Бас дәрігер мен оның есепшілері…
Облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдегендей, жақында Ұзынкөл аудандық сотында аудандық орталық аурухананың бас дәрігері К.Ержановқа және аурухананың бас бухгалтері А.Жақантаева мен есепші-кассир Л.Дабаеваға қатысты ҚР ҚК 176-бабы 4-бөлігі, "б" тармағы бойынша қылмыстық іс қаралды.
Іс материалдары бойынша, 2013 жылдың сәуірі мен 2016 жылдың желтоқсаны аралығында Ұзынкөл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері екі есепшімен бірлесіп арухана тарапынан көрсетілген ақылы қызметтен түскен қолма-қол ақшаның барын біліп, оны аурухана Жарғысынан тыс мақсаттарға жұмсаған. Олар тиісті құжаттарды жасамай, заңды айналып өтіп, аса ірі мөлшердегі қаражатты өздерінің қажеттіліктеріне жаратқан. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 9 660 808 теңгені құрады.
Сот талқылауы барысында үшеуі де тағылған айыпты жоққа шығарды. Дегенмен, Ұзынкөл аудандық сотының үкімімен айыпталушылар кінәлі деп танылып, оларға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушылар сот залында тұтқындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қ.МАРАТҚЫЗЫ