Заңнаманың тиімділігі мол
Рудный қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиынға мәжілісмендер, ҚР Энергетика, ҚР Инвестициялар және даму Министрлігі, «Атамекен» ҰКП өкілдері, Қостанай облысының әкімдігі мен аймақтың жер қойнауын пайдаланушы ірі кәсіпорындарының басшылары қатысты. Жұмыс тобы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс жобасын талқылау және қатты пайдалы қазбаларды барлау мен игеруді реттеудің халықаралық стандарттарына көшу мәселесін қарады. Отырысты Мәжіліс комитетінің Төрағасы Глеб Щегельский кіріспе сөзімен ашып, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс жобасын дайындауға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған тапсырмалары және «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет құру туралы» Ұлт жоспарындағы 74-75-қадамдарды жүзеге асыру негіз болғанын атап өтті.
Алғашқы баяндаманы жасаған Қостанай облысының Экология департаментінің жетекшісі Виктор Мұхамеджанов аймақтың экологиялық жағдайына жалпы сипаттама берді. Оның сөзіне сенсек, 2017 жылдың 9 айында облыс кәсіпорындарының ауаға шығарылған өнеркәсіптік қалдықтарының көлемі 35 мың тоннаны немесе республика көлемінің 2,1 пайызын құраған. Яғни Қостанай еліміз бойынша 14 облыстың ішінде 13-орында тұр. Дегенмен қоршаған ортаның ластануы бойынша жағдай көңіл көншітерлік емес. Өнеркәсіптік және кеніш қалдық-суларының көлемі өткен жылдағыдан 33 пайызға азайып, жыл басынан бері 96 мың тоннаға жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша Қостанай өңірі 2-орында келеді. Өткен жылы қоршаған ортаны қорғау шараларына 5,6 млрд теңге жұмсалса, биыл бұл бағытқа 6,6 млрд теңге жоспарланған. Виктор Сергеевич статистикадан бөлек шешімін таппаған мәселелерді де атап өтті. Мысалы Қостанайда ауыз суды биологиялық тазарту орталығын салу мәселесі баяғыдан бері шешімін таппай келеді. Өйткені жергілікті бюджетте қаржы тапшы. Қазіргі таңда қостанайлықтар тұтынып жатқан тіршілік көзін сүзгілеу технологиясы санитарлық талаптарға сәйкес емес.
Екінші мәселе, облыстағы қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау, қайта өңдеу және полигондарды заңдастыруға байланысты болды. Бүгінде әкімдіктердің қарамағында 310 қоқыс полигоны жұмыс істеп тұр. Олардың 262-і немесе 85 пайызы заңдастырылған, яғни қызметін жүргізуге рұхсат қағаздары бар. Ал Жангелді ауданында 14, Денисовта 10, Амангелдіде 9, Жітіқарада 7, Таран мен Әулиекөлде 3, Қостанай мен Қарабалық аудандарында 1 полигонның әрекеті заңсыз.
– Одан кейінгі мәселе – су тазарту, кәріз желілерін салу. Жасыратыны жоқ, өткен ғасырдың 70-80 жылдарында салынған құрылыстар әбден ескіріп, тозығы жеткен. Оны күрделі жөндеуге немесе жаңартуға мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың қаржысы жоқ. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарға көңіл бөліп, саланы жаңғыртуға күш салумыз қажет, – деді ол.
ҚР ИДМ Вице-министрі Тимур Тоқтабаев жаңа Кодекс пен елдегі геологиялық барлау жұмыстарына кеңінен тоқталды.
– Қазақстанның қазіргі геологиялық әлеуеті Кеңестік дәуірдегі жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қалыптасты. Сол себепті барланған кен орындарын игеруге мыңдаған инвесторлар ағылды. Алайда минералдық-шикізат базасын толықтыру жұмысы жер қойнауын пайдалану құқығын рәсімдеуге кететін зор машақаттың кесірінен ойдағыдай жүзеге аспады. Сондықтан заман талабына орай Заңға да тиісті өзгеріс енгізіп, геологиялық әлеуетімізді арттыратын кез келді, – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, Кодекс жобасы – жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысында кездесетін кедергілерді жойып, саланың құқықтық базасын жетілдіруге, халықаралық стандарттарға өтуге және инвестициялық климатты жақсартып, салаға тікелей шетелдік инвестициялар тартуға бағытталған. Бүгінгі таңда 104 елдің ішінде Қазақстан геология саласын
мемлекеттік реттеу бойынша тек 74-ші орында тұр. Ал, жер қойнауының геологиялық тартымдылығы жағынан 45-ші орында. Бұл реформа әлемде болып жатқан дағдарыс пен оның салдарынан инвестор тартуға байланысты бәсекелестіктің артуынан туындап отыр.
Мұнымен қоса, Қазақстанда геологиялық барлауға салынған инвестицияның көлемі жеткіліксіз екені байқалды. Бүгінде 1 шаршы метр аумаққа орташа алғанда шамамен 7 доллар. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш – 87, Австралияда – 167, Канадада – 203 доллар.
– Халықаралық тәжірибесі жоғары әлемдік сарапшыларды, Дүниежүзілік Банк, ЭЫДҰ және басқа да ұйымдардың сарапшыларын қатыстыра отырып жүргізген зерттеудің мәліметі бойынша қатты пайдалы қазба саласында жер қойнауын пайдалануды реттеудің Батыс-Австралиялық үлгісі таңдалды. Бұл үлгі тау-кен саласында инвестициялық тартымдылық бойынша ТОП рейтингке кіретін Австралия, Канада, Чили және басқа мемлекеттерде қолданылады – деді Тимур Серікұлы.
Отырыста «ССКӨБ» АҚ, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС Экология және жер қойнауын пайдалану департаменттерінің басшылары Ерболат Көппаев, Төлеу Шеңгелбаевтар баяндама жасап, Заң жобасына қатысты өзінің ой-пікірлерін ортаға салды. Халық қалаулылары мен Министрлік өкілдеріне өзекті мәселелерін айтып, ұсыныстары мен тілектерін жеткізді. Отырыс қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Айта кетейік, бүгінде инвесторға жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін 18 ай керек. Ал егер заң нормалары іске асатын болса, осы жұмыс 10-15 күнде бітетін болады. Осылайша кедергілер азайып, елдің геологиялық барлау саласына қан жүгірмек.
Екі күнге созылған ауқымды іс-шара аясында астаналық меймандар «Лидер 2010» ЖШС сүт зауыты мен жер қойнауын пайдаланушы «ССКӨБ» АҚ-ның Кен дайындау және байыту фабрикасында болып, жұмыскерлермен кездесті. «Соколов» кенішіне атбасын тіреп, өндірістің тынысымен танысты.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ