Салғырттықтың салдары ма?! Жазғы лагерьдегі жеткіншектер уланды

Өткен аптада Алтынсарин ауданында орналасқан "Мерей" лагеріне тынығуға келген балғындардың астан уланғаны белгілі болды.  Олардың 40-на алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілсе, төртеуі Қостанай қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің кереуетіне таңылды.
IMG_1526сайт лагерОқиғадан кейін құзырлы органдар тексеріске кірісті. Олар  басты гәп – ауыз су құятын ыдысты дұрыс пайдаланбаған деген алдын ала тоқтам жасады. Сорақылығы сол басы дауға қалып отырған "Мерей" лагерінің санитарлық мекемелерден рұқсат беретін құжаты да болмапты.
Бұл жөнінде облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Азамат Қамшымбаев  мәлімдеді.  Оның айтуына қарағанда, қазіргі таңда қажетті сынамалар алынып, зерт-ханаға жіберілген. Нәтижесі алдағы уақытта белгілі болмақ. Қылмыстық іс қозғалып, лагердің жұмысы уақытша тоқтатылған.
Демалыс үйінің директоры Ғабит Құсайынов мұндай келеңсіздіктің орын алғанына өкінішін білдірді. "Балалардың жаппай улануы аяқ астынан болды. Рұқсат құжаттарына келсек, заңнан хабарсыз болудың салдарынан естен шығып кетті" – дейді, ол. Негізі, санитарлық мекемелердің жазғы лагердің жұмыс істеуіне рұқсат қағазы болыпты. Бірақ, ол "Мерейдің" атына емес, мүлдем басқа "Колос" жазғы демалыс үйіне берілгені анықталды.
Жалпы лагерьде улану оқиғасы орын алғанға дейін санитарлық сала мамандары өңірдегі жазғы демалыс орындарына жан-жақты тексеріс жүргізіпті. Осыған байланысты облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Азамат Қамшымбаев төрағалығымен кеңейтілген жиын өтті. Жиынға облыс аумағындағы балалардың жазғы лагерь, білім және санитарлық мекемелердің басшылары қатысты. Онда демалыс орындарының биылғы жыл-ғы жұмыстары сараланып, жіберілген кемшіліктері жіпке тізгендей жіктелді.
Облыстық білім беру басқармасы да бұл істе арымыз таза деп отыр.
Алдағы уақытта  зертханалық тексерістің нақты шешімі шығады. Содан кейін істің ақ-қарасы анықталмақ. Кімнің болжамы дөп келіп, кімдікі жоққа шығарылатыны да айқындалады.
Облыстық білім беру басқармасы балалар демалысының осы оқу жылы басталысымен аяқталарын айтады. Ал, жеткіншектердің демалысының шырқын бұзғандарға келер болсақ, олар үшін тер төгу енді басталған сыңайлы.
Мешіт Ғазиз.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓