Көшпелі этно-ауыл шақырады
Жангелдин ауданында жылжымалы киіз үй глэмпиңі ашылды. Бұл туралы "ЭК" сайтының тілшісі жазады.
Бүгінде Жангелдин ауданында қонақ үй жеткіліксіз. Бұл өз кезегінде тарихи мекенге туристер тартуға кедергі келтіреді. Кәсіпкер Амандық Әмірхамзин сол үшін де өзі туған өңірде көшпелі ауыл ашсам деген ойға бекіді. Былтыр карантин кезінде онлайн дәрістер оқып, жеті бірдей сертификат алды. Білімін толықтырғасын, білек түріп іске кірісті.
"Аудан бойынша тек Торғай кентінде бір-екі қонақ үй бар. Оның өзі "әкім-қаралардан" артылмайды. Біздің жақта ауылдардың арасы ұзақ. Жататын жайлы орын болмағандықтан, туристер келе қоймайды. Жерлестерімнің тек мал шаруашылығымен отырғанына жаным ашиды. Тіпті олардың өндірген құрт-майын өткізуінің өзі мұң. Саяхатшылар құр қол келмесі белгілі. Торғайдың табиғи таза өнімдерін қызығушылықпен сатып алады. Сол үшін туған жерімде туризмді дамытуға ден қойдым. Бұл таза әлеуметтік жоба", — дейді кәсіпкер.
Киіз үй глэмпиңі Албарбөгет ауылдық округіне қарасты Жартоғай өзенінің жағасында орналасқан. Бұл жер әйгілі Құмкөшу құмы мен Торғай геоглифтерінен аса алыс емес. Төңірегенде одан бөлек тарихи-мәдени нысандар бар. Қазір төрт киіз үй тігілген. Оның біреуі ас үй, екіншісі отбасылық "бөлме", қалған екі шаңырақтың бірі ерлерге, екіншісі әйелдерге арналған. Мұнда табиғат аясында демалып, балық алып, атқа мініп саясхттап, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм тату ұсынылады. Сондай-ақ, садақ тартып, асық ойнаймын деушілерге де жағдай жасалған.
"Болашақта баяғы қазақ ауылының үлгісін жаңғыртып, он-он екі үй тігуді жоспарлап отырмын. Киіз үй болғанмен іші кәдімгі пәтерлерден кем емес. Кереует, жиһаздар қойылады. "Глэмпиң" дегеннің де мағынасы сол, барлық қолайлы жағдайды жасау. Сосын туристер аймақтың жануарлар әлемін тамашалай алады. Қазір біздің жайлауда киік өріп жүр. Келушілердің 70 пайызы ақбөкендерді көзімен көретініне кепіл бола аламын", — дейді Амандық Әмірхамзин.
Кәсіпкер ойын жүзеге асыру үшін Жануарлар дүниесін қорғаудың Дүниежүзілік қорының көмегімен 5,5 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Оған Нұр-Сұлтандағы үйін кепілдікке қойған. Ол өзінің бастамасының жемісті боларына сенімді. Себебі, аймақта саяхатшыларды қызықтыратын орындар көп. Мәселен, инфрақұрылым, жатын орын, лайықты қонақ үй болмағандықтан өңірдегі шипалы ыстық су мен қара тұз кеніші "жабайы туризм" нысанына айналып, бей-берекет пайдаланылып жатыр.