі ретке келтірілетін болады. Бөлінген қаржы 2 мың адамға шақталған орталық стадионды қайта жөндеуге жұмсалады,-дейді Лисаков қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Жарылқасымова.
Марат Қонысбайұлы спартакиада барысында жалған құжаты бар спортшыларға жол жоқ және қатаң тексеріс болатынын ескертті.
-Жарысқа адал еңбекпен келіңіздер. Өткен жылы Қарасу ауданы баршаңызға сабақ болған болар. Олар спортшыларды сырттан шақырып, жалған құжат жасағандары үшін спартакиадан шеттетілген болатын. Бұл жолы да қатаң бақылау болады,-деді Марат Жүндібаев.
Келер жылы спартакиада ойындарына ат спорты қосылады.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.