Ет өңдеу цехы ашылды
Қостанайлық жас кәсіпкер Қадыржан Мақанғали туған жері Қамысты ауылында ет өңдейтін цех ашты. Алматы технологиялық университетінің докторантының жаңалығымен 24.kz арнасының тілшісі бөліседі. Мұндағы құрал-жабдықтарды да қазақстандық ғалымдар өздері құрастырған. Қадыржан Мақанғали ұлттық ет тағамдары түрлерін, оны дайындау технологиясын жетілдіру мақсатында үш-төрт жылдан бері ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Жетістіктері де жоқ емес. Жылқы етінен жасалған қазысы өзінің жаңашылдығымен "2015-2016 жылдардың инновациялық тағамы" деген атаққа ие болды. Тіпті Германияда өткен байқауда жоғары бағаланып, алтын медальмен марапатталды.
– Жая, қазы атты ет тағамдарын біз ерекше тұзықта тұздаймыз. Сосын оны арнайы қондырғыларда мастерлейміз. Одан кейін бізде арнайы рецептура бойынша жасалған термиялық өңдеуден өткіземіз. Және осыдан бәрі ерекше тәтті, ерекше тіл үйіретін дәм береді, – дейді жас кәсіпкер.
Ол осы мақсатын жүзеге асыру үшін үш миллион теңге мемлекеттік грантқа ие болып, отандық ғалымдармен бірлесіп дайындаған қондырғыларды сатып алады. Оның сапасы шетелдікінен еш кем емес, ал бағасы екі есе арзан. Ал шағын цехта қазы, жая, қимай, жартылай ысталған шұжық өндіріледі. Күні кеше ғана ашылған өндіріс орыны бір ауысымда 100 келі ет өнімдерін шығаруға қауқарлы. Жас кәсіпкер онымен шектеліп қалмақ емес.