Ірі көлемде ұрлық жасаған
Аса ірі көлемде зергерлік бұйымдарды ұрлаған күдіктілер ұсталды. Қылмыстық оқиға Ұзынкөл ауданында өткен жылдың 6 желтоқсан күні болған. Аудан орталығындағы құнды бұйымдар сататын сауда орнының біріндегі пластикалық терезені қайырып, 2 миллион 700 мың теңгенің бағалы тастарын қолды қылып кеткен. Жедел іздестіру кезінде тәртіп сақшылары екі адамнан күдіктенген.
28 желтоқсан күні бірінші күдікті полицейлердің қолына түсті. Ол 24 жастағы аудан тұрғыны болып шықты. Бұрын сотталған. Ұсталғанға дейін ол зергерлік бұйымдарды сатып үлгеріпті. Тергеу кезінде анықталғандай, сезікті ұрлықты өзінің көрші ауылда тұратын танысымен бірігіп істеген. Ол да бұрын ұрлық жасағаны үшін қылмысқа тартылған. Тәртіп сақшылары екінші ұрыны 8 қаңтар күні кешке облыс орталығынан ұстады. Күдікті Кобыланды батыр көшесіндегі аялдамадан түсіп, қашпақ болған. Ұстау кезінде ол полицейлерге бағынбай, өзін-өзі ұра бастаған. Сондай-ақ, күдіктіге тағы да ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 1 бөлімі 667 бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Қазір ол Ұзынкөл аудандық уақытша ұстау изоляторына қамалып, ҚР ҚК 3 бөлімі 188 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейін тергеу жүргізілуде.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ