ӘДЕП
Жыл өтіп бара жатыр. Елде болып, ерінге тиіп, ауылда болып, ауызға тиіп, тірліктің берекесін көрген жұрт тыныш, жаратқанға шүкірлік етіп отыр. Біздің өңірде өрелі іс өресін тапты. Әруақтар риза: Қол мерген Кейкінің басы туған топырағына тиді, Шақшақ Жәнібек тұғырға қонды, Ыбырай ата күмбезі сымбатты бола түсті. Ауыл-үй қысқа қымтанып кірген жайы бар. Ал қаладағы ағайынның құлағы түрік. Жан «досы» – әлеуметтік желі. Адам құлақтан азады, көңілден семіреді.
Бір жұрттың үлкен ғұламасы екінші бір елдің байымен сөйлесіп тұрғанда, қастарынан бір жарлы адам өтіп бара жатып, ғұламаға келіп, басын иіп сәлем береді.
Оқымысты басын одан да төменірек иіп сәлемдеседі. Қасындағы бай:
– Тақсыр, осынша біліміңіз бар ғалымсыз. Сөйте тұрып, жарлы адамға соншалық иіліп сәлемдесуіңіздің мәні қалай? – деп сұрайды. Сонда ғалым тұрып:
– Ешбір ғылым-білім үйренбеген ол кісі әдептілік көрсеткенде, мен одан әдепсіз болып көрінсем, лайық па? – деген екен.
Оқымысты басын одан да төменірек иіп сәлемдеседі. Қасындағы бай:
– Тақсыр, осынша біліміңіз бар ғалымсыз. Сөйте тұрып, жарлы адамға соншалық иіліп сәлемдесуіңіздің мәні қалай? – деп сұрайды. Сонда ғалым тұрып:
– Ешбір ғылым-білім үйренбеген ол кісі әдептілік көрсеткенде, мен одан әдепсіз болып көрінсем, лайық па? – деген екен.
Серік-Абас-Шах: «Қалай болғанда да, Төреғалидың ақсақалды концерттен қуып шығуға қақысы жоқ еді. Әлдебір наразылығын білдірген ол кісінің жасы мен басы тіптен бөлек әңгіме. Ең бастысы – ол ақсақал – тұтынушы: қалтасынан ақша төлеп, концертке билет алған адам. Төреғали ол адамның залдан шығуын талап ететіндей, оны туған күніне немесе құдалығына шақырған жоқ, – дей келе, – ал бұл жанжалдың моральдық жағына келер болсақ, "бесіктен белі шықпаған баланы" әуексіткен кім екен? Қазақтың мыңдаған жылдық тарихынан тағлым алып, оң мен сол түйсігін түгендеп болмаған "боқмұрынды" ұлардай шулап, "ұлы дала баласы" еткен кім? Қазақ радиосының қаптаған тілек айту бағдарламаларынан Төреғалидың әнін тыңдамаса, ішкен асы бойына батпайтын кімдер еді? Иә, кім екенін іштей сезіп, дымыңыз құрып отыр, ә?! Қазақты сонау Сопотқа әйгілеген Роза кім, бұл кім? Димашты айтпай-ақ қоялық… Той әндерімен тайраңдаған Төреш пе, тайраңдатқан басқа ма?
…Осы орайда Өзбекәлі Жәнібеков ағам есіме түседі. 1980-ші жылдардың басы. Өз-ағаңның ҚазССР мәдениет министрігінде әлде орынбасар, әлде министр болып жүрген кезі. Бірде сол жылдары "Арлекиномен" әлемге аты шыққан Алла Пугачеваның Алматыдағы сол кездегі Ленин атындағы сарайда ұмытпасам, екі концерті бір күнде өтті. Екінші концерттің соңына таман көрерменнің "бис-бис" қошаметі шаршатқан Алла Пугачеваның сахна сыртындағы акустикалық микрофонның қосулы тұрғанын аңдамай: "Оһ, как надоели мне эти бараны!" деген сөзі естіледі. Залдың алдыңғы жағы гу етіп барып, бір басылады. Бірақ грузин мен армянға қарағанда "толерантты" қазақ концертті соңына дейін тыңдап қайтады.Ертеңінде (әлде сол түні) бір "баран" Пугачиханың ол сөзін министрлікке жеткізеді. Өз-ағаң ҚазТВ-дан (әлде Қазрадиодан) концерттің жазбасын алдырып, Алланың айтқан сөзінен құлағдар болады. Міне, сол күннен бастап, 1991-ші жылға дейін Өзбекәлі Жәнібеков ЦК-ның хатшылығынан пенсияға кеткенге дейін, Алла Қазақстанға аттап баса алмады.
Ұлты "баран" емес, адам екенін қызғыштай қорғайтын Өз-ағамдай патриот-министр бар ма қазір? Алланың орынына – Төрешті, халықтың орынына – ақсақалды, Өзекеңнің орынына – Арыстанбекті қойып, соңғы ситуэйшнді көз алдыңызға елестетіп көріңізші…» (Фейсфуктағы паракшасынан ).
Қойыңызшы, бұл бір өткінші оқиға дейік десек те… ойлантады екен. Ойлантатыны, таспадан өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естіген Төрәлі ініміздің аузынан шыққан сахнадағы дөрекі сөздері. Апыр-ай, әнін ұйып тыңдап жүрген баламыздың жаны қандай кедей еді. Ең өкініштісі – әдептен аттап кетті. Фараби атамыз "жүз жерден талантты болса да тәрбие, әдебі жоқ адам – қатерлі" деп тегін ескертпеген екен. Рухани жаңғыру – ел аралап концерт қою ғана емес, әдеп-әдетіңді түзету, көркем мінезіңді қалыптастыру. Бұл – баршамызға сын. Не де болса, көңілдің кірбіңдері ескі жылмен кетсін.
Жаңа жылдарыңызбен!