Балаларға 5 млн теңге сыйлады
Архимед Мұхамбетов Рудный қаласының №1 балалар үйі тәрбиеленушілерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Өңір басшысы балаларды Президенттің тапсырмасымен құттықтай келгенін жеткізді.-Естеріңізде болса, қараша айында Нұрсұлтан Әбішұлы біздің облысқа жасаған іссапары барысында балалар үйіне арнайы келді. Елбасы маған сіздерді құттықтап, сыйлықтар беруімді тапсырды. Біз бұл жолы сіздерге спорт құралдары мен ноутбуктар сыйлаймыз, – деді аймақ басшысы.Архимед Бегежанұлы балалар үйіне спорт жабдықтары мен 12 ноутбук сатып алу үшін 5 млн теңгенің сертификатын табыс етті. Бұған қоса жергілікті кәсіпкерлер балалар үйіне 500 мың теңге қаржы аударды.
Мұнан соң облыс әкімі Рудный қаласындағы мектеп-интернатына барып, мұндағы оқушыларды да алдағы мерекемен құттықтады.-Біз сіздермен Жаңа жыл қарсаңында кездесуді дәстүрге айналдырдық. Сіздердің жетістіктеріңіз туралы естіп-біліп отырамын. Биылғы жылды да сәтті аяқтадыңыздар. Облыстық жарыстардан жүлделі орындардан көріндіңіздер. Ең бастысы, мектепте шеберлік сыныптары, үйірмелер ашылды. Бұл өздеріңізді жан-жақты дамытуға көмектеседі», – деді облыс әкімі.Мектеп-интернаттың оқушылары да жаңа жылдық сыйлықтарға ие болды. Оларға музыкалық аппарат алу үшін 2,5 млн теңгенің сертификаты тапсырылды. Мұнымен қатар 10 компьютер сатып алынады.