Корт салам деп сөз берген…
Қарабалық ауданының жастары 2017 жылы жаңа хоккей корты салынады деген жергілікті билік уәдесінің орындалмайтынын естіп, көңілдерінің түскенін айтты, – деп жазады "Айна" газеті.
Негізі, бұл мақсатқа бюджеттен 5 млн теңге бөлінген. Тіпті, мектеп маңындағы "болашақ корт" алаңы техникамен тазаланып та қойылыпты. Басты себеп – жергілікті кәсіпкерлер арасында бұл тендерге қатысуға ниет білдіргендер болмапты. Жергілікті билік 4 рет тендер жариялаған, бірақ оны екі рет оңтүстік аймақтың мердігерлері ұтып алғанымен, іске уақытылы кіріспеген. Кейін құрылыстан бас та тартқан. Себеп-сылтаулары – бұл жобаға қажетті құрылыс материалдарының қымбаттауы. Әуел баста аудан билігі жоба құнын 5 млн теңге деп белгілеп, жыл ағымында ол баға 8,5 млн теңгеге дейін көтерілген. Салдарынан Қарабалық ауданы мемлекет қаржысын игере алмай, бюджетке кері қайтарылды.
Дей тұрғанмен, аудан билігі бұл жобаны жүзеге асыруға бейілді. Келер жылы жоба қайта пысықталуы мүмкін. Тек оны мақұлдау немесе құптамауды облыс билігі шешеді. Оған дейін қарабалықтық жастарға жасанды алаңда жарыс өткізе тұруларына тура келеді.