Өрт сөндірушілер жалақысы өседі

Олардың жалақысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандарының еңбекақысымен теңестіріледі. Бұл туралы ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Титов мәлімдеді.Министрлік өкілінің айтуынша, өрт сөндірушілердің жалақысы атқарар қызметін ақтамайды. Мәселен, қызметке бірінші жыл келген адам 115 мың теңге, ал 20 жыл өтілі бар құтқарушы 200 мың теңге алады екен.
«Барлығымыз бұл айлықтың көп емес екенін жақсы түсінеміз. Осы біздің құтқару қызметіне келгісі келетін адам осындай айлықты естиді да, өз ойынан айнып қалады. Бүгін-ертең министр Үкімет басшысына барады, сондықтан бұл мәселе шешіледі», – деді вице-министр.
Дәл қазіргі кезде елімізде өрт сөндіру бағытында 19 мыңнан аса қызметкер бар екен. Олардың орташа жалақысы барлығына бірдей жеке тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ тұрақты тұру үшін жайлы тұрғын үйді жалға алуға мүмкіндік бермейді. Осылайша қызметкерлер санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін пәтерлерді, бөлмелерді жалға алуға мәжбүр болады. Оның үстіне, жасы ұлғайған сайын құтқарушыларға ауыр жүктемелермен күресу қиындай түсетінін қосыңыз. Осының бәрі аталған сала қызметкерлеріне баса назар аударуға негіз бола алады.
Мұның сыртында, Д.Титов жыл соңына дейін еліміздің өрт сөндіру стансаларында материалдық-техникалық базалардың жабдықталуы 72 процентке дейін жеткізілетінін айтты. Әрбір техниканың құны 100 миллион теңгеге жуықтайды екен. Сондықтан оны тез арада толық жаңарту мүмкін емес.
"Бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар министрлігінің материалдық-техникалық жабдықталуы 69 процентке тең. Жыл сайын бюджеттен өрт сөндіру техникасын сатып алуға тиісті қаражат бөлінеді. Бірақ біз қолданатын автоцистерналардың бағасы 90 миллион теңгеден асады. Егер полиция қызметінің көліктерімен салыстыратын болсақ, біздегі техника 8 есеге қымбат. Сондықтан екі ведомствоға бірдей сома бөлінеді дейтін болсақ, біз басқа ведомствоға қарағанда әлдеқайда аз машина сатып аламыз. Осыны ескерген жөн», – деп түйіндеді вице-министр.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓