Жетістік жолынан жаңылмаған
Арқалық қаласының әкімі А.К. Балғарин БАҚ өкілдеріне әлеуметтік-экономикалық дамудың он айдағы қорытындысын баяндады.
Экономикалық ахуалға зер салсақ, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласының табысы өткен жылғы көрсеткіштен сәл төмен. Айталық, өнеркәсіп өнімінің көлемі 5 млрд 887 млн теңгеге сай болды, яғни былтырғыдан бір млдр теңгеге кем. Сол сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы өткен жылғыдан шамамен 2 млрд теңгеге кеміген, яғни 10 млрд 899 млн теңгенің маңайы. Бірақ, осыған қарамастан, қала экономикасы төрт аяғын тең басты деуге болады. Мәселен, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы істер өрге жүзіп келеді.
– Арқалықта шағын және орта бизнес субъектілерінің 2065 бірлігі тіркелген: 1627 жеке кәсіпкер, 313 шаруа қожалығы және 125 бірлік заңды тұлға бар. Қала бюджетіне осы субъектілерден түсетін салық 67% жетті, – деп тәптіштеді А.Балғарин. – Ал "БЖК 2020", "Қос Қолдау", Нәтижелі жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, "Атамекен Қостанай" ҰП, ауыл шаруашылығына қаржылық қолдау көрсету Қоры арқылы 24 кәсіпкерге 126 млн теңге демеу көрсетілді. Соның аясында 60 жаңа жұмыс орнының ашылғанын айта кетейік.
Балғариннің баяндауына қарағанда, өзге де маңызды салалар былтырғы көрсеткіштерден үстем түсудің сәл алдында тұр. Атап айтқанда, жылға шақталған тұрғын үй құрылысы жоспары 98,8%-ға орындалған. Ал қала капиталына құйылған инвестиция – 2 млрд 201 млн теңгеге шақ. Оның нақты көлемінің индексі 82,1% артыпты.
Әлеуметтің әл-ауқаты үшін жыл ішінде істелген шаруаларға да қорытынды шығарылды. 1203 адам жұмыспен қамтылған. Жіктей айтқанда: тұрақты жұмысқа 395 адам орналастырылды; әлеуметтік жұмыс орындарына 184 азамат жіберілген; қоғамдық жұмысқа қатысқандар саны – 311; жастар тәжірибесінен 63 адам өткен; қысқа мерзімді кәсіпкерлік оқуға 155 адам жіберіліп, 14-і шағын несие алды; 56 жан инфрақұрылым жобалары бойынша қос қолға бір күрек тапты; аумақтарды дамыту бағдарламасы бойынша 22 адам жұмысқа кірген; "Агробизнес-2020" бағдарламасы бойынша 3 арқалықтық нәпақа тауып отыр.
Білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы жетістік пен кемшіліктерге де саусақ бүгілді. Көңіл толтырмайтын тұстары – балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 89% маңайында қалып отыруы және дәрігерлік кадрлармен қамтылу деңгейі – 67% ғана, басқаша айтқанда, осы салаға 35 маман жетіспейді.
Ал мәдениет саласына келгенде әңгіменің сыйқы басқа. Биыл Арқалықтың атын күллі елге паш қылған шаралар аз болған жоқ. Олардың ішінде, Кейкі батырдың сүйегін жер қойнауына табыстау рәсімі аясында өткен мәдени іс-шаралардың жөні бөлек. Жергілікті жастар театры майталмандарының, дарынды өнерпаздардың табысы толайым. Жалпы, бұл салаға биыл 99,2 млн теңге бөлінді. Нақтылап айтқанда, қаражаттың 6,1 млн теңгесі мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге, компьютерлер сатып алуға және кітап қорын толықтыруға 1,3 млн теңге жұмсалды. Сахна киімдерін тіктіру, музыкалық жабдықтар алу және мәдени нысандарды ағымдық жөндеуден өткізу секілді мақсаттарға да елеулі сомадағы қаржы қарастырылған.
Арқалық қаласының көп уақыттан бергі облысқа белгілі проблемасы жылу-энергетикалық орталығының жұмысы екені жасырын емес. Әйтсе де, әкім сөзінше, былтырғы жылыту маусымы тұрақты режимде аяқталыпты. Қазіргі қалып қандай?
-2016-2017 жылдардағы жылыту маусымына 3 713 тонна көмір жеткізілді немесе бұл –қажеттіліктің 45,2%, – деді А.Балғарин. – ҚР Үкіметі резерві және облыстық бюджеті есебінен қалаға жалпы көмегі 19 мың 121 тонна отын мазутын сатып алуға 1 млрд 219,3 млн теңге сомасында қаражат бөлінді. Ал бүгінгі таңда қоймада 11 410 тонна мазут бар. Бұл – жылыту маусымының соңына дейін жетуі тиіс отынның 43,1% ғана.
Оның толықтыруынша, қаланың бойын қыс бойы жылытып шығу үшін, жобамен, 26 500 тонна мазут қажет екен. Бұл тұрғыда жоспарлы амалдардың қарастырылып қойғанын айтты. Сондай-ақ, тілшілер қауымының өзге де сұрақтарына жауап берді.