Бастысы – сапалы нәтиже

Gaysenova_RG

 
Римма ҒАЙСЕНОВА,
Қостанай қаласының құрметті азаматы.
 
 
 
 
Латын әліпбиі аяқ астынан келе қалған жаңалық емес. Олай дейтінім, бұрындары да латын қарпін ата-аналарымыз қолданды. Ел арасын аралағанымызда үлкендер жағы бұрын да осы таңбамен жазған едік, енді қайта жаңғырып жатыр деп қуаныштарын білдіріп отыр. Бұл жаңа басталған әңгіме емес, есіңізде болса 2006 жылы Қазақстан халық Ассамблеясында Елбасы бұл мәселені көтерген болатын. Одан 2012 жылы Жолдауда да латын әліпбиіне оралды. Латын әліпбиіне көшу жүйелі түрде айтылып, көтеріліп келеді. Енді Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында нақты көрсетіліп жазылды.
Дұрыс ұсыныс, мұл мәселені тек айтып қана қоймай, талқылап, қолдауымыз қажет. Елбасы бас болып, біріге отырып, талқылайық, асықпай тиімді жобасын ұсынайық деп жатыр. Мамандарды, мұғалімдерді дайындап, халықтың санасына құйып, толығымен көшу керек деп ойлаймын.
Мұның бәрі де елдің жүрегінде, ойында жүрген әңгіме. Зиялы қауым қолдауда. Болашақты, жастарды ойласақ солай етуіміз керек. Жастарға қиын емес. Неге десеңіз олар ағылшын тілін жетік меңгеріп алған. Ал бүгінгі оқушыларды жақсы үйрете білсек тез алып кетеді.
Күні кеше Елбасы мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездесіп, олар талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген жобаны ұсынғанына куә болдық. Бұл орайда да Елбасы мемлекеттік тілді реформалау рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы маңызды мәселелердің бірі екенін тағы да атап, қазақ жазуының латын қарпіне көшуі әрдайым айрықша бақылауында болатынын білдірді.  
Ал әліпбидің дұрыс әзірленуі мамандардың қолында. Қазір еліміз әлемге танымал. Бізді түсінсін десек, бұл маңызды қадам болмақ. Енді қарап отырсам латын тілі біздің тұрмысымзға әлдеқашан-ақ еніп кеткен екен. Ай сайын жалақы алатын карточкамызды қарайық, электронды поштаға назар аударайық бәрі де латын қарпімен жазылып жүр. Осылайша тұрмысымызға еніп кеткен латын әліпбиінің санамызға сіңіп кетуі де қиын болмайтын сияқты.
Әрине, түрлі пікірлер, сан түрлі ой нақты делел келтіріп айтылып, жазылып жатыр. Ол – заңдылық. Онсыз болмайды да. Ең бастысы асығыстыққа салынбай, осы жұмыстан сапалы нәтиже шығара білсек болғаны. Қаражат бөлініп, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері сараптап, зерделеп, біріге отырып жұмыс істесе бәрі ойдағыдай жүзеге асып, бізге қажетті дүниеге қол жеткіземіз деп ойлаймын.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓