“Көктем аруы-2018”
Қостанайдағы УК-161/11 түзету мекемесінде жазасын өтеуші әйелдер арасында «Көктем аруы – 2018» байқауы өтті, деп хабарлайды ҚР ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.
Бұл шара түзету мекемесінде дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Негізгі мақсат – салауатты өмір салтын насихаттау мен эстетикалық тұрғыда тәрбиелеу. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай тәрбиелік мәні бар шараларды жиі өткізу жазасын өтеушілердің бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.

«Байқау шарты бойынша, қатысушылардың бойы, салмағы және отбасылық жағдайы ескеріледі. Қатаң талаптар қойылмаған соң байқауға кез келген әйел қатысуға ниет білдірді. Сотталғандардың арасында да өнерлі жандардың бары анық. Осындай сайыстар бойындағы сол дарынды ары қарай шыңдауға септігін тигізеді», – дейді УК-161/11 мекемесінің психолог-маманы Динара Мадиярова.
Арулар байқауына облыстық халық шығармашылығы орталығы мен Қостанай қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту бөлімінің қызметкерлері қазылық етті. Нәтижесінде жүлдегерлер «Нәзік ару», «Инабатты ару», «Сымбатты ару» аталымдары бойынша марапатталды.

Ал алаяқтық әрекеті бойынша сегіз жылға сотталған Жанар есімді әйел «Көктем аруы – 2018» байқауының жеңімпазы атанды. Айта кетейік, ол француз және ағылшын тілдерін еркін меңгерген.