Жұмабек ТАБЫН, ҚР Журналистер одағының мүшесі, өнертанушы: “Қазақты аман алып қалған – Алаш арыстарының жұмбақ жоспары”

Жуырда Қостанай облысына қарасты Таран ауданы Алаш қозғалысының 100 жылдығын атап өтті. Маңызды датаға байланысты тақырыпқа сай ғылыми-практикалық конференция, ақындар айтысы ұйымдастырылған-ды. Бұл шараға қазақ зиялыларының ұрпақтары мен бірталай құрметті қонақ шақырылған екен. Бейімбет еліне табан тіреген мәртебелі меймандардың бірі – Жұмабек Табын. Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Б.Майлин атындағы қордың директоры біздің бірер сауалымызға жауап беріп, ой бөлісті. IMG_0579Жұмабек аға, Қостанай өңіріне  қош келдіңіз! Алаштың жоғын жоқтаушылардың бірісіз, мынаны айтыңызшы, Тәуелсіз Қазақстан сол арыстарды тиісті деңгейде дәріптеп жатыр ма? Олардың жаны бүгінгі бейбіт күннің өтеуі емес пе еді?
Кейбір адамдар Тәуелсіздікті көктен түскендей жеңіл қабылдайды. Біріншіден, Тәуелсіздік дегеніңіз біздің ата-бабамыздың  қасық қанымен, қанды көз жасымен келді. Оны Құдай тағала жайлап әкеліп, қолымызға бере салған жоқ. Мен қазіргі ел саясатын, президентті қолдайтын қазақтың бірімін. Қай жерде жүрсем де, қайда болсам да бұл туралы  айтудан жалыққан емеспін. Себебі, осы  тәуелсіздік жолында Махамбеттің, Кенесарының, Кейкінің басы құрбандыққа шалынып, шабылды. Мінекей, бүгінгі бейбіт заманымыз соның өтеуі. Кешегі 1986 жылы жастарды алаңға сүйреп алып шыққан да ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың, басқа да Алаш ардақтыларының рухы, тәуелсіздік жолында төгілген қасықтай қаны.
– Жұрттың бәрі сол  алашшылардың басқа да қазақ зиялыларымен өзара қырқысып,  жік-жікке бөлінгенін айтады. Бұл қаншалықты рас?
Мұны былай түсінген жөн, Кенже. Біздің кейбір тарихшылар, қаламгерлер қазір осындай бір тенденция қалыптастырып алды. Өзінің атын шығару мақсатымен қисынды-қисынсыз пікір айтып, халық арасында талас-тартыс тудырып, сенсация жасауды көксейді. Қазақты бір-біріне айдап салуға құмар. Әрине, олар бір-бірімен айтысты, тартысты. Бірақ олардың көздегені бір-ақ мақсат – ұлттық мемлекет құру еді. Осы жолда олар өз өмірлерін пида етті. Сол кездегі қазақтың арыс азаматтары  қазір бәзбіреулер айтып жүргендей бір-бірімен қас-жау емес, ауызбіршілікте болған. Олардың көксегені, көкейдегі жалғыз арман-мақсаты – қазақ халқын алға сүйреп, дербес мемлекет ету еді. Олардың таңдаған саяси бағыты ашық, айқын екеніне ешкімнің дауы жоқ. Меніңше, олар үш саяси  жол арқылы қазақты аман-есен жеке мемлекет қылуды көздеген. Ол қандай  жол деп отырған шығарсың. Әуелгісі, алашордашылардың таңдаған жолы. Екіншісі, түркілік-исламдық бағыт. Соңғысы, революция арқылы арман-мақсатқа жету. Ондағы мүдде – империяға жан-жақтан соққы беру. Ал олар ашық біріксе, түбегейлі жойылып кетудің қаупі көбірек екенін түсінген. Сондықтан, осындай үш саяси бағытты таңдап, жұмыс істеді. Бұлардың көсемі бір-ақ адам. Ол – Әлихан Бөкейханов.
Енді мына бір жайтқа зер салшы, сол аласапыран кезеңде Әлиханның Мұстафа Шоқайға бата беріп, елден қашуға кеңес бергені жөніндегі бір деректі кезіктірдім. Өйткені, Мұстафа Орта Азия елдерімен Қазақстанды біріктіріп, біртұтас Түркістан мемлекетін құруды көздеген. Анығында, ол исламдық-түркілік мемлекет құруға ниеттенгенін білеміз. Бұл кезде империя шенділері  «Мұстафа Шоқайдың көзін құрту керек» деген таза шешім шығарады. Бірақ, сол кезеңде де Әлихан Бөкейхановтарды жақтаған орыс интеллигенциясы болған. Өкінішке қарай, олардың аты-жөні бізге беймәлім. Мынаған назар аударыңызшы, бұл тағдыр дегеніңіз қалай қиысады?! Сөйткен Мұстафа Шоқай кейіннен Түркияда жүрген кезде Мағжан Жұмабаевқа хат жазады. Оларға да елден кетуге кеңес береді. Айта берсек, мұндай деректі әңгімелер көп.
Қазіргі кейбір тарихшылар мен әдебиетшілер Сәкен мен Әлиханды бір-біріне қарсы қояды. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуін» оқыған боларсың. Сол кітапта «Алаш партиясы» деген тарау бар. Осы бөлімде Сәкен бүкіл Алаш арыстарын, нақты айтқанда, Торғай облысы, Ақмола, Семей, Орал, Жетісу облысы және Бөкей ордасындағы Алаш партиясы мүшелерін аты-жөндерімен атап өтеді. Осы жөнінде ойланып көрдің бе? Сәкен алашордашыларды жамандау арқылы қазақтың осындай нағыз ұлтшыл, күрескер азаматтары болғанын әрі оларды болашақ ұрпақ білсін деп отыр емес пе? Міне, өзің айтып отырған қырқысудың, айтыс-тартыс, дау-дамайдың, жамандаудың астарында осындай үлкен мән жатыр. Осыны көбі түсінбейді. Тар шеңберде талқылайды. Менің осыған қарным ашады.
Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» атты мемуарлық кітабында «Советтік оқу» деген тарау кездеседі. Қызылжарда білім жетілдіру курсы ашылып, Мағжан Жұмабаев сол курста сабақ береді. Бұл жиырмасыншы жылдар болатын. С.Мұқанов М.Жұмабаевты жамандап жазып тұрып, бір сөзінде «Біз курстың басшысына кіріп айттық. М.Жұмабаев неге бізге сабақ береді? Ол Алашордашыл ғой» деп жазған. Осы сөзі арқылы курс директорының аузына: «Қазір М.Жұмабаевтай білімді, білікті оқытатын адамдар жоқ» деген сөз салады. Көрдіңіз бе, аузына салып, айтқызып отыр. Бұл С.Мұқановтың кемеңгерлігі. Мағжанды жамандай отырып, «М.Жұмабаевтай ақын өткен» деп біздің санамызға сіңдірді. Бұл кітап алпысыншы жылдары жазылған.Тағы бірде Сәбит Мұқанов Сәкенді, басқаларды шеттеткен дейді. Ал анығында, Сәбит ешкімді де ұстап бермеген. Соңғы кездері Сәбеңді жөн-жосықсыз қаралаушылар көбейіп кетті. Осыдан арылу керек.
Ал енді осы күні ел-жұртты адастырып жүргендер көп. Тұлғаларды бір-біріне айдап салу үрдісі жиі кездеседі. Осы арқылы ұтамыз деп ойлайды, ал шынтуайтында тарихқа қиянат жасап жатқандарын білмейді. Қарап отырсаң, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Омарұлы, Сәбит Мұқанов,Сәкен Сейфуллин Орталық Қазақстанның тумалары ғой. Осыларға әкеліп Тұрар Рысқұловтарды қарсы қояды. Негізі олардың бәрі бірігіп, ақылға салып, бір түйінге келген. Иә, олардың бір-бірінің үстінен арыз жазғаны рас, бірақ мұның бәрі келісімді түрде істелген дүние, жұмбақ жоспар. «Жау келгенде бізді, мына Алаштың басын қырқып тастаса,Түркістан тұрады. Оны жойса, қазіргі советтік жолмен келе жатқан сендер аман қаласыңдар» дегені. Көрдіңіз бе, бұл олардың ақылдылығы, көрегенділігі. Егер бірігіп, тек бір бағытта жұмыс істесе, бәрін бір мезетте жоқ қылып жіберер еді. Онда дербес мемлекет түгілі, автономиялық республика да бола алмай, Ресейдің бір губерниясы болып қалатын едік.
 Бар мақсат – қазақтың кішкентай бір бұрышын болса да болашаққа жеткізу. Айналып келгенде, жұмбақтың шешуі осы. Мінекей, Алаш ардагерлерінің құпия еңбегі осында. Мен тағы қайталап айтамын, тәуелсіздік аспаннан аяғы салбырап түскен жоқ. Бұл кешегі, әріге бармағанда, Керей мен Жәнібек, Алтын Орда хандарын айтып басымызды қатырмағанда, берісі Жоңғар шапқыншылығындағы Абылай хан бастаған батырлардың, сол шаһид болған баһадүр бабаларымыздың еңбегінің өтеуі. Одан кейін ұлт-азаттық көтерілісті бастаған Исатай мен Махамбеттің өтеуі бұл. Кешегі «қазақ хандығын құрамын» деген Кенесары мен Наурызбай бастаған бүкіл батырлардың судай аққан қанының құны. Бұл кешегі 1916 жылғы «Албан көтерілісі» аталып кеткен, сол көтерілісте шейіт кеткен Ұзақ пен Жәмеңке батырлардың еңбегі. Ақ патша уәдесін бұзып, қазақтарды соғысқа алған кезде Ұзақ батырдың «Соғысқа барып жастар өлгенше, кәрі біз өлейік» деген сөзі қалған. Сөйтіп, атқа қонып, қол бастаған. Сол кезде бұл кісінің жасы 70-80-дер шамасында. Кейін оларды қолға түсіріп, барлығын түрмеде атып жіберген. Тарихта бұл көтеріліс «Албан көтерілісі» деңгейінде қалғанымен, негізі нағыз ұлт-азаттық көтерілісі еді. Ал Аманкелді Иманов көтерілісін артынан саясиландырып жіберді. Бірақ, көтеріліс алғаш басталған кезде Әбдіғаппар хан, Аманкелді, Кейкілер бар бұл нағыз ұлт-азаттық көтерілістің ордасы болатын.
Осы жерде болған Торғай көтерілісі, Жетісу, Семей жақтағы Шұбартау көтерілісі бар, Жезқазғандағы Бағаналы көтерілісі бар, айта берсең қазақ жерінде ірілі-ұсақты бас көтерулер көп болған. Солардың ішіндегі қадау-қадаулары, тарихқа жазылып қалғандары осылар. Сол кезде Кейкі батыр «Маған қызылы да бір, ағы да бір, қазаққа бәрі де жау» деген.
Халықтың, ұлттың көкейінде алашшылардың арманы ұзақ жыл шемен болып қалды. Сол арман, сол нала 1986 жылы өзің секілді өрімдей жастарды алаңға алып шықты. Әбден асқынған шиқанның жарылған тұсы осы. Егер сол кезде Колбинның орнына басқа бір қазақты сайлағанда, бәлкім «Желтоқсан көтерілісі» болар ма еді, болмас па еді.  Орталық билік қайдағы жоқ Колбинді Қазақстанға алып келгеннен кейін қазақ жастарының бойында намысты ата-бабаларының қаны ойнап шыға келді.
Сонау 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер, іргедегі 1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісі» бұлар бір-бірімен мақсаттас, мүдделес көтерілістер. Қарап отырсақ, біз осы тарихи көтерілістерді қазіргі жастарға өз деңгейінде дәріптеп, жеткізе алмай жатырмыз. Мүмкін оның саяси мәні бар шығар, дейтұрғанмен, оның ақиқаты айтылуы, жазылуы тиіс. Ұлттың, қазақ халқының тарихы ретінде жан-жақты зерттеліп, талқыланып, өз дәрежесінде саяси бағасын алып, дәріптелуі керек. Әрі-беріден соң бұл көтерілістер қазақ халқының қанмен жазылған тарихы. Біз оған құрметпен, мақтанышпен қарауымыз керек. 
– Біз Кеңес үкіметінің боданында өткен жылдар аралығында өткенімізден алыстап қалдық деп жатамыз. Дегенмен, ол кезде тарихтың бір еншісі. Советтік заманның қилы-қилы соқпағы болды, десек те дәл осы кезеңде қазақ ұлтының екінші бір тынысы ашылғандай әсер қалдырады маған…
-Кезінде коммунистік партияның арқасында қазақ руханияты биік бір белеске көтерілгені рас. Сол кездегі біздің ақын-жазушылар кеңестік жүйені дәріптей отырып, қазақ халқының болмыс-бітімін аша білді. «Кеңес заманының  ақын-жазушылары тек советтік жарқын өмірді жырлады» дегенді қазіргі қаламгерлердің кейбірінің аузынан естіп қаламыз. Иә, олар сол кездегі идеологияны насихаттай отырып, өз шығармаларында қазақтың ұлттық дүниетанымын көрсете білді. Соның арқасында кейінгі ұрпаққа қаншама жауһар дүниелерді қалдырып кетті. Сондықтан, советтік әдебиетті «Әдебиеттің алтын ғасыры» десек артық айтпағандық.
Дербес мемлекет атанғанымызға ширек ғасырдан асты. Осы жылдар ішінде заңғар жазушымыз М.Әуезовтің «Абай жолындай» эпопея дүниеге келді ме? Болмаса, қазір Қаныш Сәтбаевтай академик бар ма арамызда? Жоқ!  Немесе, Әлкей Марғұландай ғұлама абыз ше? Ол да жоқ! Қазақ киносының негізін қалаған Шәкен Аймановтың деңгейіндегі режиссерді көрдік пе? Көрмедік. Осылардың бәрі советтік жүйеде, қылышынан қан тамып тұрған заманда қазақ халқының болмыс-бітімін ашқан жандар. Ұлттың болашағы үшін тер төккен азаматтар. Сәкен Сейфуллиннің өзі 1928 жылдан кейін таза шығармашылыққа бет бұрған. Ілияс та, Бейімбет те сол жүйені іштей жақтырмаса да,  шығармалары арқылы қазақ халқына, қазақ әдебиетіне өшпестей мұра қалдырып кетті.
Әйтсе де, қызыл империяның шекемізді қыздырмағаны белгілі. Әрине, қазақтың басынан талай зұлмат өтті ғой. Осы нәубет атаулы тарихта қанша зерттеліп, зерделеніп жазылса да, әлі де талай сырды ішіне бүгіп жатыр. Меніңше, бүгінгі заманның жас ғалымдары осы түйткілдерге азат көзқараспен, еркін ой тұрғысынан талдау-зерттеу жұмыстарын жүргізсе, біздің тарих әлі де тың дүниелермен толысады. Мәселен, қазақты қынадай қырған ашаршылық 1931 жылы басталған жоқ. Алғашқы ашаршылық 1917-1919 жылдары көрініс берді. Тарихшы-ғалымдар осы мәселені жіті зерттеуі тиіс. Одан кейінгі айтқым келетіні, 1928 жылдан бастап байлардың бүкіл малын тартып алды. Соның салдарынан 1930-1932 жылдардың ортасында қолдан жасалған кезекті аштық басталды.  Мүмкін бұл туралы тың зерттеулер бар шығар, бірақ олар да өз дәрежесінде толық насихатталып жатқан жоқ. Демек, бүгінгі ғылымның мойнында үлкен жүк, жауапкершілік жатыр. Мұның бәрі бүгінгідей ақпараттық технологияның  дамыған заманында таспаға түсуі тиіс. 1937 жылғы алапат репрессия туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Әйтсе де сол зауалды жылдар тарихы әлі де болса терең зерттеуді талап етеді. 25 мың зиялы қауым өкілін, ел басқарып отырған серкелердің басын жалмаған зұлмат жылдар – қазақ халқының шерлі қайғы-қасіреті. Қызыл империяның кезінде ең көп қырылған ұлт – украиндер, сосын қазақтар. Cонау патшалық заманда империяның түпкі мақсаты да,  коммунистік партияның советтік идеологиясы да біздің ұлан-ғайыр жерімізге иелік ету болған. Оны кейбіреулер жасырғысы келгенімен, тарих шындықтың бетін ашып береді.  
Ал, екінші дүниежүзілік соғыста (1940-1945) қазақ халқы батырлығымен көзге түсіп, жер бетінен жоғалып кетуден Құдайдың өзі сақтады. Сталин осы кезде бұл халықты құртуға болмайтынын түсінді. «Құдай-ау, өлімнен қорықпайтын мынау қандай халық?» деп фашистердің өзі таң қалып, қаймыққан. Оққа жалаңтөс қарсы шапқан біздің қазақ еді бұл. Мінекей, қазақты күйрету жүйесі осы Ұлы Отан соғысы кезінде саябырсыды. Бірақ,1953-1955 жылға дейін қазақ зиялыларын жою әлі де жалғаса берді. Ең сұмдығы соңына 5-6 адамды ерте алатын көзі ашық, көкірегі ояу, рухы биік адамдарды жаппай соттаған. Бұл не деген сөз? Бұл адамдарды басып-жаншу. Рухты жоғалту деген сөз.
Содан кейін алпысыншы жылдары жылымық орнай бастады. Дәл осы кезде біздің  әдебиетіміз де, өнеріміз де, мәдениетіміз де жанданды. Қазір қарап отырсаңыз, сол кезде қазақтың қара домбырасы мен қобызы сахнаға бірінші болып шығатын. Біз оның шет жағасын көрдік. Мысалы, әріге бармағанда беріде Манарбек Ержанов, Қали Байжанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебековтердің еңбегі еленді. Олардың соңынан Мәдениет Ешекеев, Дәнеш Рақышевтар ерді. Іле-шала Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Қажыбек Бекбосынов болып толқын-толқын келіп жатты.
Ал бүгінгі қылығымызға аздап қынжылыс бар. Қазір киелі сахнаны арзан шоу, адам тыңдамайтын ән, аты-жөнін білмейтін әнші, екі әнді жазып алып өңшең секеңдейтіндер. Басқа ештеңе жоқ. Қазір сахнаның да құты қашты, айналайын. Мен бұл жөнінде отандық БАҚ-қа бір емес, бірнеше рет жаздым. Себебі, бір кездері төрде тұрған киелі домбырамыз бен қобызымыз, сыбызғы мен саз сырнайымыз бүгінгі күні босағаға ысырылды. Ең ауыры, ертең біз бұдан да айырылып қаламыз ба деп алаңдаймын.IMG_0660-Осы жөнінде кеңірек тарқатсаңыз… Жаһандану заманында қазақылықтан алыстап, рухымызды әлсіретіп алған жоқпыз ба?
-Кейбір мәселеде есеміздің кетіп жатқаны жасырын емес. Мәселен, бір жыл бұрын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығын өз деңгейінде өткізе алмадық. Бізде өзгеге жалтақтаушылық  әлі күнге дейін басым. Алаш қозғалысының 100 жылдығы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы да өз мәнінде аталып өтпей жатыр. Жетім қыздың тойындай салғырттық бар. Жақында Семейде Әлиханға ескерткіш орнатылды. Бір қолына сақа ұстатып қойдық, бір қолын қалтасына салып бердік. Ә.Бөкейханов  ұлт көсемі болған адам, ел басқарған тұлға. Айбарын асқақтатып оның ескерткішін неге Астанаға, неге Алматыға қоймаймыз? Бізде қазір «құтылайықшы осы» деген жаман пиғыл бар. «Қой деді, қойдық», «істе дедіңдер, істедік» деген жымысқы әрекет басым. Жарайды, Семей Алаш астанасы, оған дау жоқ. Мен Семейді асқақтап тұрған қала деп есептеймін, тіпті бәріне ескерткіш қойса да, қарсы емеспін. Алайда, Орынбор, Ақмешіт, Алматы, Семей бұлар астана ретінде өз миссиясын орындаған қалалар. Енді Елордаға Әлиханның алып ескерткішін орнатсақ, кім қой деп жатыр? Сол Бөкейхановтың «Мемлекеттік мінезі болмаған ел – жетім ел» деген сөзі бар. Бұл не деген сөз? Ол жалтақтайтын, өз идеясын жүзеге асыра алмайтын елде мемлекеттік мінез болмайды деген сөз. «Білімді бол, бірақ мінезді бол» дейді тағы да сол Әлихан. Мемлекетте де мінез болуы керек. Алаш арыстарын дәріптеуді, өскелең ұрпақ санасына сіңіруді тоқтатпау керек.
            -Сіздіңше, бүгінгі Рухани жаңғыру идеясы халықтың санасының бір серпілуіне септігін тигізе ме?
-Бұл өте дұрыс идея. Оңды саясат. Тек науқаншылдыққа ұрынбаған абзал. Осы Рухани жаңғыру аясында Елбасы латын қарпіне көшуді мақсат етті. Көпшілік қауым мұны қолдап жатыр. Әрине, бұл бір күннің, бір айдың, тіпті бір жылдың шаруасы емес. Жан-жақты сүзгіден өткізіп барып қабылдаған жөн. Рухани жаңғыру қағаз жүзінде емес, нақты істе көрінуі тиіс және ол жүректің қалауымен жүзеге асуға міндетті. Сонда ғана біз қандай да бір нәтижеге қол жеткіземіз. Би-ағаның елінде Таран ауданында Алаш қозғалысының 100 жылдығының аталып өтіуі де осы Рухани жаңғырудың жемісі.
 
Сұхбаттасқан Кенже ҚОНЫСБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓