Науқанның нақ қызған шағы
1 тамызда елімізде "Мектепке жол" жалпы республикалық акциясы басталғаны баршаңызға аян. Аталмыш науқан аясында бүгінде Сарыкөл ауданында 25 отбасыға көмек көрсетіліп, 35 бала оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды.
Осы шараға алғашқылардың бірі болып, "Қабдеш ата" мешітінің имамы Мұрат Тоқпаев, Крылов, Сарыкөл, Бекет Өтетілеуов мектептерінің ұжымы және "Сарыкөл" аудандық газеті атсалысты.
Науқанның нақ қызған шағында №1 Урицк орта мектебінің оқушысы Жан Такишевке көмек көрсетілді. Мектепке киер киім-кешек пен спорттық форма, қажетті құрал-жабдықтар сатып әперді. Әжесінен өзге жақыны жоқ бала бір сәт бақытқа бөленіп, өзін қолдайтын жандардың барын сезінді. Жаны жадырып, көзі күлімдеп, ерекше қуанды. Ол оқу жылын, әсіресе, сүйікті мұғалімдері мен достарын тағатсыздана күтіп жүр. Енді, міне, балақайдың мектепке баруына еш кедергі жоқ.
Бір айта кетерлік жәйт, биылғы жылы сарыкөлдік 300 бала көмек, қолдауға зәру. Олар – аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққандар мен жетімдер.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.