Көне Бозоқ орнында – жаңа Астана (БЕЙНЕ)

"Астана – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі".

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев


Қазақ хандығы құрылғалы бері астана 9 рет орын өзгертіпті. Алғашқы Керей мен Жәнібек ұлан ғайыр даламызға орда тікен замандағы бас шаһарымыз Созақ 15 жылдай астана қызметін атқарған екен. Одан кейін Сығанақ, Йасы (Түркістан), Шаш (Ташкент). Кеңес дәуіріндегі Алаш астанасы болған Семей, одан кейінгі Орынбор, Ақмешіт (Қызылорда), Алматы мен бүгінгі Астана болғанын білеміз. Бүгінгі Елордамыздың архивінде астана тарихына қатысты 370 мың құжат сақтаулы тұр.   бозок 1

Ал біздің жаңа дәуірдегі бас қаламыздың тұрған орны тарихи-жағырапиялық, саяси-экономикалық тұрғыдан бекер таңдалып алынған жоқ. Өткенге жүгінсек, бұл мекен VIII-X ғасырларда Ұлы Жiбек жолы бойындағы Бозоқ қалашығының орны болғандығы дәлелденді. Алғашқыда Бұзоқ (Бұзық) деп аталған Бозоқ қонысы Есіл өзенінің сол жағалауы бойындағы ми батпақ арасында орналасқандықтан күні бүгінге дейін сақталған.

1997 жылдан бастап отандық археолог Кемел Ақышев Нұра мен Есіл өзендерінің барлық тармақтары бойына үлкен зерттеулер жүргізді. 1998 жылы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен К.Ақышев жетекшілік еткен Есіл археологиялық экспедициясы құрылды. Келесі жылы қираған қалашық орнында қазба жұмыстары басталды. Бұл жерде VIII ғасырдан бастау алатын, XVI-XVII ғасырларға дейін ежелгі Бозоқ қаласының орны табылуы таңғажайып оқиға болды. Бұл мекен атауын білдіретін мағынаны Мемлекет басшысымен талқылау барысында Бозоқ деген атау археологиялық феномен үшін қолайлы деген ортақ пікірге келеді. Мағынасына қарай «бұзық» деген түркі-оғыздық термин – терең бойлайтын, бұзатын оқ дегенді білдіреді, ал егер бұл сөзді «боз оқ» деп өзгертсек, боз, ашық оқ дегенді білдірмек.бозок 2

К.Ақышевтың пікірінше, VIII–XV ғасырларда Қазақстанның далалық аймақтары ордакент – қалаларының пайда болуы, бекініс – баспаналардың тұрғызылуы, әскери бөлімшелер мен жергілікті билеушілер отыратын ордалардың салынуы отырықшылықтың пайда болуы мен дамуына негіз болды. Осындай қалашықтардың бірі – Бозоқ қаласы болды. Бастапқы кезде кішігірім шаһар жергілікті билеушінің ордасы болған екен. Ғалымдар бұл өңірге аэрофото түсірілімдер жасады.

1816 жылы Есіл-Нұра өңіріне келген офицер И.Шангин кішігірім қала жұрнақтары қалған ежелгі Бозоқ қаласын көреді. Ал 1946-1976 жылдар аралығында әйгілі қазақ ғалымы, тарихшы, археолог Ә.Марғұлан осы өлкедегі қалашықтар туралы мәліметтер келтірді. 1927 жылы көне қалашықта ақмолалық өлкетанушы Л.Семенов қазба жұмыстарын жүргізді. Тарих ғылымының докторы Зиябек Қабылдинов Ресейдің әскери-тарихи мұра­ғатынан И.Шангиннің жеке қорын кездестіріп, Бозоқ қалашығы картасының түпнұсқасын көргенін жазды.

Астананың орнында және төңірегінде 3,5 мың ауыл болғаны жайында аз айтылып жүрген жоқ. Ол Бозоқ «көшпенді қалалардың орталық өзегі» болған дегенді келтіреді. Оның да себебі жоқ емес. Өйткені, Есіл мен Нұра өзендері тасыған кезде маңайдың бәрін су басады да, тек осы биіктікте орналасқан қалашық құрғақта қалады. Су басқан жерлер көкорай шалғын бай жайылымға айналады. Бұл мал жайылымына да қолайлы өңір болатыны белгілі.бозок

Сонымен қатар бұл қала көшпелілер билеушiлерiнiң резиденциясы болғанын оның құрылымына қарап аңғару қиын емес. Бозоқ құрылымы жағынан бірегей ортағасырлық қалашық. Ол үш бөліктен тұрады. Орталық бөлігінде ормен қоршалған, солтүстік бөлігінде тұрғын-үй және өндірістік жайлар орналасқан, ал оңтүстігінде қорым бар. Бұған қоса жолаушы мен керуендер үшiн даланың географиялық айрығы ретiнде және дiни-рәмiздiк орталығы саналғанын айта кету керек. XIV-XV ғасырларға жататын 5 кесене қазылып алынса, соның біреуі христиандық болып саналады. Демек, дінді ұстануға еріктілік сақталып, келген керуеншілердің дініне деген құрмет белгісінің болғандығын дәлелдейді. Ал енді тарихтың қайталанғандығын қарасаңызшы, ежелгі Бозоқ қаласы – рухани және дәстүрлі мәдениеттің орталығы болса, қазіргі Астанамыз да дәрежесі жоғары деңгейге көтерілген, рухани келісім мен әлем діндері бас қосатын, дүниежүзілік маңызы бар шаралар мен күрделі келіссөздер өткізетін орталыққа айналып отыр.

Бертін археологтар Бозоқ орнынан жасы елу шамасындағы жауынгер әйелдің мүрдесін тапты. Жауынгер-әйелдің кескіні Мәскеуде Ресей Ғылым академиясының, Антропология және этнология институтының әйгілі антропологиялық реконструкциялау зертханасында қалпына келтірілді. Оның үстінде жібек жамылғы, басында дулыға пішінді бас киімі болған. Қолында күміс білезік, құлағында күміс сырға. Бас киімі ұсақ меруерт тастармен көмкерілген және каури қабыршығымен қапталған. Онымен бірге темір найза, күміс тостаған, жүгеннің ауыздығы табылған. Бұл да әйел затының ер адамдармен бірге шайқастарға қатысқанын әйгілеп тұр.

Міне, орта ғасырларда сауда-керуен, мәдени-рухани өмірдің орталығы болған Бозоқ шаһарының жалғасы ретінде ХХІ ғасыр қаласы Астананың бой көтеруі заңды да. Елордамыздың бас қала болғанының 20 жылдығына орай «Қостанай таңы» басылымының оның терең тарихына бойлаған әлқисса айтары осы. Ал мына видеода көне Бозоқ орнының ұшар биіктен түсірілген көрінісін ұсынамыз.

 

Қыдырбек Қиысханұлы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓