Жаңа жоба – “Ақылды көлік”
Қостанайда «Ақылды көлік» қосымшасы жасалып жатыр. Бұл туралы экономика саласын цифрландыруға байланысты өткен жиында мәлім болды. Қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Алексей Тарасовтың айтуынша, Қостанай қаласында «Smart city» жобасының 5 бағыты жүзеге асырылады. Солардың бірі – «Ақылды көлік».
«Бұл кешенді жүйе жолаушыларды қоғамдық көлік қозғалысының кестесі, автобустардың жүретін жолы туралы жедел ақпаратпен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар орын алған болса, лезде хабар береді. Қала тұрғындары аталған жобаның қосымшасын өз телефондарына жүктей алады», – дейді Тарасов.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев алдымен әлеуметті желілерді пайдаланып, халықты құлақтандыруға шақырды.
«Бұл жобалардың барлығы шенеуніктерге емес, тұрғындар үшін жасалып жатыр. Сондықтан әлеуметтік желілер арқылы халықты ақпараттандырыңыздар. Сауалнама алып, кері байланыс жүргізіңіздер. Кемшін тұстарын анықтау керек», – деді Мейіржан Мырзалиев.
Жиынға қатысқан «Astana Innovations» компаниясының сарапшысы Александр Чуприн де цифрландыруға байланысты пікірін айтты. «Расын айту керек, сіздер енгізгелі жатқан қосымшаны астаналықтар біраздан бері пайдаланып келеді. Бұған қоса, Елордада көше қозғалысын реттейтін «Сергек» атты бағдарлама бар. Сондай-ақ, «Smart city» жобасының тағы бір тармағы «ақылды көше шамдарын» да іске қосуды ұсынамын. Осы арқылы көшелерді жарықтандыруға жұмсалатын электр қуатын 60 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік аласыздар. Бастысы шамдарды күтіп ұстауға кететін шығындар азаяды», – дейді маман.
Қасқырбай Қойшыманов