БЕЙСЕУОВТЕН БАТА АЛҒАН
Елде сазгер Қалибек Деріпсалдинді білмейтіндер кемде-кем. Кешегі Нұрғиса мен Әсеттерден бата алған өнерпаз бүгінде алпыс бесті алқымдады.
Қалибек Деріпсалдин – соны әндердің авторы. Анасы Мағия 50-60 жылдары колхоз театрында әнші болған. Аманкелдіге белгілі ұстаз Аманбай Мұқышев шәкіртінің бойындағы дарынды ерте сезді, оны ән өнеріне әкелді. Сөйтіп, Қалекең 1970 жылы өзі шығарған күйімен облыстық оқушылар фестивалінде топ жарды. Міне, сол кезден басталған жетістік жолы әлі де жалғасуда. Сахнада сергек Қалибек аға жақында Астанада өткен республикалық «Елім менің» патриоттық әндер конкурсынан жүлделі оралды.
«Бұл сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден астам шығарма келіп түсті. Осы беделді байқауға Тұрғынбек Досмағамбетовтың сөзіне жазылған менің «Шексіз алғыс сіздерге» әнім жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Жалпы, біздің батыр атындағы ауданымыздан (Аманкелді ауд. – автор) қаншама мықты өнерпаздар шықты. Олар туралы айтсақ, таңды-таңға жалғауға болады. Халықтан асып қайда барасың? Жұртың сенің талантыңды мойындап, өнеріңе сүйсініп жатса, шығармашылық адамға бұдан артық бақыт бар ма?» – дейді композитор.
Айтпақшы, Қазақтан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қалибек Деріпсалдин Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың 2016 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығы бойынша «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ол Алматы, Астана, Орал, Атырау, Көкшетау, Петропавл, Қарағанды, Шымкент қалаларында шығармашылық кешін өткізді.
Қалибек Деріпсалдин белгілі ақындар: Тұманбай Молдағалиев, Серікбай Оспанов, Жұмаш Сомжүрек, Бүркіт Бекетов және Бақытжан Сәуекеновтердің жырларына саз ұялатты. Оның «Ақ жеңеше», «Қайдасың аңсағаным?», «Торғай қызы», «Беу, қыздар-ай!», «Аққуым», «Арман айым», «Айлы түнде» әндері Торғай өңіріндегі әр қазаққа таныс. Әр жылдары жазған әндерін Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртістер Ұлжан Айнақұлова, Ғазиза Жұмекенова, танымал эстрада жұлдыздары Мейрамбек Беспаев, Досымжан Таңатаров, «Нұр-Мұқасан» тобы, Шахаризат Сейдахметтер орындап жүр.
Шақырып шабыт, ән жазудан талмадың,
Күй шығару жағынан да қалмадың.
Биік болсын өнердегі жұлдызың,
Бергеніңнен берері көп тарланым! – деп жырлап кеткен ақын Амантай Мұқатов сазгер туралы.
Дүлділ композиторлардан бата алған Қалибек Деріпсалдин әлі талай тың шығармаларымен жұртын сүйсіндіре берері сөзсіз.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ