ӘДІЛЕТ ІЗДЕП ШАРҚ ҰРАДЫ
…Таң алды болатын. Бір топ қаскүнем есіктен төрге баса-көктеп өте шықты. Шырт ұйқыда жатқан Абылайды ат-жөнсіз төмпештей жөнелді. Есін жидырмастан әлдебіреуі кеуде тұсынан пышақ ұрып кеп жіберді. Оқиға орнында жан тапсырғанына қарамастан, қаскөйлер денені далаға сүйреп әкетіп, тепкілеулерін жалғастырады. Жан түршігерлік қылмысқа көзбе-көз куә болған шарасыз ана мен шиеттей бала-шаға зар еңіреп қала берді…
Марқұм Абылай Шыңғысов Жанкелдин ауданындағы Шеген ауылының тумасы еді. Анасымен, жұбайымен және балаларымен Есіл ауданының Красивый ауылында тұратын. Жасы 30-ға енді келген… Қиғаш келген қасіреттің қара жамылдырғаны аздай, қасақана қылмыс жасағандардың жауаптан босатылғандығы марқұмның туыс-туғандарының қабырғасына батады. Қылмыскерлердің біреуі ғана бар кінәні мойнына алып, қалған үшеуі бостандықта жүр. Жапа шегуші тарапты қазір жүргізіліп жатқан тергеу жұмысы қанағаттандырмайды. Олардың жалғыз қалауы – қалайда әділеттікке қол жеткізу, қандықолдардың барлығына тиісті жазаларын тартқызу. Алайда, марқұмның ілік-жақындарының сөзінше, әзірге бұл талпыныстан қайран болмай отыр. "Қылмыстық іс құдды бір жәбірленушілердің емес, күдіктілердің "жоғын түгендеу" үшін жүргізіліп жатқандай көрінеді" дейді Абылайдың анасы Зәуреш Шыңғысова.
Әділеттілік үшін жанын салып ізденіп жүрген қасіретті ана шарасыздық соқпағымен біздің редакцияға келді. Ол әуелі сол күнгі жантүршігерлік оқиғаны бастан-аяқ баяндауға көшті.
" Орны толмас өкінішке соқтырған қасіретті жағдайға балам Абылай Шыңғысов пен туған апам Ботагөздің ұлы Айбол Қапаровтың күндіз шатысып қалуы себеп болды, – деп бастады әңгімесін Зәуреш апа, бір терең күрсініп алды да. Сөзін бөлмей тыңдауға бекіндік. – Өзім сол ауылда мұғалім болып жұмыс істейтінмін. Жұмыстан үйге келсем, ішімдікті ортақтасып отырған Абылай Айболмен жанжалдасып жатыр екен. Ешқандай ұру-соғу болған жоқ. Араларына түсіп, тынышталдырып, Айболды жөніне жібердім. Ол үйіне барып, Абылайдан таяқ жегенін айтып, айқай-шу шығарыпты. Біраз уақыттан соң үсті-басы қан-қан, беті көгерген Айболдың шешесі біздің үйге келіп, баласының көкала қойдай сабалғанын айтып, "мен мұны бұлай қалдырмаймын, Абылайдың түбіне жетемін. Астанадан Айбекті шақыртып, бүгіннен қалдырмай өлтіртем" деп қарғанып-сіленді… Айбек дегені – Айболдан кейінгі ұлы. Сөйтіп, оны үйіне апарып салдым. Апам ызаға булыққан қалпы, жерден алып, жерге салуын тоқтатар емес. Асүйінің іші астаң-кестең. Үйінде арғы бөлмеде жатқан Айболды көріп шошып кеттім. Оның бетінен бет жоқ, аяғы қанға шылқып жатыр. Таңдандым. Үйден есен-сау кеткен болатын. Ол да "Абылайды өлтірем!" деп тістеніп шыға келді. Басу айтқандай болып шығып кеттім. Сол күні көңілім алабұртып жүрді. Жаман нәрседен сезіктенгендей, сол күні балаларымның бөлмесіне, кіреберісіне төсек салып жаттым. Бір кезде, шамамен сағат таңғы 4-тер шамасында асүйдің терезесі қағылды. Есікке жақындап едім, "Тәте, мен ғой Айбек" деді сыпайы үнмен. Мен ашар-ашпасымды білмей, дағдарылып тұрып қалдым. Бірақ Абылай оянып кете ме деген күдікпен тиекті ағытып жібергенім сол еді, Айбек мені итеріп жіберіп, соңынан 4 адам сауылдап баса-көктеп үйге кіріп кетті. Екеуінің қолында – шегелері шығып тұрған қоршау тақтайы (штакетник), Айбек өзі саусақтары кесілген қара қолғап киіп алған, ішінде кастет бар сияқты, тағы бірінің қолында кесілген лом бар. Ломмен қаруланған түсі суық жігітпен көз қадасып, қаттым да қалдым. Жатын бөлмеден келінім Ақботаның жанұшыра айқайлаған дауысы естілді. Барсам, әлгілер Абылайымды жан-жақтан тоқтаусыз, аяусыз ұрып жатыр екен. Біздің жалынғанымызға қарағысы келмейді. Бір кезде мен қолына сүймен ұстаған қаскүнемді өткізбей, жолын қалқалай бердім. Сөйтіп жүргенімде айқай-шудан үрпиіп, бұрышқа тығылып қалған 6 жасар немерем Арсен маған жетіп келіп, "Айбек ағам папама пышақ тығып алды" деп жыламсырап тұр. Тұла-бойым қалшылдап кетті. Жан ұшыра сол жаққа қарай жүгіргенімде әлгі қаныпезерлер Абылайды далаға сүйреп әкетіп барады. Зар қағып, жер тепкілеп жалынғанымызға қараған жоқ. Соңынан қуалап шығудан басқа қолымыздан ештеңе келмеді. Абылайымда тіршіліктің еш нышаны болмағандай көрінді маған. Беттен бет жоқ, қу сүлдері салбырап барады. Аулаға алып шығып әлгілер суық қаруларымен тағы соққының астына ала бастады. Аулада көлік тұр екен. Ішінен күндіз ілініскен Айбол Қапаров атып шығып, баламның басына секіре бастады. Көздері қанталаған баскесерлер бізді жолатпайды. Бір уақытта әлдебіреуі "мынау өліп қалды-ау деймін, бір жаққа апарып көміп тастайық" дейді. Біздің бар-жоғымызды пысқырып та тұрған жоқ. Сөйтті де, көліктерінің артқы жүксалғышына Абылайды тиеп алғылары келді. Ақбота келініміз екеуміз Айбекке жалынып-жалбарынып, тастап кетулерін өтіндік. Сол кезде ол Абылайды сүйретіп әкеліп, үйдің дәлізіне лақтырып тастап кетті. Сонда да болса істеген істеріне еш өкініп тұрған жоқ. Айбек келінім Ақботаға: "Ана жолы келгенде тәтемді, сені, балаларды аяғанмын. Осы жолы сотталсам да өлтіріп сотталамын", – деді де жөніне кете барды. Етегіміз жасқа толып, зар еңіреп біз қалдық. Ұлардай шулап соңында екі баласы қалды. Үйде сіңілімнің Астанадан қыдырып келген тағы екі баласы бар еді. Олар да бұл сұмдыққа куә болды. Келінім де жесір, жұмыссыз, баспанасыз қалып отыр…" – деп, көз жасына ерік беріп, сай-сүйегі сырқыраған ана сөзін әрең аяқтады.
(Абылай екі ұлымен)
Оның жанына бататыны – Есіл АІІБ бұл қылмыстық істі жәбірленуші жақтың көңілі толарлықтай қарап жатпағандығы. Барлық кінә Айболдың ғана мойнына ілінгелі отыр. Ал Абылайды өлтіргендердің есімін бұл кісі жатқа біледі: Айбек Қапаров (пышақ салған), Диас Өтеев, Думан Серік, Нұрбек Жолдасов. Олар қазір ештеңе болмағандай емін-еркін бостандықта жүр екен. Ал денесінің сау-тамтығы қалмай, адам танығысыз болып ұрып-соғылған Абылай, мәйітхананың "анықтамасына" сәйкес, "жеңіл зақым алған" деп танылып отыр. Бұл – марқұмның отбасы оқиғаны өз көздерімен көргендіктен мүлдем шындыққа жақындамайды.
"Ол пышақ сұғылғанға дейін ұрып-соғудан қаза болған болуы әбден мүмкін. Оның үстіне, тергеуші Болат Омаровтың істі жеңіл-желпі қарап жатқаны алаңдатады. Ол кастет, сүймен сынды суық қарулардың жоғалып кеткенін, пышақта саусақ іздерінің жоқтығын алға тартып, іске қатыссыз қылып отыр. Менің мақсатым – қалайда қанішерлердің бәріне тиісті жазасын тартқызу. Бұл әзірге аудандық деңгейде мүмкін болмайтын түрі бар", – дейді ашынған ана. Сондықтан, ол сот болғанға дейін бұл "көлеңкелі" істі тексерулерін өтініп, жоғарғы жаққа жүгінуге бекініп отыр. Қасіреттен қара жамылған отбасы әлі болса әділеттен үміт үзбейді.
Сондай-ақ, осы мәселеге қатысты марқұмның кемді күн досы болған, Қостанай қаласында тұратын Тимур Дүйсеков те тергеушілердің заңға томпақ келетін әрекеттерін әшкерелеу үшін көптеген құзіретті орындарға хат жолдапты. Өзінің айтуынша, өтініш ескерілер деген үмітпен ҚР ІІМ-не, қоғамдық пікір туындатар деген сеніммен "31", "КТК" арналарына т.б. мекеме-органдарға жүгінген. Алайда, хат жолданған (бәлкім қабылдаған) әлгі орындар әлі үнсіз көрінеді…