Мұқтаж еткен МРТ
Осыдан екі жыл бұрын облыстық ауруханаға МРТ (магнитті-резонанстық томограф) әкелінеді деп жоспарланған еді. Бұл тапшы аппараттан былтыр хабар болмады. Биыл да уәде етіліп отырған жоқ. Бұл туралы "КН" сайты жазады.Ал балалар ауруханасында ісік, омыртқа, бас ми аурулары сынды қатерлі науқас түрлері жыл санап өсіп жатыр… Сондықтан уақытылы әрі нақты диагноз қою үшін бұл аппараттың ауадай қажет екенін айтады дәрігерлер. Әсіресе, симптомы туралы өзі айтып, өз жағдайын дәлме-дәл баяндап бере алмайтын жастағы балаларға тиісті ем көрсетуге көп көмегі болар еді. МРТ-ға қол жеткізу жоспары туралы бұрынғы бас дәрігер Фазылбек Темірханов 2016 жылы есеп беру жиынында мәлімдеген, алайда былтыр оны бұл лауазымынан алып тастады. Жоспардың аяқсыз қалуына осы да себеп болуы ықтимал. Өйткені облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар бұл аппаратты балалар ауруханасына әкелу 2018 жылдың жоспарында жоқ екенін айтып отыр.