СЕМСЕР СӨЗДІҢ СӘРУАРЫ
Таңқалдырған
Бәрі де кездейсоқ басталған… Тәңірі өзі сабақтастырған!
***
Атам мен әжемнің баласы болғандықтан, үйдегі қос шынарымның тәрбиесіне қанып өстім. Екеуі де жырсүйер, ақынжанды болатын. Сүйіп көретін хабары айтыс пен дәстүрлі ән еді. «Жекпе-жек» айтыстың қызып тұрған шағы. Халық өнерін асыл қазына деп бағалаған екеуі мені де осы айтыстың тұрақты көрермені қылған-ды. Айтыс арқылы Ұстазымды танып, білдім. Бірақ сол жылдары оның маған ұстаз боларын, менің оған шәкірт боларымды кім білген?! Ұстазым деп отырғаным, қазақ айтысының ақберені, филология ғылымдарының кандидаты, профессор – Айбек Қалиев!
Сол балалық шақтың бал жылдарында, неге екені қайдам, көрші-көлең біткен біздің үйге келіп, теледидар көретін. Әсіресе, «Айтыс» хабары берілетін күні үйге келетіндердің қарасы көбейеді. Айтыс аламанына Айбек Қалиев шыққанда, бәріміз тыныш отырып, оның әр сөзін аңдап бағамыз. Мен әдеттегідей атамның алдына ыңғайланып жатып аламын. Атам ақын Айбектің екпінін көргенде: «Өй, азамат!» деп мәз-мейрам болса, көрші Қатипа апа: «Алла Айбекті сақтай гөр!» деген риясыз көңілімен өз-өзіне күмбірлеп отырады. Ал, Зейнеш әжем: «Біссімілдә» деп аналық пейілмен тақымын қысады. Айтыс біткен соң, шай үстінде ақындардың қарым-қабілетін сөз қылады. Сондағы атамның: «Айтыстың аспанында шындықты айтып шырылдаған бозторғайым, бұл – Айбек!» деп таңқалып отырғаны, Қатипа апамыздың: «Пәлі, мен Айбекті егделеу кісі деп ойласам, шынашақтай бала екен ғой. Алла өзі жар болсын!» дегені әлі күнге дейін есімде. Кейін тәтеміз босанып, ұл туғанында атам жиенінің атын «Айбек!» деп ырымдап қойған еді. Міне, сол бөле інім Айбек те ақын ағасына ұқсап өсіп келеді.
Біздің ауыл атақты Ақын Сараның жұрты, сал Біржанның ізі қалған жер еді. Бәлкім, содан болар ауылдағылардың «айтыс» десе болды, делебесі қосып, ішер асын жерге қоятыны. Бірде дастархан үстінде Тоқтарбай атам: «Баяғыда марқұм Аққұл әкем Біржан мен Сараның айтысын көрген екен. Ауызының суы құрып, соны тамсанып айтып отыратын еді ау, есіңде ме?», – деп әңгімесін бастағанда, «Е-е-е, Тоқтарбай-ау, жарықтық атамыз көненің көзі еді ғой. Қозыкөш жердегі Ешкіөлмес, оның баурайындағы Тоғызқұмалақта өткен бұл айтыс – Қапал-Арасан жұртының үнемі айтып отыратын келелі бір әңгімесі екен ғой», – деп жауап қайырған еді төрде отырған оқалы қамзолы бар Тұрғангүл әже. Кейін ер жетіп, оңымыз бен солымызды әбден танығанда, бұрынырақта атамнан естіген осы бір әңгімеге қайран қалып ем…
Қаршадай-ақ кезімізден біздің үйдің бір мүшесіне айналған, үй емес ау, дүйім ауылымыздың сүйіктісіне айналған Айбек Қалиевті алғаш рет осылай таныдық. «Әгигәгім-ай!» деп әуелеткенде, рухың оянып, шалқып-тасып отыратын едік. Ақиқатшыл ақын өзінің ақындық шеберлігі, суырсалмалық қасиетімен бізді тамсандырған-ды.
Өмір деген қызық емес пе, Жетісуда туған баланың тағдырына ұлы Торғай даласының қасиетті топырағын басу бұйырыпты. Мемлекеттік гранттың тізімі шығып, «Егемен Қазақстанды» сызып тұрып оқығанымызда, біз Ы.Алтынсарин атындағы АрқМПИ-на түсіппіз. Шүкір! Бұл – қазақ даласында білімнің алғаш шамшырағын жағып, «дала қоңырауы» атанған Ыбырай Алтынсаринның есімін иеленген Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты! Менің өмірімнің шуақты бір кезеңі осы қарашаңырақтың астында өткен-ді. Торғай даласына келуімнің өзі бір хикая:
Атам мен әжемнің көрер көзі, былдырлаған тілі болғанымнан соң, дүние маған кең еді. Олар ештеңеден тарықтырмады. Үйге газет-журналдың түр-түрі келетін. Үшеуіміз отырып алып, әлгі басылымдарды қызыға, құныға оқитынбыз. Оқи жүріп, әжем мені жазуға машықтырды. Сөйтіп, менің алғашқы дүниелерім басылымдарға жариялана бастады. Менің сүйікті басылымым – «Ұлан» газеті еді. 2003 жылдан бері осы газеттің «жас тілшісі» болып, жазғандарым жиі жарияланған сайын құмарым артып, жазуға деген құлшынысым күннен күнге артты. Мектеп бітіретін жылы «Ұланның» «Журналист болғың келе ме?» дәстүрлі бәйгесіне шығармамды жібере салғанмын. Бір күні редакциядан қуанышты хабар алып, Алматыға жолға шықтық. Байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен кілең сайдың тасындай іріктелген жас өрендер жиналыпты. 15 жеңімпаз – 15 жаңа есім. Қазіргі күні осы он бестің ішінен Еламан Хасен, Досжан Балабекұлы, Айжан Қасым, Мейірім Ердәулет, Гүлім Еркінбекқызы, Гүлім Мұқатай сынды замандастарым көзі қырақты оқырманға жақсы таныс. Бұл – «Ұланның» шекпенінен шыққан жас тілшілер болатын. Осы байқау барысында Арқалық қаласынан келген қос жеңімпаз Гүлім Мұқатай, Сымбат Кеңесбаевалармен жақын танысып, олардың жетекшілері Салтанат Жиенбаева апайдың ұялы телефон нөмерін жазып алыппын. Жиі хабарласып, хал-ахуал сұрасып тұрдық. Торғай жұртымен жақын танысудың басы осы болды. Бұны – бір делік.
Дәл сол жылы, сарша тамыздың орта шенінде Алматы қаласында халықаралық «Қаламгер – Азамат» жас тілшілер форумы ұйымдастырылып, тағы да өңір-өңірден журналистер жиылды. Біз «Мөлдір бұлақ» журналының атынан қатыстық. Задында, мен еңбек майданына ертерек араласып кеткенмін ғой…
Арқалық қаласынан Дархан Амантайұлы есімді журналист келіпті. Дәкеңмен осы жиынның барысында танысып, Арқалыққа құжаттарымды салып жібердім. Сөйтіп «Арқа дидары» телеарнасының журналисі Дархан ағам Салтанат апайыма құжаттарымды береді. Ал, Сәкең менің құжаттарымды өз қолымен АрқМПИ-ның қабылдау комиссиясына тапсырған болатын. Бұны – екі деп санайық.
Грантқа қабылданғандардың тізімі шықты. Құжаттарымыз сәтімен қабылданды. Енді асай-мүсейімізді реттестіріп, оқу қамымен Жыланшық өзені бойындағы Ұлы Торғай даласына сапар шегудің алдында тұрмыз. Облыстық «Жетісу» газетінің редакциясына соғып, қаламақымызды алып, редактордың орынбасары белгілі ақын Жұматай Әміреевке сәлем беріп, оқуға түскенімде айттым. Ағам болса, «Тоқтай тұр, бауырым!» деп, ұялы телефонын алып, бір кісіге қоңырау шалып, мені табыстап жатты. Сөйтсем, ол кісі – Айбек Қалиев ағам екен! Ұлы Торғай даласына өзімізден бұрын аты-жөніміз жеткен еді осылай… Айбек ұстазым – менің Жұматай ағамның жақын досы екен. Ал, менің «старшагым» болған белгілі айтыскер ақын Тоба Өтепбаев Жұмағаммен бірге қасиетті Мекке сапарында сапарлас әрі бөлмелес болған екен. Бұл – үш!
Жаратқан Ие шебер емес пе, қиюы қиынды қиыстырып, түйілген түйіншектің түйінін өзі тарқатып береді. Жетісу мен Торғай топырағы осылай қосылып, біздің тағдырымызға арайлы Арқалықтың суын ішіп, ауасын жұту жазылыпты. Сірә, ол шақта Торғайлық болып, Ахаң мен Жақаңның, Нәзипаның Алашшыл идеясына ынтық боламын деп ойламаған да болармын?!
Бұл – таңдандырған Қалиев еді!
Тамсандырған
2011 жылдың сары күзі. Арман қуып, Жетісудың арналы Ақсу – Қапалынан Сарыарқа атырабына жолға шықтық. Жүрегім дүрсүлдеп, жаңа қаланы көруге, жаңа ортамен тезірек табысуға алып-ұшып келемін. Түсер межеге жақындаған сайын жүрек деген асау тайдай тулап қояды. Сондағы бар ойым: теледидар арқылы танысып, жақын біліскен біздің әулеттің Айбегіне, атам мен әжемнің сүйікті ақынына сәлем беру болатын.
Ең алғаш рет Ұстазымды өзінің жұмыс кабинетінде көріп едім. Дұрысы, біз Салтанат апайым екеуіміз ағайға арнайы барып, сәлем бердік. Бұл – 31 тамыз. №301 кабинет. Басында қобалжи, жүрексіне кіретін кабинетім еді, кейіннен өзіміздің ортаның бас қосар алтын ұясына, емін-еркін кіріп шығатын Әкеміздің үйіне айналды. Алғаш кездескен сәтім, оның әдемі әзілі, өзіне тән жымиысы көңіліме қуаныш сыйлады. Беу, дүние-ай, тоқсаннан асып, торқалы жасқа жеткен марқұм Тоқтарбай атамның көрер бір қуанышты сәті осы еді. Өзінің сүйікті ақынына тұңғыш көрген шөбересінің шәкірт болғанын естігенде, бәлкім, Арқалыққа өзі барып, аманаттар ма еді… Қайтейік.
***
Салқыны сезілген қоңыр күз еді. Сары жапырақтар жерге қарай билеп, ырғала түсіп жатқан кез болатын. Еңселі ордам – АрқМПИ-дың бас ғимараты. №335 аудитория. Аудитория іші қазандай қайнап, улап-шулап жатыр. Бір уақытта ішке шашы сары, ұзын бойлы, күлімдеген әйел баласы кіріп, өзін таныстырды. Сойы – Айнаш Дәулетова! Филология ғылымының кандидаты. Біздің топқа куратор боп тағайындалған екен. Салдырлап сөйлеп, ішімізге кіріп, әрқайсымызбен лезде тіл табысып-ақ кетті. Біздің топта 34 студент екенбіз. Келесі топта 22 студент. Жалпы жиыны – елудің сыртындамыз. Шетінен бәрі ақын екен. Ол уақытта біз де өзімізше «шайыр» едік…
Біздер институт табалдырығын аттаған соң бірден, шығармашыл студент жастардың әдеби бірлестігі мен ғылыми қоғамына мүше болып, оның жұмысына белсене араласып кеткенбіз. Институтымызда өнерлі, талапты студенттердің басын қосатын Айбек Қалиевтің өзі құрған Міржақып Дулатұлы атындағы әдеби-мәдени бірлестік бар екенін естідік. «Естіртуші» жоғары курстың студенттері – Бекенов Шыңғыс пен Бекпенбетова Ләззат. Екеуі біздің топқа келіп, үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, кімнің қандай өнері бар екенін жазып алып кеткен. 13 қыркүйек күні №313 аудиторияға бәрімізді бірлестіктің алғашқы жиналысына шақырды. Жарық та, кең бөлмеде жанарлары жанып, сәулесі шашыраған кіл өнерлі жастар отыр. Өнер жолына «путевка» беретін кастинг сықылды. Бірі – ән салып отыр, бірі – арқырап өлең оқып тұр. Бірі – қиял жетегіне беріліп кеткен-ді. Үкілі үміттің сәулесін тұтатушы алып жүрек иесі – Айбек Қалиев! Ол – факультет деканы әрі осы бірлестік үйлестіруші, жетекшісі. Көптің арасында мен де тағатсыздана күтіп отырмын. «Жанам деген жүрекке от беремін!» дегендей бір нұрлы кейіппен аудиторияға аяңдай басып Ұстазымыз кірді. Өзі тым жайдарлы. Қаздың балаларындай әппақ боп тізіліп, бәріміз бірдей орнымыздан тұрып, сәлем бердік. Ағайымыз оқу орны, оның миссиясы және бірлестік туралы әңгімелерімен бөлісіп, бірлестіктің мақтанышына айналған мүшелерімен таныстырды. Байқап қарасам, бірлестікте тек филфактың ғана емес, өзге факультеттің де студенттері бар екен. Міне, осылай бірлестіктің алғашқы мүшелері Тоба Өтепбаев, Бағдат Оспанов, Серік Алпысов, Нұрсұлтан Шүленов, Толғанай Қазымбекова, Шыңғыс Бекенов, Ғабит Әбділда, Сандуғаш Ақпамбетова, Ләззат Бекпенбетова, Гүлжанат Әбдікереева, Ақгүл Қадырхановалармен танысып, бір үйдің балаларындай емен-жарқын араласа бастадық.
Айбек ағайымның ұстаздық сәулесіне молынан шомылып, Алаш тамырлы бәйтеректің саясындағы қызық пен шыжыққа толы күндерім ертегідегідей-ақ тым зулап өтті ғой. Мен де өзге студенттер секілді жатақхананың бірінен екіншісіне көшіп жүрдім. Бірақ мен сияқты жиі көшкен студент болмады ау арамызда. Кейде ерке, кейде тентек болып жүретін біз көшпенді болған ата-бабаларымыздан асып қайда барамыз! «Қаратаудың басынан көш келеді…» деп іштей әндетіп, Ғ. Қайырбеков № 9 «а» дан Е. Әуелбеков №32-ге орналастық. Агроколледж жатақханасы қалай десек те, өзгенің шаңырағы болған соң емін-еркін жүре алмай, қанатымызды кеңінен жая алмай, көкірегімізді кере алмай, именіп жүрдік те бір қысты өткеріп, Р. Маясова апамның атындағы көшенің №48 үйің яғни, АрқМПИ №2 жаңа жатақханасына тартып отырдық. Бұның аты жатақхана демесеңіз, заты шипажай, санаторий еді. Студенттер шіркін демалушылардай ғой! Бірақ «старшагым», жан досым Бекенов Шыңғыс оқуын бітірген соң, қызық дәурен өткендей, бұ жатақханаға да сыймай, педагогикалық колледж жатақханасына қоныс тепкенмін. Үш ай уақыт сонда тұрып, кәсіптік-техникалық лицейдің жатақханасын бір ай пана тұтып, ақыры ақын Рысханұлы Тынысбек достың «пансионатынан» жылы орын тапқанмын. Шығармашыл біздің нәзік жүрек, ала-құйын мінезіміз пансионаттың темір қатты тәртібіне шыдай алмай, тағы да «бүлік» шығарып, аттың басын Ұстазымның пәтеріне бұрдым. Бұл – менің соңғы курсымдағы береке тауып, ұзақта-а-а-а-у тұрған үйім болды. Айекемнің кіндігінен өнген Науан інім мен Маржан қарындасыма серік болып, «детскийдің» тұрғыны болған менде де арман жоқ-ау, тегі! Айбек ұстазым мен Жанар әпкемнің ырысты шаңырағының бір мүшесі болып, аман-есен оқуымды бітіріп, алтын ұямнан осылай түлеп ұшыппын…
***
Менің жүрегіме ерекше әсер еткен бір оқиға – Алаштың дегдары, қадірлі Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген киелі Сартүбек атырабы, Ақкөл ауылына барғаным еді. 2013 жылдың мамырында Айбек ұстазымыз Міржақып Дулатұлы атындағы бірлестік мүшелеріне арнап Арқалық – Аманкелді – Торғай – Ақкөл – Қарасу бағытында экскурсия ұйымдастырды. Басты мақсат – АрқМПИ-на студент тарту, мектеп бітірші түлектерге үгіт-насихат жұмысын жүргізу. Қасиетті Ақкөлге барып, Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген үйге кіріп, бабалар қорымына тағзым еттік. Дегдардың балалық шағы өткен қоңыр мекен – Сартүбекті тамашалап тұрған сәтімізде, «Ал, балалар! Ұлы Ахаң дүниеге келген топыраққа аунаңдар. Қазақтың бір жақсы ырымы – бұл!» деді. Жігіттер жағы аунап-қунап, жақсылыққа баладық. Саф алтыннан қымбат бір уыс топырақты құтыға салып алған едім, анда-сонда бас ауырып, балтырым сыздағанда, матаға салып, сипап қоямын. Ұлылар еліне барып келген соң, ұстазым: «Елдос, Ахаң туған топыраққа аунадың! Енді Алаш аманатына адал бол!», – деп ізгілік жолына салған-ды. Алашты тану, Алаш мұрасын зерттеу осылай басталған-ды. Бұл – қабылан азаматтың ақ жолды нұсқаған шағы еді.
***
Біздің Айбек ұстаз – көзінен мейірім, алақанынан ырыс-құт төгіліп тұратын жаны жайсаң жан. Біздерді ешқашан өз кіндігінен өнген балаларынан кем көрген емес. Бар қазақпен тонның ішкі бауындай жақсы араласып, біте қайнасып жүргені. Шапағаты мол, шуағы төгіліп, мейірімі тасып тұратын Қызыр Ілиястай ақ шапанының астына барлық шәкіртін алып, шәкірт жүрегіне адамдық пен адалдық дәнегін сепкені. Оның жүрегі кең екеніне анық көзім жеткен бір сәтім колледж студенттерімен кездесу барысында орын алған. Айекеңнің айтыс додасында жүргеніне мерейлі 20 жыл толып, ақтаңгер ақынмен бірнеше мәрте кездесулер ұйымдастырылды. Соның бірі – экономика және құқық колледжінде болған болатын. Сол кездесу барысында бір мұғалім: «Айбек, мен саған өкпелімін. Сенің бір шәкіртің Шыңғысың – қызылордалық. Елдосың – алматылық. Көбейің – шымкенттік. Торғайдың өз балаларын неге тәрбиелемейсің?» деген сыңайдағы бір түрлі сауалды қойды. Зал тегіс тынышталып, «Айбек не айтады» дегендей жанарларын Ұстазымызға қаратты. Құлағымызға жайсыз сөз шалынған біз де қолайсызданып қалдық. Ұстазымыз залда отырған көпшілікке тіке қарай отырып, әлгі кісіге: «Ұстаздың міндеті – шәкірт тәрбиелеу! Студенттерімді жеріне, еліне және тегіне қарап бөлсем, менің кім болғаным? Менің шәкірттерім қатарында тек оңтүстік өңірдің тумалары ғана емес, анау Қытай мен Моңғолиядан келген қандастарымда бар», – деп өзінің ұстанымын айтты. Залдағылар ұзақ қошемет көрсетті. Осы сәтті «ұтымды» пайдаланған қызылордалық Бекенов Шыңғыс орнынан атып тұрып, бар дауысымен екпіндетіп, Сырбай Мәуленовтің «Мен – Торғайлықпын!» өлеңін оқыды. Тағы да зал қуаныштан гүж ете түсті. Қазіргі күні Айекеңнің алдында шәкірт болып, оның дүниеауи ілім және адамгершілік турасындағы дәрісін тыңдап, өнегесін алған біздің қатарластарымыздың бәрі өз саласының маманы болып, абыройлы қызмет етіп жүр.
***
Институтқа студент болып қабылданған кезімде, ұстазым: «Елдос, сен енді факультетіміздің «тілі, құлағы һәм көзі» болуың керек!» деген. Төрт жыл бойы шама-шарқымыз жеткенше, ағайымның осы сөзіне адал болып, институттың тыныс-тіршілігі, Арқалық қаласының тарихы мен Торғай өңірі біраз дүние жазыппын. Оқу бітіретін жылы институт басшылығының қолдауымен «Мен де АрқМПИ түлегімін» атты публицистикалық мақалаларым мен ой-толғауларымнан бас құраған жеке кітабым жарық көрді. Бұл кітабым – Жетісудың Арқалықта оқыған баласының жүрек сөзі болатын. Бұл кітабым – өзімнің ғана емес, бірге оқыған ғұрыппаластарым мен замандастарымның, сондай-ақ 2011- 2015 жылдардағы Торғай өлкесінің шежіресі тәрізді өзіме тым ыстық, тым қымбат көрінеді.
***
2012 жылдың 18 қыркүйегі. 2 курс студенті атанған кезім еді. Бірлестігіміздің жаңа оқу жылындағы жалпы жиналысы. Ұстазымыз бірлестіктің өткен 2011-2012 оқу жылындағы атқарған жұмысын жалпы қорытындылай келе, сол кездегі басшылық құрамға, төраға Ғабит Әбділда мен төрайым Ақгүл Мырзабекқызына алғысын білдірді. Сосын бірлестік жетекшісінің шешімімен, мүшелерінің қолдауымен төрағалыққа мен сайланып, басшылық тізгінін қолға алдым. Бұл уақыт та мені жалпы институт студенттері «Жас Орда» студенттердің өзін-өзі басқару ұйымының «Институт Президентігіне» өткізіп жіберген екен. Сөйтіп, қос жоғары лауазымды қызметке тағайындалып, көшбасшылық қырымызбен танылуға зор мүмкіндік алдық. Бірлестіктің жаңа басшылық құрамын бекітіп, ұйымдастыру жұмысы жөніндегі орынбасарлыққа тілші қарындасым Сара Кеңесбайды, шығармашылық жұмыс жөніндегі орынбасарлыққа ақын досым Батырлан Сағынтаевты, жауапты хатшылыққа Тынысбек Рысханұлын, кеңесшілікке Айнұр Ұланбекқызын сайлап, мықты команда жасақтап алдық. Бұл – бірлестігіміздің жұлдызы шағы болса керек. Өйткені, осы жылы Нұркелді Спатаев досым басқарған «Ақиқат» дебат клубы, «әпенді» Көбей Жетібай басқарған «Руханият» студент жастар театры, Ұланбектің Айнұры екеуіміз бірігіп қолға алған «Шамшырақ» студент жастар газеті, институттың мультимедиалық кешенінің әзірлеуімен іске асқан, қалалық «Арқа дидары» телеарнасы арқылы көпшілікке жол тартқан «Парасат», «Ұлағат» ток-шоуы мен «АрқМПИ жаңалықтары» , Нұрдәулет Тойшиннің «Домбыра дастан» жыршы-термешілер клубы, «Жас қалам» ақындар клубы жиі-жиі шығармашылық жетістікке жетіп, табысымызды еселей түскен болатын.
2012 – 2013, 2013 – 2014 оқу жылдарында бірлестігімізге төрағалық етіп, 2014 жылдың 4 ақпанында басшылық тізгінін ақын досым, сенімді серігім болған Бекболат Қаленовке табыстап, ендігі де оның тілеулесі, пікірлесі болуға бекідік. Бекболатымыз бірлігі жарасқан ортаның шырайын кіргізіп, мерейін одан әрі үстем етті. Бекболат басшылық еткен шақта, бірлестігіміздің 5 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті. Бес жылдық аясында ежеттес дос Көбей Жетібай екеуіміз бірігіп, облыстық жастар театрында «Біз де АрқМПИ түлегіміз!» атты шығармашылық кешімізді өткізген едік. Осының бәрін еске алсам, тәтті естелік екен ау…
Қайран, қызыққа толы есіл күндерім!
***
Айбек Қалиевтің Арқалыққа келуі – аядай шаһардың әдеби-мәдени ортасына үлкен әсер етті. Айтыскер арда ақын, әдебиетші-ғалым туған жеріне келісімен-ақ рухани орта қалыптастырды. Анық есімде қалғаны, ұстамыздың кабинетіне келіп, ақылдасып, пікірлесіп тұратын. Мәселен, жазушы, өлкетанушы Әмірхан Абдуллин, марқұм, жазушы-сатирик Сейіт Кенжеахметұлы, Мираш қажы Тәшенов, Кәки Аханов, журналист-жазушы Жақсылық Жүнісұлы, композитор Жұмағали Өмірбек, ақын Молдатай Жапаров, қолөнер шебері Шөптібай Байділдин, ақын, жыршы Қуанышбай Қазымбеков, ақын Сейітқали Оташев, педагогЖәнібек Ғаббасұлы, дирижер Бораш Әбенов, журналист Хамит Досжанов, әнші Отаркүл Мұхатова, әнші Қарлығаш Жақыпбекқызы, марқұм ыбырайтанушы Роза Халыққызы, доцент Пернегүл Ахметқызы сынды жақсы-жайсаңдардың халық ұлына деген құрметі ерен еді. Ал, Айбек Киікбайұлының Ыбырай атындағы Арқалық пединститутына келуін қазақ ғылымы мен біліміне қосқан зор үлесі деп бағайлаймын. Біріншіден, ғылым кандидатының Астанадағы ұлттық университеттегі доценттік қызметін тастап, тұйық аймақтағы қарапайым оқу орнына келуі – оның туған жер алдындағы перзенттік парызы әрі құрметі екені анық. Екіншіден, ғылым кандидатының келуі – институттың академиялық мәртебесін одан әрі жоғарылатты. Біздің ұстаз ғылыми дәрежесі бар педагог қана емес, мұқым қазақ танитын алдаспан азамат емес пе! Оның осы халыққа жыға таныс болғандығы – институтқа талапкерлердің көптеп түсуіне де зор әсер етті. Жыл сайын жаңа түскен студенттен «Арқалыққа қалай келіп қалдың?» десең, «Менің алдымда оқуға түскен жерлесім бұл оқу орнында Айбек Қалиев декан болып қызмет етеді деп естігенбіз. Сөйтіп, құжат тапсырып, осында келіп қалдық» деп ыржиып тұратын. Үшіншіден, ұстазымыздың келуі – бізге, біздің азамат болып қалыптасуымызға хал-қадари себепкер болды. Тоба Өтепбаев, Азамат Мәлжанбай, Батырлан Сағынтаев, Бекболат Қаленовтей көпке танымал жас айтыскер ақындардың бәрі – осы аяулы алтын ұя – АрқМПИ-дың студенті, ардақты ұстазымыздың ықыласына бөленген төл шәкірті.
Өзінің қарапайым, иі жұмсақ мінезімен жанымызды баураған асыл да, ардақты ұстазымыздың иман, Алаш және ұлт мүддесі жайындағы әрбір әңгімесінен жүрегіміздің көзі ашылатын.
Бұл – тамсандырған ғизатлы Қалиев еді!
Толғандырған
Біз – профессор Айбек Киікбайұлы Қалиевтің ғылыми мектебінен шыңдалып, өнегесін алған шәкіртпіз. Бірінші курсымыздың соңында ағайымыз жеке қабылдап, ғылымға деген ынтамызды байқап, тақырып беріп, зерттеу ісіне баулыды. Көне газет, журнал тігінділерін ақтару, архив шаңын жұту – күнделікті ісімізге айналып, жаһұт іздеген «археолог» бола бастадық. Біздің ұстаз – даңқты энциклопедист-ғалым, қазақ әдебиеттануының могиканы Рымғали Нұрғалидың төл шәкірті. Зерделі ғалымның жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, әдебиеттану ғылымына «Торғай ақындық мектебі» ұғымын енгізген Айбек Киікбайұлының ғылыми-зерттеу нысаны – туған топырағының әдебиеті мен мәдениеті. «Ұлт ұясы» атанған киелі өңірден небір сөз зергерлері шығып, қазақ әдебиетінің мерейін өсірген. Торғай-ананың текті де, ырысты жатырынан қайырлы перзент дүниеге келіп, қазақтың оразды ел болуына қызмет етеді. Біздің топтасымыз, иықтас дос Батырлан Сағынтаев ұстазымыздың жетекшілігімен Торғай ақындарының шығармалары негізінде диплом жұмысын жазды. Игілігі – «Торғай ақындарының антологиясы» деп аталатын 5 томдық іргелі еңбек! Ал, Алтынай Кенжебаева Құтжан Қанжығалинді, Рысхан Тынысбек Күдері Жолдыбайұлынды, Саттарова Балнұр Байжан Қожарұлын, Балтабай Айымгүл Бөпіш Тоқсейітқызы мен Ғали Әбішевті, Базарбай Анар Тәшібай Әлмұхамедұлын, Нұргүл Мамедова Қашқынбай Қазыұлының әдеби мұрасын зерттеп, аймақтық әдебиеттің «бағын» ашты. Қарап отырсаңыз, осы жердегі Тынысбегіміздің кіндігі Шығыс Түркістанда кесілген, бүгінде Жетісуда тұратын қазақ, ал Балнұрымыз – шырайлы шымқаланың перзенті, Нұргүліміз – сырдың тумасы еді. Бұл – аядай Арқалықтағы жүрегіне тұтас Қазақстан сыйған Айбек әкеміздің ғылыми мектебі! Оның ойлағаны – қазағының бүтіндігі екенін кейін түсіндім. Асылы, біздің ұстаз – тағылым мектебінің тәлімгері!
***
Ұстазымыздың жетекшілігімен 2015 жылдың 11 маусымында «Қазақ әдебиетіндегі «түрме» шығармашылығы және эмигранттық кезең» тақырыбында диплом жұмысын қорғап, кафедрадағы кейбір оқытушыларымыздың «ұйымдастырылған» кермелерін үзіп, торлы тұзақтарынан аман-есен өткенбіз. «Аққа құдай жақ!» деген осы. Алланың алқауымен, Тәңірінің таңдауымен бұрын-соңды қазақ әдебиеттану ғылымында сөз болмаған келелі мәселені диплом жұмысымызға арқау етіп, ғылыми айналымға түсірсек, әрине, бұл – ұстазымыздың көрсеткен жолы, берген бағыты. Шіркін, біздің ұстаздың мәрттігі сол – шәкіртінің табысын өз табысындай көреді ғой.
Шәкірті үшін отқа да, суға да түсуге дайын тұратын асыл ұстазым-ай, тентек шәкірті үшін не істемеді десеңізші! Оқуымды тәмамдар алдында денсаулығым сыр беріп, елге кеткенмін. Торғайлық шарапаты мол, марқұм аса көрнекті көсемсөзші Жұмабек Кенжалиннің қолдауымен республикалық «Үркер» журналына жұмысқа алынып, әдебиет ісіне белсене араласамын деп, оқу бітіретінімді ұмытып кетіппін ғой… Әр қадамыңды аңдып, шалт басқаныңды күтіп жүретін кафедрамыздың «кеңпейіл» басшылығы үстімізден «домалақ» арызын үйіп-төгіп, заһарын төккен екен. Қара басып, қиял жетегінде жүрген біз мұның бірін де білмеппіз. Ақыры, «бүлік» шығарған Тоқтарбаевтың «ісі» Ғылыми кеңеске жетіпті. Қамқор, жанашыр көңілмен «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі Гүлфия Сапарғалиева мен ғалым-хатшы Зәуре Тойшыбекқызы хабарласып, мән-жайды баяндады. Сосын, сосын… шынайы ұстаз Айбек Қалиевтің «әупірімімен» қауіп-қатерден сүрінбей өттім-ау. Егер де Айбек ағайдың орнында басқа бір жан болғанда, менің жайым не болар еді? Әр қазақтың тағдырына толғанып, әр қазақтың мұңына қамкөңіл болған бекзадам менің!
***
2015 жылдың 23 маусымы. Бұл – біздің Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық пединститутындағы оқуымызды ресми түрде тәмамдап, диплом алған күніміз болатын. Бұл күн – жүрегімізде біресе қуанышымен, біресе өткір ызасымен жазылған күн. Қуанышы – ойдағыдай оқуымызды тәмамдап, ұлағатты ұстазым Айбек Киікбайұлының қолынан дипломымды алғаным. Өткір ызасы сол – төрт жыл бойы бізбенен «соғыс және бейбітшілік» халінде жүріп, оқу орнының басшысына сыртымыздан «жаман» атты қылған кафедра меңгерушісінің «жасанды мінезі».
Мен дипломымды алған күні-ақ, кешкісін елге ат басын бұрғанмын. Ал, біздің ғұрыппаластар сол күні «Жайна» мейрамханасында оқу бітіргенімізді ресми атап өткен-ді. Мені топтастарымның басым бөлігі жолға шығарып, «Ақ жол!» тіледі. Мен де: «Ал, жақсы тойлаңдар!» деп жылы лебіз білдіріп, ауылға қарай аттанғанмын. Сол күні кешкісін, «Вк» әлеуметтік желісіндегі «М.Дулатұлы атындағы бірлестіктің парақшасына» ұлағатты ұстазымыз: «Көшкен елдің жұртында қалғандай құлазып, жүрегім жұлым-жұлым болып жападан жалғыз қала бердім. Қанаты қатқан түлектерді ұшыру – өмір заңы, қанша қимасам да амал жоқ. Институттағы қым-қуыт тірліктен, кейбір «күншіл» әріптестерімнің арсыз әрекеттерінен жалығып-жабығып, солардың пенделік тірлігінен қашу үшін жасап алған өз әлемім бар еді, ол осы бірлестік болатын. Бұл әлемде әрқайсыңның өз орындарың бар, менің сүйікті шәкірттерім! Бүгін сендерді түлетіп тұрып осы ой миымды шақты да тұрды. Құдай-ау, тіпті Сәбитов Талғат пен Мақсаттың орны да бөлек екен-ау… Қыдыркүл мен Айсара ән салғанда, бұлардың Арқалық сахнасында салған соңғы әндері екенін сезіну өте ауыр болды. Ұяң мінез Ұлдана, Қожанасыр Көбеш, тентек Елдос, қыз мінезді Нұрдәулет, қайсар Батош, бал мінез Балнұр, ерке Жәнібек пен Рауан, Жанна, Анар, Айымгүл мен Анар, Нұргүл мен Мәруана, абсурд Асылан, тізе берсем бәріңнің орның ерекше. Алла жар болсын, сендерге ақ жол тіледім, сүйікті шәкірттерім!!! (24 маусым, 2015 жыл. Сағат 1:09) », – деп қимас сезіммен өз ойын жазыпты. Пойыздың екінші полкасында жатып алып, сығырайған «сетьпенен» боздап отырып оқыдым. Адам дәргейінде өте кең, бауырмал, ұстаз райында талапшыл болған ғазиз жанның жүректі тебіренткен сөзі!
***
Адамның сұлулығы – шынайылығы мен көркемдігінде. Имани гүл Абай хәкім айтқан «Толық адамның» жүрегіне өскенде, ол айналасына ізгілігін көрсетеді. Хақ жолында ақ жүреді. Сіз – өмір мен өнердегі шындық «кемесінің» капитаны болсаңыз, біз – ақ желкенді қайығы болармыз! Біз бүгін әдеби сынға батыл араласып, ойымыздың әділі мен анығын ашық айта алсақ, ол – Сіздің тағылымды дәрісіңізден дарыған жақсы қасиет ұшқыны дер едім.
***
Бұл – шәкіртін толғандырған «Адамдық диханшысы» еді!
PS: Бекзада өнердің байырғы дәстүрін өтпелі кезеңде жаңғыртып, Бұқар бабасының үлгісімен ел билеушісіне датын айтқан байрақты азамат – семсер сөздің нағыз сардары боп, бүгінгі айтыс аламанының көшін бастап келеді; Туған топырағының топжарған тарландарының асыл мұрасын ыждаһатпен жинап, індете зерттеп жүрген көшелі азамат соңынан қалың шәкірттерін ертіп келеді; Сәруар азамат ақ селеулі сайын даламызға кісілік пен кішіліктің, адалдық пен имандылықтың, әділдік пен парасаттылықтың шапағатын төгіп келеді…
Алаштың жауһар сөзінің құдіретті күшімен ерте есейген Айбек ақын – төртінші ондығына дүйім жұртымен, үрім-бұтағымен аман-есен жетіп отыр. Қадірлі Ұстазым, Сіз – кез келген шәкіртіңізді алаламай, бөлмей, тұтас жақсы көріп, бауырына басқысы келіп тұратын жақсы жансыз. Мен Сіздің осы тұтас жақсы көретін асыл қасиетіңізге тәнтімін. Бақуатты ғұмыр кешіңіз, сүйікті «Муаллим сана!».
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
әдебиет сыншысы,
ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты