«Айбыннан» алғыс – Ақжолға

«Жауынгеріміз Ақжол Жұмабектің әскери бөлім қатарынан табылғаны оның туған өлкесіндегі: отбасында және мектебінде, оқу орны мен еңбек ұжымында алған білімі мен тәрбиесінің жемісі деп білеміз. Кезекті шақырылым кезінде үздік жастардың біздің құрылым қатарына таңдалып алынуы – Сіз басқарып отырған аймақтағы жергілікті Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің тиянақты жұмысының нәтижесі. Ақжол өзіне жүктелген жауынгерлік міндеттерді абыроймен атқарып келе жатыр. Сарбаздың жақсы жетістіктерге жету жолына үлес қосқан ата-анасы, жақындары, өскен ортасы, мектебі мен оқу орнының ұжымына рахмет айтамыз», – делінген хатта.

Ақжол Жұмабек Қостанай облысы, Амангелді ауылындағы №1 орта мектепті бітірген. 2017 жылдың күзінде Қостанай қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті арқылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі қатарына шақырылды.
«Ақжол әскери қызметінің бірінші күндерінен бастап, жауынгерлік өмірдің қыр-сырын үйренуге зор ынтамен кірісті. Отанға деген жоғары патриоттық сезімімен қарулас достарына үлгі-өнеге бола білді. Өзіне жүктелген міндеттерді атқару кезінде ол белсенді, еңбекқор, жауапты азамат ретінде танылды. Жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық сабақтарында командирлерінен үйренген білімдерін қызмет барысында дұрыс қолдана біледі. Жауынгерлік дайындық нормативтерін әрдайым ең үздік бағаларға тапсырады. Жауынгерлік кезекшілікте қырағылық танытып, тапсырмаларды бұлжытпай орындап, әскери міндеттерін жауапкершілікпен атқарып келеді», – дейді Б.Өтеуов.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ