БАЙЗАҚОВ БИІГІ
Журналистика мамандығының басқа кәсіпке қарағанда бір ерекшелігі бар, ол – редакция тапсырмасымен, кейде жеке өзінің ой-ниетімен халық қадірлеген тұлғалардан сұхбат алып, сол кісілермен жақын таныс болуға себеп туады. Өз басым, осындай аузы дуалы ақсалдардан бастап, ұлтқа жан-тәніммен қызмет істеп жүрген көптеген ағалармен жақын әңгімелестім. Сондай азаматтардың бірі – бүгінде сеңгірлі сексенге жас жігіттей сергек қалпымен келіп отырған, елімізде экономикалық-математикалық әдістер мен модельдерді пайдалануды дамытудың негізін қалап, осы бағытты үлкен мектепке айналдырып, бірегей буын қалыптастырған, халықаралық ақпараттандыру және менеджмент академиясының академигі, Оксфорд халықаралық академиялық одағының мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сайлау Байзақов.
Сайлау ағаны көрсем туған әкемді көргендей болам. Өзі менің әкеммен түйдей құрдас. Бір жылы, яғни қазақтың игі жақсылары түрмеге тоғытылып, халқымыздың басына қара бұлт үйірілген, аты-шулы 1937 жылы өмірге келген. Содан ба, бұл ұрпақ жасынан шар қайрақтай қиындыққа шыңдалып өскен. Қара сөздің су төгілмес жорғасы, атақты ақын Ғафу Қайырбековтің «Арқада жер еркесі Қызбел деген, Аралап алуан жүрдім Қызкерменен, Табар жан қайда барып Жерұйықты, Қызбелден сірә күдер үзгенменен» деп тамылжытып жырлаған, алаштың ардақты перзенті Міржақып Дулатовтың кіндік қаны тамған Қызбел ауылында дүние есігін ашқан ғалымның өмір жолы қыр жолындай сайрап жатты деп айта алмаймыз. Әкесі соғыс басталғанда қолына қару алып, майданға аттанады. Ақыры, топырақ жат жерден бұйырады. Бар ауыртпалық жалғыз анасына түседі. Соның бәрін ішке түйіп, зердемен тоқып өскен бала мектепте де өз қатарының алды болды. Туған елі аяғынан тік тұрып құрметтейтін Оспанқожа әулиенің ұрпағы Ғазиз Әмірханов атамыздан тәлім алады. Бір ғажабы, осы ұлағатты ұстаз Қаратүбек орта мектебін алғаш тәмамдаған 47 баланың тең жарымын, сонау жер түбіндегі Алматыға өзі жетектеп апарып, солардың жоғары оқу орнына түсуіне қолғабыс жасайды. Не деген – азаматтық! Қазір мұндай ізгілік дүниені кездестіре алмайсыз. Бар болса, кешірім сұраймыз. Кейін сол түлектердің дені аяулы ұстазының сенімін ақтап, жұрт білетін азамат дәрежесіне көтерілді.
Жасынан арманшыл болып өскен жеткіншек, 1956 жылы ауылдан Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факульететіне оқуға қабылданады. Сол кездегі бүкіл Одаққа танылған А.Закарин, К.Персидский, О.Жәутіков секілді математика алыптарының дәрісін тыңдайды. Оны ойдағыдай аяқтағаннан кейін екінші жоғары білім алу мақсатында Алматы халық шаруашылық институтының экономика факультетін бітіреді. Еңбек жолын университетте ассистент, кіші ғылыми қызметкер ретінде бастап, кейін Қазақ жоспарлау комитетіне қарасты Экономика ғылыми-зерттеу институтында есептеу орталығының аға экономисі, зертхана меңгерушісі, институттың бөлім бастығы секілді түрлі лауазымдық қызмет атқарды. Алғаш тәуелсіздік алған жылдары Экономика министрлігіне қарайтын Ғылыми-технологиялық және коньюктуралық-коммерциялық ақпарат ғылыми-зерттеу институтының директоры болып істеді.
Жалынды жас өз мамандығын ғылыми ізденістермен жетілдіріп, 1968 жылы, яғни 28 жасында кандидаттық диссертациясын қорғаса, 1974 жылы, тура 37 мүшелінде Мәскеудегі орталық экономикалық-математикалық институтында докторлық диссертациясын табысты қорғап шығады. Оның ғылыми еңбектері – халық шаруашылығын дамытудың проблемаларын шешуге, республиканың өндіргіш күштерін орналастыруды жетілдіруге, жеке аймақтар мен өндіріс салаларының өсу деңгейлерін салыстыра отырып, олардың мүмкіндіктерін отындық-энергетикалық, мұнайлық-химиялық, металлургиялық, құрылыстық, көліктік-тасымалдық және машина жасау кешендерін қалыптастыруға математикалық әдістерді пайдалану арқылы оптималды түрде анықтауға бағытталған.
Мемлекетіміз егемендік алған тұстағы қиындық экономист-мамандарға да аз салмақ салған жоқ. Олар осы күрделі кезеңнен қалай өтеміз деген сауалға жауап іздеді. Сол кезде Байзақовтың да жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Ол ел экономикасын дағдарыстан шығару амалдарын іздестірді, оны нарықтық қатынастарға көшіру жолдарын зерттеді, құнды қағаздар нарығын дамытудың тұжырымдамасын жасауға, ұлттық экономиканы реформалауға бағытталған «Қазақстан – 2030» стратегиясы секілді бірнеше Үкімет бағдарламалары мен жобаларын дайындауға белсенді түрде қатынасты. Дәл сол жылдары «Қазақстан экономикасын өркендету стратегиясы мен дағдарыстан шығару тактикасы», «Жаңа экономикалық саясат тұжырымдамасы», «Құнды қағаздар рыногын дамыту тұжырымдамасы» және «Макроэкономикалық сәйкестіктің макроэкономикалық диагнозы» секілді экономиканы жан-жақты қаузаған мақалалар сериясын жазды.
Белгілі тұлғаның ұстаздық қыры да бір төбе. Бүгінде экономика саласының жілік майын шағып жүрген бір топ азаматтар – осы кісінің шәкірттері саналады. Оның басшылығымен республикада және одан тыс жерлерде 100-ге жуық кандидаттық, 15 докторлық диссертация қорғалды. Сондай-ақ, ғалымның ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары, кез келген шаруаны ұршықтай дөңгелетіп әктеді. Оның ұйытқы болуымен біраз шаралар атқарылды. Мәселен, ҚР Үкіметінің қасындағы Мемлекеттік қызметкерлер біліктілігін көтеру институтының ректоры болып жүргенде аймақтық басқару жүйелерінде істейтін төрт жарым мыңнан астам мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлаудан өткізді. Аталған институтты елордаға көшіруді ұйымдастырып, оның негізінде Мемлекеттік басқару академиясын құруға еңбек сіңірді.
Ол жайында: «Сіз белгілі ғалым-экономист, ұйымдастырушы ретінде республикамыздың ұлттық экономикасын реформалауға, үкіметтің бұл салалардағы бағдарламалар мен жобаларын жасауға, сондай-ақ, үкіметтің жұмысшы тобы құрамында біріккен мұнай компанияларының халықаралық жобаларын сараптау жұмыстарына әркез белсене атсалысып келдіңіз. Ғылыми жұртшылық сізді ғылыми мектебі бар, жетекші ғалым деп біледі» деп ізгі лебізін білдіріпті, кезінде Үкімет басшысы болған, марқұм Нұрлан Балғымбаев.
Тағы бір айта кететін дүние – С.Байзақов халықаралық дәрежеге ие болған Астана экономикалық форумының тұрақты қонағы. Маңызды жиынған келген Нобель сыйлығының лауреаттарымен мінбеде қатар отырып, талай байыпты баяндама жасады.Оның соңғы кездердегі әлемдік деңгейдегі қаржылық-экономикалық тенденцияларға және оларды басқару тұрғыларына берген бағалары өте құнды саналып, осы тақырыпта барынша тереңдеп жазған зерттеулері бүгінгі экономика ғылымына қосылған сүбелі еңбек деп бағаланды.
Сеңгірлі сексенге келсе де ғалым әлі де аттан түскен жоқ, қимылы ширақ. Еліміздегі бірегей экономикалық зерттеулер институтының ғылыми хатшысы болып еңбек етеді. Сондағы жастардың ақылшы ұстазы. Елгезек, еңбекқор, жақсылықтың жанашыры. Кісілігі мол, кішімен де тең тұрып сөйлеседі. Ерекшелігі – бір танысқан адаммен ешқашан байланысын үзбейді. Мен ол кісімен өткен жылы газетке сұхбат алуға барғанда танысқан едім. Содан бері ағалы-інілідей жақын сыйласып кеттік.
Бәрінен бұрын, Сайлау ағаның өмірі өнегеге толы. Бүгінде бәйтерекке айналған үлкен әулеттің иесі, отбасының киесі, балаларының қамқор әкесі, немерелерінің ардақты атасы.
«Ертеде елде сексенге толған қариялар ақ сақалын саумалап, бұрынғы өткен бабаларының ерлігі мен өнегелі іздерінен сыр шертіп, өмірдің баянсыздығы мен жалғандығын айтып, төбедей болып төрде отырушы еді. Міне, сол жасқа мен де келіп, қырдың басына шығып, қолымды күннің көзінен көлегейлеп, артымда қалған ұзақ көшке қарап, терең ойға батамын. Көптеген ағайын-туыс, жақын сыйласқан жора-жолдастардың дені дүниеден өтіп кетті. Өз басым сексенге келемін деп ойлаған емеспін. Құдайға шүкір, отбасым, балаларым, жан-жағымды қоршаған немерелерімді көріп, көңілім сүйсінеді. Ендігі қалған өмірімде солардың амандығын тілеймін. Әрине, жұмырбасты пенде болғаннан кейін алаңдайтын да, армандайтын да дүние көп» деп айтып еді бір әңгіме үстінде.
***
Біздің кейіпкеріміз бала күнінде қаламгер болсам деп армандапты. Мектепте оқып жүргенде өлең жазып, аудандық газетке мақалаларын жариялапты. Алайда, тағдыр оған басқаша сый ұсынды. Ол кісі қара сөзді қуғанда маңдайы жарқыраған жүйрік жазушы болар ма еді… Бірақ, академик Байзақовтың жұлдызы ғылым жолында жанды.
Азамат ЕСЕНЖОЛ