“Жасыл ел” басшысы ақша жымқырған
Қостанай қалалық №2 сотына «Жасыл ел» Жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы» Қостанай облыстық филиалы жеке мекемесінің 29 жастағы бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық іс түсті, деп хабарлайды облыстық соттың сайты.Азамат А. 16 миллион теңгені жымқырды деп айыпталуда. Іс материалдарына қарағанда, 2014-2015 жылдар аралығында филиалдың экс-басшысы адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы әрекет жасаған. Ол кәсіпкерлермен келісіп, өзінің таныстарын жұмысқа тұрғызып, кейін олардың құжатын еңбек жасақтарына рәсімдеген. Істелмеген жұмысқа тізімдеме (ведомость) жазып, республикалық бюджеттен қаржы аударған. Ол қаржы жұмыстан босатылған басшы мен оның сыбайластарының есепшотына түскен, – делінген Қостанай облыстық соты баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Жымқырылған қаржы мемлекетке қайтарылып, тергеп-тексеру басталды. Негізгі сот отырысы ағымдағы жылдың 3 қарашасы күні өтеді.