Қыздар футбол фестивалі
Қостанайда УЕФА-ның қолдауымен 13 жасқа дейінгі қыздар арасында футбол фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат шара ұйымдастырушысы Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап. «Grassroots Festivals for girls – 2017» фестивалін өткізуге Қостанай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық футбол федерациялары, «Тобыл» футбол клубы атсалысты.
Шараға Қазақстан футбол федерациясының бұқаралық футбол, әйелдер футболы және футзал департаментінің директоры Ерлан Жамантаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі Дмитрий Грязнов, облыстық футбол федерациясының вице-президенті Болат Ысқақов, «Тобыл» футбол клубының қорғаушысы Тимур Жақыпов қатысты.
«Қазақстанның барлық өңірінде фестивальға деген қызығушылық бар. Біз фестивальді ойын түрінде өткіземіз. Балалардың футболға деген қызығушылығын арттырып, кәсіби спортқа бет бұрғанын қалаймыз», – дейді Ерлан Жамантаев.
№1 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде өткен шараға жүзден аса бала жиналды. Қазақстан футбол федерациясы қатысушыларға жаңа спорттық киімдер мен футбол доптарын таратты, олар 8 топқа бөлінді. Әр топтың өз нұсқаушысы болды. Фестиваль футбол элементтерінен тұратын ойын түрінде өтті. Шара соңында барлық қатысушылар дипломдармен марапатталды.