Жас көшбасшыларымен кездесу
Қостанай қаласындағы балалар шығармашылығы үйінде үстіміздегі жылы пән олимпиадаларында, спорт сайыстарында, шығармашылық конкурстарда, ғылыми жобалар байқауларында жоғары нәтижелерге жетіп, үздіктердің қатарынан көрінген 9-11 сынып оқушыларына арналған Жаңа жылдық мерекелік кеш болып өтті. Жаңа жыл мерекесіне арналған кездесу кешіне қала әкімі Б. Жақыпов қатысты. Бірнеше жылдан бері Жаңа жыл қарсаңында Жаңа Жыл шыршасы жанында Қостанай қаласы әкімімен білім айдынында өздерінің жан-жақты білімдіктерімен, шығармашылық талаптарымен, өнерлерімен, спорттағы жетістіктерімен, зерделіктерімен көзге түскен қала мектептерінің бір топ оқушылары үшін бал ұйымдастырылып келеді. Қала мектептерінің оқушылар командасы пән олимпиадасында үздік нәтиже көрсетіп, республикалық байқауда 11 қола, 4 күміс, 2 алтын медаль жеңіп алды. М. Горькой атындағы гимназия болса республикадағы ең үздік олимпиадалық мектеп атағына ие болды. Осындай әртүрлі деңгейдегі білім байқаулары мен сайыстарда жақсы нәтиже көрсеткендердің бірі деп К.Қазиханованы, Р.Жүндібаевты, А.Деминді, Е. Мусинді, Д.Ерболды, Л. Нұртаеваны, А. Төлембекованы және тағы басқа оқушыларды атап кетуге болады. Қала әкімі Б. Жақыпов оқушыларды алда келе жатқан 2018 жыл, Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебізін білдірді, игі тілегін тіледі, ол өз сөзінде талапты оқушылардың үздік жетістіктерге жеткендері ең алдымен ұстаздардың еңбегі екенін атап өтті. Алдағы уақытта да оқушылар өздерінің білімдерімен, талаптарымен қуантып, ел игілігіне осындай жетістіктерімен үлес қосып отырғандығын айтты. Үздік оқушылар мүсіншемен, грамотамен марапатталды, қала әкімімен естелікке суретке түсті. Сол секілді оқушыларға арналған мерекелік концерт те болды.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ