4-жұп – Марғұлан мен Ғалымгерей (ЖАҢАРТЫЛДЫ)

Облыстық мәдениет басқармасы мен "Қостанай таңы" облыстық газеті Елорданың 20 жылдығына орай бірлесіп ұйымдастырған облыстық жазба ақындар айтысы жалғасады. 4-жұп – есімі елге танымал айтыскер Марғұлан Оспанов пен рудныйлық тәжірибелі ақын Ғалымгерей Кенжеғозин. Екі ақынның да есті сөз, екшеулі ой айтарына шүбә келтірмейміз. "Көрерменнен оқырманға айналған" айтыссүйер қауымды тартысты өлең бәсекесі күтіп тұрғаны сөзсіз.марго мен габаАйта кетейік, бұған дейінгі Батырлан Сағынтаев пен Злиха Кенжеғозинаның айтысы қазылар сараптауынан өтті. Қара қылды қақ жарған төрешілер басымдықты Батырланға беріп отыр. 
Олай болса, сөз кезегін қос майталман – Марғұлан мен Ғалымгерейге берейік.
 
І кезең
Марғұлан:
«Ассалаумағалейкум, оқырмандар,
Жалындаған жырымнан отымды аңғар.
Суырыпсалма айтыстың жүйрігі едік,
Біз болдық жазба айтысқа қосылғандар.
Бізге дейін айтысты біраз ақын,
Болған соң ұлы өнердің көшін жалғар.
Көрерменнен шапалақ болмаған соң
Арасында кездесті тосылғандар.
Сондықтан қошеметің осы болсын,
Пікір жаз, босқа қарап отырмаңдар.
 
Ағайын, дұрыс болсын пікірлерің,
Жырлайын таусылғанша бүкіл демім.
Рухани жаңғырудың арқасында
Біледі ел қандай жұмыс бітіргенін.
Соның бірі: бұл газет айтыс жасап,
Ұлттық өнерімізді бүтіндедің.
Қостанайда көп жылдар айтыс болмай,
Амалсыз осыған да шүкір дедім.
Келбетімді ұмытып қалдыңдар ма?
Желбіреп жүруші еді үкім менің.
Ал, енді, мен бастайын бұл айтысты,
Қазылар шығарар өз үкімдерін.
 
Тақырып – Астананың жиырма жылы.
Ашылсын ақындардың енді арыны.
Жыр қылып жетістігін Елорданың,
Байқалсын ақындардың ең дарыны.
Елбасы Нұрсұлтанның арқасында
Қағылды Астана боп ел қазығы.
Сол жерде зәулім үйлер бой көтеріп,
Гүлденіп қала болды кең жазығы.
Былтырғы жыл ЕХРО көрмесімен
Биіктеп арта түсті Ел қадірі.
Қазақ тілі дамыған Астананың
Шымкент пен Торғайлықтар тең жарымы.
Депутаттар қазақша кеңес құрып,
Ана тіл дәуірінің келді арыны.
Елімде енді ешқашан естілмесін,
Мемлекеттік тілімнің енжар үні.
 
Ал енді, Ғалымгерей қарсыласым,
Өзіңдей қарсыласқа жан шыдасын.
Тіл жайын, елдің жайын сен де жырлап,
Тіліңнен тәтті өлең-жыр тамшыласын.
«Рудный» деп аталған қалаңызды
«Сарыбай» деп атауға зар шығарсың.
Көшеңіздің аттары бәрі орысша,
Өзгерту ойларыңда бар шығар шын.
«Байтал түгіл, бас қайғы» боп кетті ме?
Зам.әкімдер істі боп әлсін-әлсін.
Елдің сөзін сөйлейтін ақын болсаң,
Шабандаған шаруаны қамшыларсың».
 
Ғалымгерей:
"Баста деп хабар келсе ақындарға,
Үндемей қалуға мен хақым бар ма?
«Қостанай таңы» бүгін «айтыс» деген
Жаңадан айдар ашып отырғанда.
"Ұрыста тұрыс болмас" дегендейін,
Марғұлан бұл ойымды мақұлдар ма?
Алдыменен шамаңа қарап алсай
Ағаңды жекпе-жекке шақырған да.
Аға тұрып, інісі сөз бастайтын
Осы күнгі жастарда ақыл бар ма?
Ассалаумағалейкум, көрермендер,
Айналған бүгінгі күн оқырманға.
 
Арнайын Астанаға өткір өлең,
Тілектер қабыл болды көп тілеген.
Көз тартып, қызықтырар ғимарат пен
Сұңғыла зәулім үйлер көк тіреген.
20 жылда қарыштап дамыған ел
Атағы бар әлемге жетті білем.
Самұрық бәйтерекке ұя салып,
Күнді айналған қырандай боп түлеген.
Айбынды елім ажарлы Астананы
Елбасы қолтаңбасы деп білем мен.
 
Тіл жайлы мен де айтайын тілді бұрап,
Тұрады халыққа әркез шындық ұнап.
Елдің мұңын жырламай тұра алмаспын,
Ақынмын деп жүрген соң жырды құрап.
Қаламыздың бүгінде халық санын
70 пайыз орыстар тұрды құрап.
«Сәлеметсіздер ме?» деп сәлем берсең,
«Здраствуйте» деп өзіңді жынды қылад(ы).
Қала атын қазақшалау қиын боп тұр,
Оратылып қалғандай шылбырына ат.
Тілді ойлайтын сен айтқан зам.әкімдер
Істі болып, ұятты қылды бірақ.
Өздері жаны ашымай өз тіліне,
Өзгенің әміріне құлдық ұрад(ы).
 
Орысша қаламыздың көшелері,
Қалмай тұр Рудныйдың осы өнері.
Құлқынды емес, ұлтымды ойлар басшы болса,
Мәселені байыппен шешер еді.
Өзге ұлтқа жалтақтаймыз, түсінбеймін,
Білмеймін бар екенін не себебі?!
Жабысқан қазағыма кесел еді,
Сорымыз біздің сондай бес елі еді.
 
Марғұлан, кімге қарап күлгендейсің?
Тек қана Рудныйды білгендейсің.
Жаза басқан жігіттер аз емес қой,
Біздегі мінді теріп жүргендейсің.
2 жыл өткен уақыт есіңде ме,
Ол кезде Көкшеде өмір сүргендейсің.
Қостанайдың әкімі замдарымен
Қоса кетіп, жазаланды түрмеңде-ей, шын!"
 
ІІ кезең
Марғұлан Оспанов:
"Марғұлан арзан өлең құрамайды,
Біреуді тектен-текке сынамайды.
Бас жоқ, көз жоқ бас салып Ғалымгерей,
Жазықсыз мені босқа кінәлайды.
Әкімдер біреулерден пара аларда
Келісіп менен ақыл сұрамайды.
Ойыңды өзгерт, әйтпесе біздің айтыс
Билік түгіл халыққа ұнамайды.
 
Ол рас, сөз бастадым, сені күтпей,
Ақыннан сөз таусылмас, демі бітпей.
Білмеймін сөз бастаудан қаймықтың ба?
"Өзің баста" деген ең мені үгіттей.
 
Ғалеке, күш атасын танымаған.
Әйтпесе мен үлкенге бағына алам.
«Осы күнгі жастарда ақыл жоқ» деп,
Тісіңізді батырдың тағы маған.
Сөз бастаған адамды "жол кесті" деп,
Көрсеттің ақылыңды жарымаған".
 
Ғалымгерей Кенжеғозин:
"Жасыңнан топқа түсіп еленіп ең,
Қалың елге танылдың өлеңіңмен.
Меніменен айтысып сахнада,
Шыңдалып, алғысына ел бөленіп ең.
Ақылға жарымаған дейсің қалай? –
Сен өзің соңыма ерген өренім ең.
Ақылыңның көптігі көрініп тұр
Ағаңа "жарымаған" дегеніңнен.
 
Ұлы едің еркін өскен сары даланың,
Осылай дегеніңе таңғаламын.
Сені білем оқушы кезіңнен-ақ,
Бабаңның өнері еді жалғағаның.
Қатысып айтысына «Жас тұлпардың»,
Жүруші еді еліне арнап әнін.
Өзіме ақыл айтып отырғаны-ай,
Көзімнің алдында өскен сары баланың.
 
Марғұлан, текті жердің тұнығысың,
Сен де мендей Торғайдың бір ұлысың.
Торғайдың Шақшақ Тархан Жәнібегін
Айтайын жалпы халық білу үшін.
Жақында Қостанайдың қақ төрінен
Ғажайып бой көтерді ұлы мүсін.
Қошқардың қос баласы Жәнібек пен
Тұрлығұлдан тараған құлынысың.
Атаңның ескерткіші құтты болсын,
Арғындар жасап жатқан ұлық ісін.
Бергі атаң Оспанұлы Әлмағанбет
Әбіқайдың үзілмес жырымысың.
«Арғы атаң алатайлы Арғын, Шақшақ
Қас асыл Тұрлығұлдың сынығысың».
Тұлғаңа қарап тұрсам, ап-арықсың,
Өкпелеп қалып жүрме мұным үшін.
Ұрпағы ұсақталып кеткендей ме,
Бабалары болғанмен ірі мүсін?!"
 
ІІІ кезең
Марғұлан Оспанов:
"Ия, рас, атам еді Шақшақ бабам,
Батыр ғой ұлт намысын ақсатпаған.
Жәнібектей бабалар тірі болса,
Бүгінгідей болмас ед, бақсақ, қоғам.
Ол кісілер Алланың, адамның да
Алдында абыройын ақ сақтаған.
Жеріме көз алартып келген жаудан,
Солтүстік өңірімді сақтап қа(л)ған.
Тұңғыш Тархан атанған рухты бабам
Адал боп бақиға да жақсы аттаған.
Артық емес сондықтан сол жердегі
Көшенің атын беріп жатсақ та оған.
Алайда орыстардың қолдауымен,
Карбышевтің рухы асқақтаған.
 
Сенің атаң, себебі Арғын дедің,
Осылай аттадың-ау ардың белін.
Сендердің "арғынсың" деп, "қыпшақсың" деп,
Бөлінумен өтеді-ау бар күндерің.
Рудың емес, арқала елдің жүгін,
Қайыстырып тұрардай нардың белін.
Архимед жасап жатыр игі істерді,
Тарихтың еске салып әр дүрмегін.
Қобыланды батырға да ескерткіш сап,
Білесің арайланып таң күлгенін.
Сол кезде "қыпшақ сенің нағашың" деп,
Бөлінбей қуанған ем, бар білгемін.
Кейкінің де басы кеп туған жерге,
Тағы да рухани жаңғырды елім.
Ғалеке, мұның бәрі қазаққа ортақ,
Бөлініп елге бүлік сап жүрмегін.
Бір емес үш батыры ұлықталып,
Риза боп жатыр бүгін тағдырға елім.
 
Болмысы мұсылманның момын келед,
Тентек емес, текті боп көрінген ек.
"Ұрпағы ұсақталып кетті" дейсің,
Мен ақынмын, батырдан жолым бөлек.
Кішкентай, әрі жұқа болсам-дағы,
Жұрт сыйлап, үлкен төрден орын беред.
Адамның ірілігі денеде емес,
Ақылы мен ойында болу керек.
 
Бекер, аға, шүйліктің сары балаға,
Сары бала тақияңа тар бола ма?!
«Бұрын шыққан құлақтан мүйіз озар»
Деген сөзді түсінбей таңғала ма?
Тіліп-тіліп айтпасам, Ғалымгерей
Менің өскендігімді аңғара ма?
Жарлы байып, ал, жастар өсетұғын,
Өмір де, міне, осындай заң бар, аға!"
 
Ғалымгерей Кенжеғозин:
"Өмірдің осы шығар бұралаңы,
Демеймін ойың сенің тұралады.
«Жарлы байып, жас өсер» деп отырсың,
Осы шығар өмірдің сірә, мәні.
Ал, мүйізің болса да қарағайдай,
Қайда қойдың қатпаған бұғананы.
Абайла, мүйізіңді қағып алам,
Оның да бола жатар бір амалы.
Мен руға бөлінген жоқ едім ғой,
Ойымды қалай теріс құп алады?
Мен руға бөлсем де, бөлмесем де,
Қазақ елі рудан құралады.
Осыменен айтысты тоқтатайық,
Несін соза береміз бұдан әрі.
 
Марғұлан Оспанов:
Ендеше, бұл айтысты жобалайық,
Керіспей, келісімге жол алайық.
Бауырлар бірін-бірі мүйіздесе,
Сыйластықтың жолында болар айып.
Рудныйды айтып айтысты бастап едік,
Руды айтып елдікке оралайық.
Ырду-дырду боп кетпей тұрған кезде,
Ырылдаспай айтысты доғарайық.
 
 

 

 

You may also like...

20 Responses

  1. алтай айтты:

    бұл екі ақының айтысы қызық басталды.жыл додада төселген Марғұлан бұл жолы қаржылары ірі ағасы Ғалымкерейді жаңадан алып сөз бастаманы ыңғайлы болды

  2. арман айтты:

    Ғалымкерей тойтарысты беру отырып тәжірибелі ақындығын дəлелдегендей

  3. Айбын айтты:

    Айтыс аяқталыпты. Бұл екі жұптың сөз өруі өте тамаша. Бірақ Марғұланға қарағанда Ғалымгерей басым. Ұтымды жауап берген екен. Мен Ғалымгерейді қолдаймын.

  4. Арман айтты:

    4 жұптың айтысы тез аяқталыпты. Дегенмен айтыс жақсы. Менің ойымша бұл жерде Ғалымгерей басым. Қазылар алқасы да осы шешімді құптайды деген үміттемін. Алға Ғалеке

  5. Байбатыр айтты:

    Ғалымкерей мен Марғұланның айтысы тамаша. Жауаптары да бір біріне сай. Ұзақ ойлап, бастан аяқ оқып шықтым. Түйген ойым Ғалым құрдасым сəл басымдау. Ендігісі əділқазылардың еншісінде. Сəттілік.

  6. Сейтқали айтты:

    Марғұлан мен Ғалымкерейдің айтысын оқып шықтым. Бұл айтыста Ғалымгерейдің айтқан сөзіне ұтымды жауап беріп отырған Марғұланның шумақтары маған ұнады. Ғалымгерейде қара жаяу емес, тәжірибелі ақын екенін байқатты. Алайда, айтысты шығарып отырған бұл жерде Марғұлан сияқты. Күресте де бірінші әдіс жасаған  адамның ұпайы алда тұрады ғой. Жалпы айтыс қызықты екен. Марғұлан елдегі өте маңызды тұстарды қозғады. Рудныйдың тілі мен билігін сынады. Елдегі жасалған жақсы жаңалықтарды сөз етті. Мен Марғұланның айтысу шеберлігіне тәнтімін. Көп сөзбен шұбатпай жұмырлап жеткізеді. жауаптары тұшымды. Дауысымды Марғұланға берер ем.

  7. Сейтқали айтты:

    Марғұланмен Ғалымгерейдің айтысын оқып көңілім бір марқайып қалды. өте жақсы айтыс болған екен. Ықшамды. ойлары жатық. Ғалымгерейдің айтқан сөздеріне Марғұланның берген жауабы маған ұнады. Мұнда айтысты бастаған да Марғұлан. Айтысты шығарып отырғанда Марғұлан. Күресте әдіс жасаған адамның ұпай басып тұрады ғой. Сол сияқты Марғұланның Рудныйдың тілі мен билігін сынға алудан басталып, Елдің маңызды мәселелеріне ойысуы "Архимед жасап жатыр игі істерді…" деп жасалған оң бастамаларды жіпке тізгендей болды. "Бірінші болып сөз бастағаным, жолыңды кескендігім емес" деді. "Тентек емес, текті боп көрінген ек" деп келіп Ғалымгерейдің "арықсың" дегеніне "Адамның іріліге денеде емес, ақылы мен ойында болу керек" деп ұтымды жауап қайтарды.  "Өзіме ақыл айтып отырғаны-ай, Көзімнің алдында өскен сарыбаланың" деп шымшыған Ғалымгерейге, "Бекер аға шүйліктің сарыбалаға, Сары бала тақияңа тар бола ма?" деп басталатын шумығы ұтымды жауап дер едім. Маған Марғұланның айтысы өте ұнады. Менен бір дауыс сұраса Марғұланға берер едім.

  8. Ерлан айтты:

    Маргулан катырды дал тауып айтты, Жарайсын бауырым болип жаратыны жок екеуиде тамаша соз тауып жатыр Маргулан басым сиякты менин пикирим

  9. Жанылдық айтты:

    Оқып шықтым түгілдей. Дауысымды Маргуланға беремін. 

     

  10. Ерік айтты:

    Айтыстағы Марғұланның сөздері ұтымды екен. Айтыс өте қысқа болыпты .Марғұлан əр ойын шегелеп  айтқан айқын басымдығы сөз ұғатын кісіге айқын көрініп тұр екен.

  11. Қолқоюсыз айтты:

    Кешіріңдер Марғұлан мен үшін дара,ұйқас сөз сақтау,жəне көзінде осы бар ақын.Марғұлан жарайсың!

  12. Серікжан айтты:

    Марғұланның Ұйқасы, сөз саптауы тамаша,ұтқыр ақын,көзінде оты бар жігіт, Марғұлан дара жүйрік.мен Марғұланды қолдаймын!

  13. Айбек айтты:

    Бұл айтыста Марғұланға көп пікір айтылған екен. Демек, менің ойымша Ғалымгерей мықты ақын. Сөз ұйқасын былай қойғанда дөп тауып айтуы өте жоғары. Сондықтан Ғалекең ақтық сайысқа өтсе екен.

  14. Айбын айтты:

    Бізде мынандай салт бар аты шыққан ақын болса соны көтермелейтін. Ол ақын қарсыласынан жеңіліп тұрсада атағын сыйлап жүлде береміз. Марғұланда сондай танымал ақын. Сондықтан Ғалымгерей тасада қалмаса екен. 

  15. Айқын айтты:

    Айтыс қысқа болсада тұщымды. Мен бұл жыр дода да рудныйлық ақын басым деп ойлаймын.

  16. Айтуар айтты:

    Айтыс əдемі. Алдыңғы екінші жұпқа қарағанда деңгейі жоғары. Қысқалау болғаны рас. Менің пікірім бойынша Ғалымгерей ақын бір саты жоғары қарсыласынан.

  17. Аламан айтты:

    Жоғарда бір кісі Марғұланның көзінде от бар депті. Мен оның көзінен от көре алмадым. Ал Ғалымгерейдің жанарында жалын бар. Сондықтан Ғалеке алға.

  18. Баку айтты:

    Бұл айтыста дауыс берілмейді. Тек пікір ғана жазылады. Сондықтан дауысымды анаған немесе мынаған берем деген қате пікір болмасын. Ақындардың тағдырын қазылар шешеді. Бұл жұпта Ғалымгерей ақын басым.

  19. Бян айтты:

    Айтысты оқыдым. Марғұлан ақын танымал. Бірақ бұл жолғы айтысына көңілім толмады. Мүмкін қарсыласын менсінбеушілік болды ма екен. Керсінше Ғалымгерей ақын мықты екен.

  20. Ернұр айтты:

    Жақсы,тамаша айтыс???

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓