Үкімет басшысының үндеуі
Үкіметтің бүгінгі отырысы басталмай тұрып ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қатты аязға байланысты бірқатар міндеттерді жүктеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. "Кешеден бері еліміздің бірқатар өңірлерінде күн райы қатты суып кетті. Синоптиктердің болжамы бойынша күші аяз тағы да бірнеше тәулікке созылады. Қазірдің өзінде еліміздің алты өңірінде ауа температурасы -30 бен -40 арасында. Осындай үскірік аяз еліміздің оңтүстігіндегі төрт өңірінде болады деген болжам бар", – деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.
Осыған байланысты Үкімет басшысы облыс әкімдеріне жылу орталықтарының жұмысын, соның ішінде шағын қалалардағы жылыту қазандықтарының жұмысын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Әсіресе, ауруxана, мектеп, балабақшалар сияқты әлеуметтік нысандарға ерекше назар аударылуы қажет.
"Білім беру ұйымдарында сабақтың болмайтыны туралы xалықты дер кезінде xабардар етіңіздер. Қоғамдық көлік кесте бойынша жұмыс істеуі керек. Кезекшіліктің нақты тәртібі болуы шарт. Қазіргі жағдайға байланысты "102" диспетчерлік қызметі үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Ішкі істер министрлігі автожолдарды бақылап, керек кезде барлық көлік құралдарының қозғалысына шектеу қою туралы шешімді дер кезінде қабылдауы шарт",- деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, әкімдіктер көлік жүргізушілері мен жолаушыларды жылытуға арналған жылжымалы бекеттердің жұмысын ұйымдастыруы тиіс. Сол жерде ыстық тамақ берілуі шарт.
"Мемлекеттік органдар мен жеке меншік ұйымдардың басшыларына айтарым, өз қызметкерлеріңізді жұмыста ұзақ ұстамаңыздар. Мүмкін болса, барлық қызметкерлерді үйге дейін жеткізуді ұйымдастырыңыздар", – деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.