Ауылда жүр жас маман
Жас мамандардың ауылдық жерлерде жұмысқа орналасып, білімі мен біліктілігін шыңдауына мемлекеттік бағдарламалардың қосар үлесі зор. Ауылдан түлеп ұшқан жастарды оқытып, жоғары білімді мамандарды ауылдың әлеуетін көтеруге жұмылдыру мақсатында бөлінген квоталар 2007-2008 оқу жылынан бастап беріле бастады. Елді мекендерде тапшылығы айқын сезілетін мамандықтардың қатарында ветеринария саласы тұр. Нұрбол Ілиясов – Аманкелді ауданы, Байғабыл ауылындағы ветеринария бөлімінің жас маманы. Ол былтыр Астана қаласындағы оқуын тәмамдап, туған ауылына жұмысқа тұрды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында еңбек адамның еңсесін көтеретіндігі жөнінде аталы сөздер айтып, әркімнің еңбек етуіне жағдай жасау мәселесі көтерілді. Бұл жастар талғамынының артуына үлкен көмек деп ойлаймын. Мал дірігері де ақ халат киіп, қолына ине ұстап адам емдегенмен бірдей күй кешеді. Емдеу сырын білмесең, дұрыс тәсіл қолданбасаң ауру асқынып кетеді. Маған қазір білікті маман Рамазан Әбдіғалиев ағамыз ақыл-кеңесін айтып жүреді. Осынау кәсіп, бір жағы ғылым саналатын ветеринария саласы тынбай еңбек етуді қажет етеді, – дейді Нұрбол Күнтуарұлы.
Нұрбол Ілиясов жас мамандарды туған ауылын көркейтуге шақырады. Оның айтуынша, қазір ерінбеген жанға екі қолға бір күрек табылады.
Қасқырбай Қойшыманов