Қоршаған ортаны қорғау – баршаға міндет
Облыста экологиялық мәселелер аз емес. Үстіміздегі жылы осындай түйткілді мәселенің он екісі өз шешімін тауыпты. Ендігі қалғаны – бесеу. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен өткен кезекті аппарат жиналысында қоршаған ортаны қорғауға қатысты бірқатар мәселе талқыға түсті.
-Облыс орталығында әлі күнге дейін ағын суларды биологиялық тазартудан өткізетін бірде-бір станса жоқ. Ескі нысан 1966 жылы пайцдалануға берілген. Ол уақыт талабына сай емес, – дейді кеңесте сөз алған облыстық экология және қоршаған ортаны қорғау департаментінің басшысы Виктор Мұхамеджанов. – Тек қана механикалық қоспаларды ішінара тазартуға қауқарлы. Оның өзі 20 %-тен аспайды. Ал, жаңа нысан салу үшін қомақты қаржы қажет. Осыған байланысты, «Қостанай-су» МҚК су тазартудың баламалы тәсілдері енгізу мәселерін қарастырып жатыр.
Департамент басшысы судың ластануына Тобыл өзені жағасында орналасқан бұрынғы жез-аммиак өндірісі зауытының әсері болған. Оның су сапасына қаншалықты әсер еткендігі зерттелген. Жақын арада нәтижесі анықталады.
Екінші мәселе қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау және қайта өңдеуге қатысты. Өңірде қалдық өңдейтін кәсіпорын тағы жоқ. Қатты тұрмыстық қалдықтар қала, ауыл-аудан сыртындағы полигондарға жөнелтіледі. Облыста мұндай полигондардың саны – 300. Соның 270-і тіркелмеген. Мұнымен жергілікті атқарушы билік айналысуы тиіс. Әсіресе, Денисов, Қарабалық, Жітіқара, Аманкелді, Жанкелдин, Таран, Әулиекөл аудандары бұл іске немқұрайлы қарайды.
Көптеген аудандар мен қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигондар орналасқан жер телімдерінің жалға алу мерзімі әлдеқашан біткен. Ондай жағдайда ол жер қалпына келтірілуі тиіс. Мәселен, Қостанайдағы «Южный» шағын ауданында бұрынғы полигон тазартылды. Ал аудандарда жағдай жабулы күйінде қалып отыр.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мәселені бір жақты ету үшін аудан, қала басшыларына бір-екі ай уақыт берді.
-Барлық экологиялық мәселелер тиісті мерзімде өз шегімін табуы қажет. Егер Сіздердің күштеріңіз жетпесе, онда салалық министрлікке жүгінуге тура келеді,-деді өңір басшысы.
Жалпы, облыстың экологиялық жағдайы жаман емес. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жеке-жеке жинау тәжірбиесі енгізіліп жатыр. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда он есе жоғары көрсеткішке ие. Атмосфераға қалдықтың жайылуы жөнінен республика бойынша 12-орындамыз. Алайда, облыс өнеркәсіп қалдықтары бойынша алғашқы орында тұр. Бұл ретте Троицк ГРЭС-ін еске салмай болмайды. Ресейлік кәсіпорын шығарып тастаған күл-қоқыс Қарабалық ауданындағы Шұбаркөл көліне құйылып жатыр. Бұл 2024 жылға дейін осылай жалғаса бермек. Көрші елдің ГРЭС-і қазір үшінші секцияны пайдалану үстінде. Оған үкіметаралық комиссия рұқсат еткен. Экологтардың мәліметінше, осы үшін Троицк кәсіпорыны облыстық бюджетке 1 млрд теңге төлейді.
Әлібек ЫБЫРАЙ